Шымкенттіктерден гөрі шетелдіктер көп келетін мұражай

Шымкент қаласының «Тұрлан экспедициясы» шағынауданында орналасқан этномұражай Қарабдаловтың ғана емес, өнерлі ұлттың жетістігі болып отыр.

Мұражай

Кендебай аға отбасымен Шымкентке 1996 жылы Отырар ауданынан көшіп келген. Тиісті құжаттарын дайындап, этномұражай ашуға бел буып, білек сыбана кіріскен. 8 жылдан бері мұражай жұмыс iстеп келедi. Онда Кендебай ағаның қолынан шыққан әртүрлі бұйымдарды тамашалауға болады. Сондай-ақ Отырартөбе қалашығында, басқа да жерлерде археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан кезінде табылған ерекше жәдiгерлерді де Кендебай аға көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Қағаз жоғалып немесе сарғайып кетеді. Алтын да ерiтiлiп, өзгереді. Ал көзедегi бедерлер өшпейдi. Ешуақытта. Көнеден жеткен осы ерекшелiктi өз жұмысыма пайдаланамын» – дейді қолөнерші. Кендебай аға үйiнiң алдына саз илейтiн, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыраларды, сырнайды отқа күйдiретiн жерошақ орнатып, кешендi шеберхана да ұйымдастырған.

Мұражай іші
Мұражай іші

Яғни, мұражайға келген қонақтарға әр бұйымның, сазсырнайдың, құмыраның қалай жасалатынын көрсетіп береді. Қызығушылық танытқандарға үйретеді де. ҚР Туризм және спорт министрлiгiмен тығыз байланыста. Бiздiң өңiр Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқандықтан, 2009 жылы мұражай ЮНЕСКО бекiткен халықаралық бағыттардың бiрнеше бағдарламасына енгізіліпті. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Республика мәртебесi» атты деректi фильм түсiрiліп, бұл хабар бүкiл әлемге үш тiлде таратылған. Зер салып қарасаңыз, мұражайдың сырты жауын-шашыннан мүжiлген. Сөйтсек ескі заманның көрінісін көз алдыңызға алып келу үшін қолдан әдейі жасапты. Ғаламтор арқылы этномұражай жайлы деректерге қанығып, Америкадан, Франциядан, Жапониядан, т.б. әлемнің әр елінен ат сабылтатындар бар. Еліміздің басқа өңірлерінен де арнайы іздеп келетіндер көп. Ал бізде ше? Шымкентте 90-ға жуық мектеп бар болса, соның 5-6-ның оқушылары ғана барып, қонақ болып қайтқан көрінеді. «Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе бұл мұражайдың мүмкіндігін, қазақ этнографиясының мүмкіндігін бұдан да жоғары деңгейге көтерер едім. Бірақ өкінішке қарай, бізде этнографияға көп басшылар назар аудара бермейді. Өйткені, бәрі жоғарыдан бұйрық күтеді. Ал бұйрық бермесе істемейді. Ағаштың тамыры басында болмайды ғой. Жерде болады. Төменнен басталады. Тамыр деген сөз – тарих. Ата бабаның тарихын, дәстүрін, мәдениетін тірілтуге, мемлекет аямай қаржы бөлсе, далаға кетпейді, – дейді Кендебай аға.

Қылует

Мұражайдың ішін аралап, көп сырға қанық болған соң, қылуеттiң iшiн көруге асықтық. Ауланың ортасындағы күмбездiң есiгiнен енiп, баспалдақтармен жер астына аяңдадық. Қылуеттiң тереңдiгi – 7 метр, енi 4,5 метрді құрайды екен. 2006 жылы Кендебай аға жер астындағы ғимараттардың орынын түсінде көреді. Сосын қолына күрек алып, қылуетті қазуға кіріседі. Бар-жоғы тоғыз айда қазып шығыпты. Жерді қазу барысында «Бір құмырсқаның илеуін бұздыра көрмеші» деп Алладан дұға тілеген.Таңқаларлығы сол, бөтен нәрсе шықпапты. Қылуеттің ішіндегі алғашқы бөлме «Қыш кітаптар бөлмесі» деп аталады. Бөлмедегі пештің қабырғасы 2000-3000 градуста еріген. Яғни, жер астында салынған осындай пештер дом-на пешінің қызметін атқара алады екен. Бірақ бөлме ішіндегі ауа температурасы +35 градустан аспайтынға ұқсайды.

Қылует
Қылует

Бұдан шыққан жалын мұржа арқылы келесі бөлменің еденін жылытады. Ал от жағылмаса да қыстың аязды күндері қалыпты 2 градус жылылықты ұстап тұрады екен. Бұрын 8 градус болатын. Жер салқындай бастады-ау, — дейді Кендебай аға. Мұнда бұл бөлмеден бөлек, «Рухани тазару немесе махаббат жазығы», яки Алланың адамдарға шексiз сүйiспеншiлiгiн сезiну бөлмесi, «Қылует бөлмесi», яғни Құран оқитын орын және ағартушылық бөлме деген бөлiктерi бар. Соңғы бөлмеде имандылық иiрiмдерiн қобыздың, сазсырнайдың, қамыс сырнайдың сиқырлы үнiмен бойға сiңдiруге болады. «Ата-бабамыздың саздан бұйымдар, музыкалық аспаптар жасау дәстүрiн жалғастыруды өзiме аманат ретiнде қабылдасам, қылует қазуды адамдарды өздерiнiң ар алдындағы тазалығын сақтауға, кiсiлiк қасиеттерiнен айырылмауға тәрбие беру орны деп санадым. Қылуеттi бiр көрiп шығу арқылы Жаратушы мен Жер-ананың киелiлiгiне бас иеріңіз сөзсіз», – деген ой айтты Кендебай аға.

P. S. Тал түсте барған біз этномұражайдан қас қарая бірақ шықтық. Құлағымда қобыздың күңіренген үні, сазсырнайдың сызылған әуені, қылуетте айтылған ғибратты әңгімелері қалыпты. Шымкентте осындай бір мұражай бар. Барып көрдіңіз бе? Барыңыз. Өкінбейсіз. Рухани байып қайтасыз.

 

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*