Хаттың жөні бір бөлек

Осыдан екі-үш жыл бұрын «Ұланның» тұрақты оқырмандары мен жас тілшілерінен хаттар топырлап келетін. Еліміздің әр аймағынан бір-бірімізге почтамен жұмсақ ойыншық, құттықтау хаттары мен кітаптарды мереке сайын жолдап жататынбыз. Бір-бірімізді жүзбе-жүз көрмесек те, ыстық лебіздерді жеткізетін сол үшбу хаттар біздерді жақын достастырды. Арман, мақсаттарымызды бір арнаға тоғыстырды. Әр апта сайын он-он бес шақты хатқа жауап жазып, абыр-сабыр боп жүретінімді көрген бір құрбым:

-Техниканың барынша дамып, дәуірлеген заманында хат жазысу деген баяғыда қалмады ма? Қалтаңдағы ұялы телефоның не үшін керек? – десе, екіншісі:

-Көз майыңды тауысып, уақытыңды кетіргенше, телефон, электронды почтаны пайдаланбайсың ба? Бұл кейпіңмен заман көшіне ілесе алмайсың  ғой – деп ақылдарын айтатын. Кейін хаттың адамды арбап алатын сиқырлы күшінің бар екеніне көзі жеткен құрбыларым да хат алысатын жақсы достар тауып алып, менімен жарыса жазатын болды. 2007 жылы Оралдық Айжан досым жазыпты20 маусым күні біздің қоштасу кешіміз болды. Естелікке Жайық жағасында тарелке сындырдық. Мәңгілік көз алдымызда жаңғырып тұрар бұл күн. Ертең Оралға жүремін. Жол ұзақ. 250 км…

Тағы бірде: Алматыдағы ҚазҰУ-нің филологиясына балым жететін секілді. Құдай қаласа, жолым болып, түсіп жатсам, біз кездесетін күндер, біз сырласатын күндер алыс емес. Соған жеткізсін деп тілеймін.

Маған келген хаттардың бір бөлігі…

Иә,арманымыз орындалып, біріміз Батыс Қазақстаннан, біріміз Оңтүстік Қазақстаннан, біріміз Ақтөбеден, біріміз Қызылордадан, біріміз Қарағандыдан, енді біріміз Шығыс Қазақстаннан кеп Алматыға оқуға түстік. Ару қала біздердің алғашқы кездесуімізге, берік достығымызға куә болды. Бұл тамаша достық дәстүрі «Ұланда» әлі күнге жалғасып келеді. Жалғаса береді де… Ал мен уақыттың тығыздығынан ба, жете мән бермейтіндігімнен бе, бір-екі досымнан басқа ешкіммен хат алыспаймын бұл күнде. Бірақ сол ғажайып кездерді  сағынамын…

Хатты ойланып жазып, жүрегіңдегі сөзіңді  айтасың. Ал сымтетік арқылы айтылған әңгіме де, ақыл-кеңес те тез ұмытылып қалады екен. Хаттағы жазулар болса санаңнан да, жүрегіңнен де өмір бойы өшпейді. Қалаған уақытыңда қайталап оқып, мауқыңды баса аласың. Хаттың жөні бір бөлек екен ғой…

Ал сіз хат жазысасыз ба?..

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*