Түркиядан келген делегация ОҚО колледждерін аралады

Елімізге Түркиядан қонақтар келді. Қазақстанның техникалық және кәсіби білім беру жүйесімен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында келген арнайы делегацияның бір бөлігі Шымкентке ат басын бұрды. Дәлірек айтқанда, олар Манап Өтебаев атындағы құқық және салалық технологиялар колледжіндегі жетістіктермен танысты.

Келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды

Бауырлас түркі елінен арнайы келген қонақтарды колледж ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алды. Делегациямен танысып, білім ордаларының жеткен жетістіктері мен тарихы төңірегінде әңгіме өрбітіп, қысқа метражды фильм тамашалады. Мұндағы мақсат мақтану емес, елімізде техникалық білім беру деңгейінің жоғары екенін дәлелдеу дейді колледж ұжымы.

Мұсахан Өтегенов, колледж директорының орынбасары:»Біздің колледж еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу ордаларының бірі. Мұнда білім аламын деген жастар үшін гуманитарлық және технологиялық бағыттар бойынша білім беріледі.Өзіміздің студенттік телестудиямызда бар. Сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін басшымыз барын салып, білікті мамандар даярлап келеміз».

Бүгінгі таңда техникалық және гуманитарлық бағытта 14 мамандық бойынша білім беретін колледждің базасы облыс бойынша алдыңғы қатарлы саналады. Мұнда Британиямен келісілген 2+2 жобасы бойынша да білім беріледі. Интерактивті кабинеттер мен техникалық мамандыққа сай арнайы жабдықталған аудиторияларды аралаған түріктер, білім ордасының базасына жақсы баға берді.

Колледж ұжымы арнайы конференция өткізді

Бурчун Голдурк, делегация мүшесі:»Колледж жақсы. Жаңа технологиялар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі екен. Бір айырмамыз бар. Ол бізде тек бір сала бойынша ғана оқытамыз, ал сіздерде барлығы біріктірілген. Бұл да ұтымды шығар.»

Айта кетейік, екі ел арасындағы меморандум аясында қазақстандық 120 маман бауырлас елдің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесімен танысып келген болатын. Осы келісімнің екінші сатысы ретінде енді түріктер біздің елде тәжірибе алмасуда. Бұл мамандар техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлауда жаңа тетіктер әзірлеуге қатысады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*