Мектеп оқушылары Ұлы жеңіс күнін тойлады

9-мамыр – Жеңіс күні. Биыл Ұлы жеңіске 68 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай Республикамыздың жер-жерінде маңызы мол іс-шаралар өтуде.

Қаламыздағы №41 мектепте де ҰОС ардагерлерімен кездесу өтті. Арнайы шара аясында оқушылар сұрапыл сұм соғыс жылдарынан көрініс қойды. Зар жылап елде қалған ана мен қан майданға аттанған перзент. Жауынгерлердің жұбайлары. Балалары. Бұл аз дегендей, «шаш ал десе, бас алатын» заманның адамдары. Дәл осы образдың барлығы да «Майдан хаттарынан» қойылымында ұсынылды. Мектеп оқушылары көз алмай тамашалап, ата-апаларының бастан өткерген қиындықтарына куә болғандай әсер алды. Қойылымның оқиға желісі бойынша, Сағыныштың әкесі соғыста жау қолына тұтқынға түседі. Елде жүрген Сағыныш пен оның анасына бұл суыт хабар жеткен кезде, оны билік басындағылар елден көшірмек болады. Қаперсізде жауға ұсталған жауынгерді «халық жауы», «сатқын» деп жазықсыз жала жабады. Салдарынан тылда еңбек етіп жүрген жақындары да жапа шегеді. Ал осы көріністе жауынгердің адал жарының рөлі мектеп оқушысы Мөлдір Мамырбайға берілген. Шәкірт ананың табиғатын таныту, оның көрген қиындығын көпшілікке жеткізу қиын болғанын жасырмады.

Мөлдір
Мөлдір Мамырбай бақытты ұрпақпын дейді

Мөлдір Мамырбай, №41 мектептің оқушысы: «Мен ойымдағыдай ойнап шықтым бұл рөлді деген ойдамын, әрине. Алайда образға ену өте қиын болды мен үшін. Жарымның тұтқынға түсуі, баламның көз жасы. Одан қалса елден қудалауы. Барлығын сол бір қилы заманда мойныма асып қоюы ауыыыыр дер едім. Осындай қиындықтарды төзе білген қайран аналарым-ай деймін. Ия, біз бақытты ұрпақпыз! Осындай көз жас, қан төгіспен бізге жеңісті сыйлап отыр. Сол үшін бұл жеңістің қадірін білуіміз керек! Мен ҰОС ардагерлеріне мың да бір алғысымды білдіремін».

Әсерлі көріністен бөлек, мектеп оқушылары патриоттық ән орындады. Ақындардың Ұлы Жеңіске арнаған жыр жолдарын да нақышына келтіре оқыды. Ал ұстаздар қауымы шәкірттеріне дән риза. Ел ертеңін елестететін оқушылардың құрметі жарасып-ақ тұр.

Талғат Арман, №41 мектептің оқушысы: «Мен қазір Жеңіс туралы өлең оқыдым. Ия, бізге жеңіс оңай келген жоқ. Ата-апаларымыз қан майданда қан төкті, бар қиындықты көрді ғой. Сондықтан бұл батырлар жеңісі бізге арналған. Ешқашан ұмытпаймыз! Аманатты жалғастырамыз!»

Шалқарова Жансая, №41 мектептің оқушысы: «Менің жасым 7-де. Сонда да мен ерлік дегеннің, жеңіс туы дегенді жақсы түсінемін. Біз үшін, тәуелсіздік үшін соғысқан батырларды құрметтеймін! Қазір ғана «Мәншүк» деген өлеңді оқыдым. Көз алдыма апамның жау алдында қорықпай соғысқаны елестеді. Болашақта мен де еліме адал қызмет етемін».

«Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деп ұрандаған олар жеңіс күнін – тәуелсіздікті сыйлғанан батыр ата-апаларына құрмет көрсетуді жалғастырып жүр. Ең бастысы, жастолқын Жеңіс күнін тойлауды батыр ерлігіне тағзым етуден бастауды ұмыт қалдырмады.

One Comment

  1. Ех-х, тілші қарындас…Осы іс-шараның ең басты «кінәлілері» 102-атқыштар дивизиясы туралы бір-екі ауыз сөз қоса салуға болар еді-ау….

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*