ОҚО-да неке бұзушылар көбейді

Психологтар жас отбасылардың жолы екіге айырылуын мінездерінің үйлеспеуінен деп отыр. «Қазақ отбасы: кеше, бүгін, ертең» тақырыбы аясында өрбіген шарада жиын қонақтары жас жанұяның ыдырауын тоқтату жолын қарастырды. Бір қызығы – осындай актуалды басқосуға жастолқын көп жиналады деп күтілгенімен, немқұрайлылық танытты десті ұйымдастырушылар. Келгендерін де бұл проблема біз ойлағандай қызықтырмайтын секілді.

Палзада Сағымбекова азаматты неке ажырасудан сақтайды дейді
Палзада Сағымбекова азаматты неке ажырасудан сақтайды дейді

Палзада Сағымбекова, қала тұрғыны: «Менің ойымша, адам бір-бірін жетік білмей жатып заңды некеге тұрмауы керек. Тек азаматтық некеге тұрған дұрыс. Себебі, өздерін толық тануы үшін азаматтық некеде тұрып, кейін біле береді. Егер үйлесімділік тапса, онда ары қарай заңды некеге ұласа жатар. Әйтпеген жағдайда ажырасушылардың саны күн санап толығып жатыр ғой. Осы ұсынысымды қабыл алса, ешқандай проблема туындамас еді деп ойлаймын. Отбасының айрандай ұйып отыруы үшін де бұл азаматтық некенің пайдасы көп екенін айтқым келеді».
Осындай ойлар да айтылды. Ал Мэлс пен Асылзаттың шаңырақ көтергеніне бірнеше жыл болған. Жас отбасы татулықтың сыры сыйластықта деп санайды. Кез келген кемшіліктерге көзжұма қараудың да көмегі зор дейді олар.

Мэлс пен Асылзат қиындықтарды бірге жеңу керек деп есептейді
Мэлс пен Асылзат қиындықтарды бірге жеңу керек деп есептейді

Мэлс және Асылзат: «Біздің шаңырақ көтергенімізге жыл толды. Тату-тәтті бақытты өмір сүріп жатырмыз деп айта аламыз. Қазақта «Ыдыс-аяқ сылдырламайтын үй болмайды» дейді ғой. Рас анда-санда келіспеушілік туындап жатады. Бірақ мұндай болмашы қателіктерге көз жұмып, кешіріммен қараймыз. Сонда ғана өз отбасымызды сақтап қала аламыз ғо. Және біз дұрыс ойлайтынымызға сенеміз. Өйткен біз енді бөтен емеспіз, жанұямыз! Бір-бірімізге деген құрмет-сыйластық та біздің отбасының ынтымақ-бірлігін сақтап қалады».

2012 жылдың 2 айында өңірде 4312 неке қиылған. Ал биыл 5117 отбасыға толыққан. Десе де неке бұзу көрсеткіштері жөнінен Қазақстан бойынша Оңтүстік көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Мәселен, өткен жылы 2 айдың көрсеткіші 715 болса, 2013 жылы ажырасушылардың саны 790-ға артқан. Ал ағабуын бұл нәтижені жастардың махабатсыз, есеппен үйленуінен көріп отыр.

Бекқали Ахметұлы, қала тұрғыны: «Біздің кезімізде махаббат деген, сезім деген болушы еді. Қанша жерден ұрысып тұрсаң да артынша бас иіп, татуласатын едік. Бұның барлығы сезім арқылы жүзеге асатын. Ал қазір ше?! Барлығы керісінше, бір-бірін жақсы көрмей жатып, дүние-мүлік үшін үйленеді де, артынша жараспай, ұрыс-жанжалға жол береді. Ажырасу деген осыдан пайда болады. Есеппен байлық үшін шаңырақ көтерудің нәтижесі осындай болады ғой. Сол үшін тәрбие мен сезімді жоғары қойып, отбасының негізін қалау керек дер едім».

Сәтсіз некенің орын алуына материалдық жағдай да себеп болады десті жиылғандар. Ал кей замандастарымыз өз есептерімен үйленгенін жасырмады.

Берік Жалғасов, жас кәсіпкер: «Ия, мойындаймын, мен есеппен үйлендім. Есеп болғанда материалдық емес әрине. Өз есебіммен, ата-анамды осы ару сыйлайды -ау деп. Болашақ балаларымның анасы болуға лайықты жан осы болар деген оймен. Сондықтан мен өзім адал жарыма осындай есеппен үйлендім. Мұндай маңызды есеп те тату отбасын құруда маңызы зор деген ойдамын».
Алғашында ток-шоу кейпімен өтеді деп жоспарланған шара қалыбы кәдімгі жаттанды жиынға айналды. Белсенділікті байқамадық. Ал өңірде неке бұзушылар саны күн санап артып жатыр. Сондықтан, «Отбасы – кіші мемлекет» екенін естен шағрмағанымыз жөн.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*