Оксана Петерс: Қазақ тілінсіз өмірімді елестете алмаймын

– Сіз «Отырар» телеарнасына жұмысқа қабылданғанда тек қазақша сөйлейді екенсіз. Жалпы телеарнаға қалай келдіңіз? Қазақ тілін үйренуге не мәжбүрледі?

— Ештене де мәжбүрлеген жоқ. Көшенің шаңын шығарып ойнайтын құрбыларымның бәрі қазақ мектебінде білім алатын. Сосын мен де 7-сыныпқа өткен жылы көзді жұмып қазақ мектебіне ауыстым. Бастапқыда қып-қызыл шимайға толы дәптер­лерімді көрген кезде көз жасыма ерік беретінмін. Екі жылдан кейін сыныптастарыммен бірдей сөйлеп, қазақша сайрап шыға келдім. Мектепті үздік бітірдім. Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атын­дағы орта мектептің ұстаздарына алғысым шексіз.

Оксана Петерс
Оксана Петерс

Бетімді қайтармай, қазақ тілін үйренуге деген ықыласымды өшірмей, ынталандыра білгендері үшін. Кейін университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскенімде де кейбір оқытушылар орысшалап, «сіз шатысып кеттіңіз, бұл қазақ тобы» деп талай айтқан. Қазақ тілін білмесем, менің өмір жолым мүлдем басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Мектепті бітірген соң Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Балмұздақпыз. 1999 жыл болатын. Сол бірінші курста оқып жүргенімде-ақ таныс ағайым мені «Отырарға» жетелеп әкелді. Арнаның басшысы Валентина Куликова әңгімелесуден соң маған үміт артып, телеарнаға жұмысқа шақырды. Сол сәттен бастап мен үшін өмірімнің жаңа парақтары басталды десем де болады. Өзім ол кезде 1-курстың студентімін. Қазақ тілінен басқа еш нәрсе білмейтінмін. Ал телевизия саласынан мүлдем хабарсызбын. «Отырардағы» білікті журналистердің арқасында қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін журналистика атты ғажайып әлемнің ішіне ендім де кеттім. Арна басшылығы маған алдымен құттықтау бағдарламасын тапсырды. Ол үш тілде өтетін. Менің міндетім өздерінің жақындарын құттықтауға келген қонақтарды қабылдап, тілектері мен өлеңдерін эфирге дайындап шығару болды. Сол бағдарлама арқылы қосымша орыс, өзбек тілдерін жетілдіріп алдым. Сөйтіп, бірте-бірте шағын мәтін­дерден бастап, үлкен бейнефильмдерді аударумен, дыбыстаумен айна­лыстым. Қосымша денсаулық бағ­дарламасын түсіріп, жүргіздім. Сосын таңғы бағдарламалар бөліміне ауысып, көп ұзамай жаңалықтар жүргізушісі болып бекітілдім.

— Эфирге алғаш шыққан кезіңіз есіңізде болар…

— Әрине. Алғаш рет эфирге шыққан күнді қалай ұмытасың, ол мүмкін емес. Қобалжу, қорқыныш сезімдері басым болады. Бастапқыда эфирден өзіңді көріп, дауысыңды естіген кезде іштей қиналасың, ұяласың, Кейін бірте-бірте эфирден өзіңді көргенге көзің де үйренеді, дауысың да құлағына жағымдырақ естіле бастайды. «Отырар» телеарнасы журналистердің шеберханасы. Қазіргі таңда жұмысын осы арнадан бастаған қаншама журналист республикалық арналар мен газеттерде абыройлы қызмет атқарып жүр.Сол кездегі аз ғана маман «Отырарда» қалды, қалғандары жан-жақта, ол мамандарға кетуге болмайды, әйтпесе жас журналистерді кім дайындайды? Өткенге көз жүгіртсем сол жылдарда атқарған жұмыстарымызға қазір таң қаламын. Таң атқаннан түн жарымы ауғанша студияда жүретінбіз. Қандай жауапкершілікпен жұмыс істедік. Арна басшылығы алдымен кадр мәселесіне көп көңіл бөлді. Ал біздер әр бағдарламаны қызықты, сапалы етіп шығаруға тырысатынбыз. Бірінші талап қандай өнім болмасын сапалы етіп жасап, оны көрермендерге қызықты, ұғынықты етіп ұсыну болатын. Қазір де «Отырардың» өнімі республикалық телеарналармен бәсекеге түсе алады деп ойлаймын. Заманауи қондырғылармен жарақталған студияда журналистер кәсіби шыңдала алады. Сол үшін де «Отырар» Оңтүстік өңірі көрермендерінің ерекше ықыласына ие.

— Егер журналистикаға келмегенде кім болар едіңіз?

— Дәрігер болушы едім деп ойлаймын. Екі жыл қатарынан Шымкенттегі медакадемияга тапсырып, грантқа балым жетпей, іліне алмай қалғанмын. Әйтпесе кішкентайымнан ата-әжеме, туыстарым мен көршілерге ем-дом жасап жүргендіктен, жүрекке ота жасайтын дәрігер болсам деп армандайтынмын. Бірақ бұл арманым орындалмай қалды. Бұйырмаған болар, еш өкінбеймін. Телевизия – шығармашылықтың нағыз қайнаған ортасы. Жыл өткен сайын, өзіңді әрі қарай жетілдіруге тырысасың, үнемі ізденісте жүресің. Осының барлығы қызықты емес пе! Өзімді журналистикадан тапқаныма қуанамын.

— Жалпы мемлекеттік тілді меңгеру қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

— Елбасымыз «біздің халқымыз үш тілді меңгеру керек» деп шегелеп айтты ғой. Менің арманым болашақта бала­ла­рым үш тілде емін-еркін сөйлесе екен деймін. Ал отбасымызда екі тілде қатар сөйлесеміз. Өзімнің орыс тіліне қарағанда қазақшамның жақсы екенін мойындаймын. Достарымның барлығы дерлік қазақтар. Бірге басымыз қосыла қалса, ән айтқанды жақсы көреміз. Маған Абайдың қара сөздері мен өлеңдері қатты ұнайды. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген бетбұрыстарын көріп қуанамын. Ал қазақтардың орыс тілінде шүлдірлеп жүргендеріне жүрегім ауырады. Ертең сол орысша тәрбиеленген қазақ баласы ата-анасына келіп «өз ана тілімде еркін сөйлеп, еркін ойлай алмайтыныма намыстанамын. Мені неге қазақ балабақшасына беріп, қазақ мектебінде оқытпағансыңдар» десе, қазақ менталитетінен алыс ата-ана қалай жауап берер екен? Ұрпақ алдында ұятты болмас үшін қазірден бастап ойланғанымыз жөн-ау.

— Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
— Ең алдымен әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық. Барлық адамның бір-біріне деген ниеті таза болса екен деймін.

Cурет kazpravda.kz алынды

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*