Көбелек өсіріп те табыс табуға болады

Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылының тұрғыны Тамара Қахарбек үйінде Габробракон атты ауыл шаруашылығына пайдалы көбелек түрін өсіреді. Габробракон

Габробракон көбелегі

көсекті көктей солдырып, мақтаның жауы саналатын құрт-құмырсқалар мен күйе көбелектерін теріп жейді.

Тамара Қахарбек бұл кәсіппен айналысуға «Қазақ мақта» атты компанияда қызмет істеп жүргенінде шешім қабылдағанын айтады.

«Бұл істің бүге-шүгесіне дейін білемін ғой, неге өзім жеке айналысып көрмеске деген ой келді. Сөйтіп тәуекелге бел будым. Ташкентке барып, осы салада мол тәжірибесі бар білікті мамандардан ақыл-кеңес алдым. Қайтар кезде 40 мың теңгеге бір ыдыс көбелектің балаңқұрттарын сатып әкелдім», дейді ол.

Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары мақта енді көсек тастап, шанаққа отырар алдында күйе көбелектен зардап шегіп жатады. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, зиянкес мақта түйініне өз жұмыртқасын салады да, одан пайда болған құрт түйіндерді жеп қояды, кесірінен әлі пісіп жетілмеген қауашақ солып қалады.

Тамара Қахарбектың пікірінше, күйе көбелектеріне химикат шашып күрескенше Габробракон көбелегімен тойтарыс жасаған әлдеқайда тиімді. Ол залалданған мақта түйіндерін иісі арқылы тауып, ондағы зиянкестің құртына өз жұмыртқасын қалдырып кетеді екен. Осылайша зиякестің көзі жойылады.

«Біз алқапқа 70 тұқым шашсақ, кейіннен олар 120-ға дейін көбейеді. Аналығына қарағанда аталығын сәл аздау етіп ұшырамыз. Өйткені ол іштен әбден тойып шығады да, 3 күннен кейін өліп қалады. Содан кейін біз екінші мәрте тағы да ұшырамыз», дейді Тамара апай.

Оның айтуынша, көбелектерді күтіп-баптаудың да өзіндік қыр-сыры мен қиындығы бар. Балаңқұрттар тағамға келгенде өте талғампаз. Оларды қоректендіру үшін күн сайын жүгерінің ұнына 3 литр сүт, 200 грам май, 2 кг. құмшекер қосып тамақ дайындалады. 1 сағ. 20 минут қазанда қайнаған 10 кг тамақ олардың бір күндік қорегі. Сондай-ақ жүгерінің ұны мен бал арасының ұясы да көбелек үшін ең құнарлы тамақтардың бірі. Ал Габробракон тек қана таза бал жейді.

«Өз уақтысында тамақ бермей немесе көңіл бөлмей қойсаң сол заматта-ақ өліп қалады. Габробракондардың тағы бір ерекшелігі тазалықты сүйетіндігі. Олар тіршілік ететін бөлмеге иіссу сеуіп кіруге болмайды. Сонымен қатар бөлмені 32-35 градус температурада қалыпты ұстап тұру үшін күндіз-түні жылытқыш пешті қосып қоямыз», дейді Тамара Қахарбек.

Маман әр ыдысқа салынған 15 балаңқұрттың 10-15 күннен кейін көбелекке айналатынын, осылайша екі айдың көлемінде аналығын 2 мыңға жеткізіп, мақта алқаптарына жіберетіндіктерін жеткізді.

Көбелек тек мақта алқаптары ғана емес, пияз, қауын, жүгері, қызанақ пен алма шаруашылығында да зиянкестерге қарсы күресте үлкен пайда әкеледі екен.

 

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*