Тоқтардың тойы өтті

Тоқтардың тойы өтті. Сіз ұшқыш Тоқтар Әубәкіров мерейтойын өткізді немесе әнші Тоқтар Серіков шығармашалақ есеп беру кешін өткізді деп топшылап отырған боларсыз. Әрине, сіздің ұшқыр ойыңыз дөп болжағысы келді. Себебі, «той – қуаныш, Тәңірдің қазынасы» демей ме?! Яғни, кішкентай Тоқтардың сүндет тойы өтті. Десе де бұл кішкентай Тоқтар да ағалары секілді арманы асқақ. Қазірдің өзінде халқының жоғын жоқтап, күйін күйттейтін журналист болуды армандайды. Келешегінің кемелді болатынына сенеді.

Тоқтар Толешовтың сүндет тойы дүркіреп өтті

Айта кететін жәйт, жыл сайын кішкентай Тоқтардың туған күнінен 1 күн бұрын бүкіл Республикамыздың яки Қазақстанның Қарулы күштер әскери тобы шеру өткізсе, дәл туған күнінде – білім іздеген мектеп оқушылары алтын ұясымен қайта қауышады. 1 қыркүйек – Тоқтардың туған күні. Биылғы жылы бүлдіршін 6 жасқа қадам басқалы отыр. Бұл қуанышын бүкіл достары, туған-туыстары мен өнер майталмандары қуана тойлайтыны анық. Елі үшін ерекше болып табылатын, айрықша атаулы датада туылған кішкентай ғана Тоқтар Төлешов сіргелінің нағыз серісі болады деген сенім мол. Ұлы жүздің текті руынан тараған Тоқтардың бұл тойына елімізге белгілі өнер иелерінің өздері арнайы ат басын бұрып, ақ тілектері мен әсем әндерін бүлдіршіннің қуанышына арнады. Дүркіреген тойды ақ батасымен Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы — Райымқұл Темірбаев ашса, көпшілікті әсем әнімен әлдилеп, тойдың сәнін кіргізген таланты да танымал әнші Мақсат Айтжанов өнерін ортаға салды. Әрине, Тоқтардың тойының шымылдығын әнімен түрген әнші Мақсаттың әндеріне жиналған жұртшылық тәнті болды өз кезегінде.Осылайша өн бойы осылай өрбіген ерекше мерекелік шашуларды ұйымдастырған анасы Қатира Айдарова мен әкесі Қасен Төлешов перзентінен үлкен үміт күтеді. Сондықтан, ел болып тойлады тойды. Бұл орынды да. Ұлдың шаңырақтың тірегі, ел ертеңін елестететін ер болуы үшін де жауапкершілікті жастайынан сезіндіріп, ұғындырып тәрбилеу қажет дегенді шегелеп айтты әкесі Қасен. Әрине, қазақтың әрбір шаңырағын шаттыққа бөлейтін осындай тойлардың да астарында қаншама мән-мағына жатады. Анығырақ айтсақ, тереңдеп барып Ислам діні мен ұлттық салт-санамен үндеседі. Ақиқатты да астарлап жеткізетін қазекең әрбір тойдың тереңін бойлаған. Олай дейтін себебіміз, Қасен Төлешов – халықтың ұлы. Оңтүстік тұрмақ, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі той-томалаққа арнайы, құрметті шақыртумен шақыртады жұртшылық. Асабалық пен бойындағы тұнып тұрған өнерді көргенде танданбасқа лаж жоқ. Сонау замандарда қазақтың ауыз әдебиетінде аңыз болған өнер иелерінен дарыған ба дерсіз. Сол себепті болса керек, ұлы Тоқтардың да халықтың ұлы болсын деген ниетпен сүндет тойын халық болып, ел болып атап өтті. Мақсат Айтжановтың өзі «Тоқтар, мен сенің болашағыңа сенемін. Себебі, текті елдің ұлысың! Қазақтың мақтанышы бол!» деді өз сөзінде.

Ата-анасы Тоқтарды қазақи салтпен тәрбиелеуде

Қасен Төлешов, Тоқтардың әкесі: «Әрине, кенжеміз болған соң еркелететініміз бар. Десе де «баланы жастан» деген емес пе?! Сол себепті, әрдайым жақсы дүниелер айтып, жаман әрекеттен бойын аулақ ұсау қажеттігін құлағына құйып отырамын. Анда-санда шежірені айтып, қазақтың тоқсан тарау толқымалы тарихынан үзінділер оқып, білген дерек-дәйектерімізді де бөлісіп отырамын ұлыммен. Мұндағы көксегенім де – осы Тоқтарым менің емес, халқының ұлы болса игі деймін. Байқайтыным, өз қатарлылармен отырса болды, сөзі жараса қоймайды. Ал үйге келетін үлкендермен әңгімесі жарасып, мазалаған маңызды сауалдарын қойып үлгереді. Бәрінен бұрын, зеректіне қарап, ішімнен Жаратушым тіл-көзден сақта деймін. Адамдардың көңіліне қарап сөйлейді. Егер мазаң болмай отырса, қызықты әрекеттер жасап ойыңды аулайды. Жаттап алған аңыз-әңгімелерін айтып, түсінбеген жерін құрастырып алып айтады. Тапқырлығы да дөп келеді. Гүлжайнар деген әнші әпкесі бар, онымен қосыла халық әндерін шарықтата шырқауға әуес. Қарап отырсам, өнерге біртабан жақын. Енді болашағын болжай алмаймыз ғой, десе де Тоқтар – Тоқтар деген атына сай аптал азамат болады деген сенімім мол. Үйге келген үлкендер жағы «Үлкейгенде кім боласың?» десе, біз жаттатып қойғандай «Журналист боламын» деп жауап қатады. Мейлі, халқының жанын ұғынатын жан болса жетерлік мен үшін.

Тоқтардың сүндет тойына келушілердің қарасы қалың болды

Мақсат Айтжанов, өнерпаз: «Мен Тоқтардың сүндет тойы болады дегенді естігеннен қуанғанымды жасыра алмаймын. Себебі, Тоқтардың болашағынан үлкен үміт күтемін. Анасы Қатира жылдар бойы өмірін өнерге арнаған адам. Театрда жүргенде қаншама кейіпкердің рөлін шебер сомдап шыққаны әлі есімде. Қасекең де – өнер адамы, қазақтың асабалық өнерінің өрлеуіне сүбелі үлесін қосып жүргені жасырын емес. Бұл сөзімді жұртшылқ та растайды. Ендеше, өнер адамдарынан туған перзенттің жүрегі де халықа қарап соғатыны даусыз».

Ықылым заманнан-ақ қазақ халқының тектілікті ту етіп, болашағына сеп болу үшін өскелең ұрпақты халықтың өткені мен бүгінін баяндап, Алаштың аманатын табыстау барысында тәрбилейтіні бар. Бұл ата жолынан келе жатқан дәстүрлі қасиет. Сондықтан ұлттық сана мен менталитетімізді бойына сіңіріп, дәстүрді дәріптеу – қазақтың қанына сіңген борыш іспетті. Мақаламызда кішкентай Тоқтардың тойын дәріптеу арқылы көпшілікке ойтүрткі болар ой тастадық деген сенім мол. Ендеше, баланы жастайынан ұлттық тұрғыда тәрбилеп, салт-дәстүрді саф алтындай сақтауға, халқының қамын жеуге баулу елінің ертеңі үшін алаңдайтын әрбір азаматтың табиғаты. Тоқтардың жүрегі де жұртым деп соғуын тілейміз, келер күнге осылай үміт артамыз!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*