Кешегі жас тілші – бүгінгі журналист

Өзіңнен алдыңғы буынды үлгі тұтып өсуің – заңдылық. Біз де «Ұланның» алғашқы оқырманы болған күннен бастап, мақалалары апта сайын жарияланатын жас тілшілерге қызыға қарайтынбыз. Соларға қарап үлгі алдық. Солардың жазған-сызғандарына қарап, ақ парақ бетін шимайладық. Кейін, оқуға түскесін, сол аға-әпкелердің біразымен жүзбе-жүз танысып, кездесуге мүмкіндік туды. «Ұланның» 2002-2005 жылдар аралығындағы белсенді жас тілшілерінің көпшілігі бүгінде журналистика саласында тер төгіп келеді. Қандай басылымда істесе де, балалық шақтың куәгері болған «Ұланның» орны бөлек екенін мақтанышпен жеткізеді.

Арай ЖундибаеваАрай Жүндібаева, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ph Dбөлімінің 2-курс докторанты:

– Көзім ашылғаннан көрген газетім – «Ұлан». Мен үйдің ең кенжесімін. Өзімнен үлкен аға-әпкелерім мені баласынып, бұл басылымды қолыма бере  бермейтін.  Қашан үлкейіп, хат танып, өзім оқи алғанша,  сөреде ұқыпталып, жиналып тұратын газеттерді көру мен үшін үлкен арман еді. Себебі, қолдары босаған сәтте, соның біреуін алып,  небір қызықты  әңгіме-өлеңдерді сол газеттен алып, оқып, жаттататын маған үйдегі үлкендер. Кейін мектеп оқушысы атанғанда анам жыл сайын осы басылымды маған жаздырып алғызатын болды. Сөйтсем, бұл басылымның тарихы біздің отбасында әріден басталады екен. Сонау елуінші жылдардағы номерлеріне дейін анам ұқыптап жинап отыратын. Басқа газеттердің  сандары жоғалып (кейде жыртылып) жатса да, бұл газет әрбір санымен түптеліп отыратын. Кейін өзім де аға-әпкелерім сияқты жаза бастадым. Олардың да әңгіме-өлеңдері («Қазақстан пионері» кезінде) үнемі газетке жарияланып тұрады екен… Сөйтіп, бір күні газетті қарасам, «Мектеп – білім бақшасы» атты өлеңім бірінші бетіне жарияланыпты. Қатты қуандым. Ал, келесі санында сол кездегі Бас редактор Сұлтан аға Қалиұлының осы өлеңді және өзге жіберген  мақалаларым туралы өзінің жеке талдау пікірі менің суретіммен жарық көрді. Ағай мен туралы, менің жазғандарым туралы өте жылы пікір білдіргендіктен болар, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Сөйтіп, мен «Ұланның» жас тілшісі болдым. Ары қарайғы жоғары сынып кезіндегі және студент кездегі жылдарым «Ұланмен» тығыз байланыста өткенін өзім де аңдамай қалдым.  Көп достар таптым. Арада қанша жыл өтсе де, достық ықыласымыз берік сақталып келеді.

Аслан Мұратов, журналист:

Аслан Муратов«Ұлан» газетімен менің достығым 8-сыныпта оқып жүргенде басталды. Сыныптасым әрі досым, сол кездегі «жас тілші» Рауан Сәбитұлына еліктесем, сол секілді мен де тілші куәлігін алсам деген ой мені де алға жетеледі. Сол арман мені қолыма қалам ұстатқызып, мақала, әңгіме, өлеңдер жазуға итермеледі. «Ұлан» маған терең ойлауды, сауатты жазуды, шешен сөйлеуді үйретті. «Ұлан» арқылы мен бала шақтан болашаққа аттаған қадамымда да қолымнан қаламым түскен емес. Соның нәтижесі шығар, студент шағымда қатарымның алды болдым, оқу бітіріп, қызметке кіріскен кезімде де қызметтестерімнің арасында біркелкі сауатты хаттар жазу, келіссөздер жүргізу, логикалық қарым-қабілетімнің артуына септігін тигізді. Менің «ұландық» тілшілермен, оқырмандардың  республика бойынша көбімен хат-хабарым мол болды. Тіпті, бір хатты алып, оған жауап жазып жатсам, екіншісі келіп тұрған кездер де болды. Әйткенмен, іштерінде есімде қалғаны және ерекше жатталғаны алматылық Әсем Бөлекова деген «жас тілші» қыз болды. Әсеммен мектеп бітіргенше хат алыстық. Кейін мен Астанаға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не оқуға түсіп, астаналық студент шағымда кездестім онымен. Оның өзі бір хикая. Қазақ тілі және әдебиеті группасында (КАО) оқитын студенттердің тізімін қарап тұрып Әсемнің фамилиясын көргенімде толқып кеткенім сонша, жанымдағы Рауаннан сүйінші де сұраппын. Сосын біртіндеп КАО-ның  қыздарын сырттай барлауға кірістік. Солайша бір күні барлық ерік-жігерімді бір шүберекке түйіп, аяңдап барып Әсеммен көзбе-көз таныстым. Артынан шынымен де студенттік достар болып кеттік. Оның да группаластарымен аралас-құраласымыз көбейді. Сол жылы Әсемнің 20 жасына жанымдағы достарымды ертіп барғаным есімде. Айтқандай, бұл кездесу туралы «Ұланда» менің «Әсем шынында әсем екен» атты мақалам да жарық көрді сол жылы (шамамен 2003  жылы болуы тиіс).

Назерке САНИЯЗОВА,   «Халық» газетінің журналисі:

Назерке Саниязова– «Ұланның» жас тілшісі атанған сәтті қалай ұмытайын?! Бұл 1996 жыл болатын. Ол кезде 4-сыныпта оқимын. Жазуды әкемнен үйрендім. Журналистика саласына мойын бұруыма сол кісі бірден-бір себепші болды. Өзімше жазған шимай-шатпағымды жинап салып жүретін қызыл папкам бар болатын (әлі күнге дейін сол сақтаулы, ауылға барғанда көрген сайын балалық шағым есіме түседі). Ең алғашқы тырнақалды туындыма «Сырғанақ төбе» деп ат қойдым. Көрші балалардың қыста сырғанақ төбе жасап алып, ойынның қызығына түсетіні жайлы. Оны әкеме өңдетіп, таза қағазға қайта көшіріп, редакцияның мекен-жайына жолдадым. Көп ұзамай ол газет бетінде жарық көрді. Менің жазуға құштарлығым осылай біртіндеп арта берді. Тағы бір-екі мақалаларым жарияланған соң «Ұланның» жас тілшісі атанып шыға келдім. Бұлай тез болады деп, шыны керек, күткенім жоқ. Ол кезде жариялауға келмейтін материалдарымыз болса, қай жерден кемшілік жібергенімізді, болашақта бұдан да жақсы жазып кететінімізге сенім білдіріп, хат жіберетін. Бұл кез келген адамның талабын шыңдайтын, қаламын ұштайтын. «Ұланның» арқасында талай дос таптым, әртүрлі облыстық және республикалық фестивальдерге қатысып, өзім жазуына қызығатын редакциядағы аға-апайларыммен жақын таныстым. Мектеп бітіргенге дейін «Ұланнан» қол үзбедім.

 

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*