Екінші мамандық: сұраныс па, сән бе?

Заман өзгерген сайын, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. Кеше заңгер мамандығын жұртпен таласа оқығандардың басым бөлігі жұмыссыз отыр, бүгінгі күні. Басы істегендері, екінші мамандық алып, көшке ілесті. Әрбір төртінші қазақстандықтың дипломы төрдегі көк сандықта жатыр. Жарымсыз болып. Неге?

Баласының қабілеті жетсін-жетпесін заңгер немесе экономист мамандығын меңгертті ата-анасы. Парызын орындап, жоғары білім әперді. Бала аманатын ақтай алмады, алайда. Кәсіптік білім алған көршінің баласы, техникалық салада қызмет етіп, отбасын бағып жүр. Ал шенді әрі ақшасы көп деп таңдалған мамандықтар сенімді ақтамады, сазға отырғызды. Содан болар, бүгінгі таңда екінші мамандық алып жатқандар өте көп. Мамандық таңдау мәселесіне келгенде, бітіруші түлектер білім грантының санына қарайды. Бастысы студент атанып, грантта оқу болғандықтан, оны ертеңгі күні ойландырмайды. Мамандардың айтуынша, күні кеше екі баланың бірі мұнайшы болуды армандапты. Мұнай бағасының ауыспалылығы мұнайшылар басына қонған бақтың мәңгілік еместігін көрсеткен соң, ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс артыпты. Қарапайым халықтың арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша, шымкенттіктердің үштен бірінің екінші мамандығы бар. Заманның талабы солай дейді көпшілік.

Біздің кейіпкеріміз Гүлнұр Сатпаева қаламы қарамды, ойы ұшқыр журналист. Қаламыздағы қоғамдық газеттердің бірінде еңбек етеді. Ал мамандығы -филолог. Яғни, қазақ тілі пәнінің мұғалімі. «Армансыз адам болмайды. Бала кезімнен бастап, журналист болуды армандадым. Өсе келе, оның жауапты мамандық екенін сезіндім. Содан барып, филология мен журналистиканың арасының жақын екенін сезініп, жоғары оқу орнын тәмамдап шықтым. Бірақ мұғалім боламын деген ой мүлде болмады. Қазір журналистика саласының сорпасында қайнап жатырмын. Білесіз бе, журналист мамандығы-барлық мамандықтардың жиынтығы. Сол себепті де күнде оқып, білімімді арттырғым келеді. Соңғы уақытта экономика саласының жілігін шағып тұрып, жазатын тілші болуды жоспарлап жүрмін. Сол себепті де биыл экономист мамандығын меңгеруді жөн көріп отырмын»-дейді жас маман.

Гүлнұр Сатбаева

Гүлнұр Сатпаева, жас маман: «Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Қос-қос мамандықты игері артықшылық етпейді. Қанша оқысаң, сонша өмір сүресің. Көзің ашылады».

Бүгіндері «ақшасы көп, атынан ат үркетіндей» мамандықты таңдау өзіндік сәнге айналып барады. Содан болар, әлемде ең таңдаулы һәм табысы мол мамандықтардың тізбегі сараланып, жыл сайын өзгеріп отырады. Қос мамандықты игеріп, журналистиканың жолында енді ғана еңбек ете бастаған Гүлнұрдың ендігі арманы экономика саласын бағындыру.

Ал біздің түйгеніміз, жастарға «модный» емес, өзінің жаны сүйетін маман­дық­ты таңдауға мүмкіндік беру. Жастар әдетте, жоғары білім алуға ұмтылып келді. Соның нәтижесінде қазір жоғары оқу орындары жыл сайын 150 мыңнан астам маман дайындап шығарады. Олардың алдынан өте қиын міндет — жұмыс табу мәселесі шыға келеді. Еңбек нарығында оларға өз орнын табу қиын. Тіпті оқу бітірген түлектің өзі күткен мамандық бойынша емес, әйтеуір бір жұмыс табуға зар болып қалады, өйткені ең «сәнді» деген заңгер, экономист, қаржыгер сияқты мамандықтар бойынша еңбек нарығы шектен тыс «қызып» кетті.Сөйте тұра, өкінішке қарай, елде орта буын мамандары тым жеткіліксіз.

Егер біз Қазақстанның индустриалдық-инновациялық міндеттерін сәтті орындағымыз келсе, бұл жағдайды түбінде бір түбегейлі етіп өзгерту қажет. Қазір Елбасы қолдаған техникалық және кәсіптік білімнің жаңа моделін жүзеге асыруға, білім министрі кірісіп кетті. Еліміздегі бас мұғалімнің айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен техникалық және кәсіптік білімді дамыту жөніндегі Ұлттық Кеңес құрылып, Салалық және Аймақтық кеңестер өз жұмысын бастаған. Олардың міндеті — еңбек нарығының мамандарға қатысты нақты сұраныстары мен болашақтағы зәруліктерін анықтап, заманауи стандарттар әзірлеу, техникалық және кәсіпқой білімнің бизнеспен, халықпен, жергілікті басқару органдарымен арадағы өзара байланыстарын қамтамасыз етіп отыру болып табылады.

Еліміз жастарға қолдау көрсетіп-ақ келеді. Жол сілтеуден де жалыққан емес. Мейлі, екі мамандық ал, мейлі үшеу болсын, лайым өзіңе қызмет етсе болғаны. Алайда, бір мамандықты игеріп, білікті болғанға не жетсін?
Бұл біздің түйгеніміз. Ал сіздің ойыңыз қандай, оқырман?

Біле жүріңіз: Қазақстанда жоғары білім орта білім негізінде алынады. Жоғары оқу орындарының бірнеше түрі бар: университет, академия, институт және оларға теңестірілген оқу орындары, атап айтсақ: консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище. Жоғары оқу орнына түсу үшін мектеп түлектері қорытынды емтихан және ұлттық бірыңғай тест түрінде түсу емтиханын тапсырады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бакалавр (4 жыл), маман (5 жыл) немесе магистр (6 жыл) дәрежесі беріледі.

Ал екінші жоғары білім алу Қазақстанда жеделдетілген оқу мерзімімен тек қана ақылы негізде жүргізіледі, оқу мерзімі 2-3 жыл. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 4 оқу түрі қарастырылған: күндізгі,кешкі, сырттай, дистанциялық.

Күндізгі оқу бөлімі (дипломда күндізгі оқу бөлімі көрсетіледі) – сабақтар аптасына алты рет өткізіледі. Сессия жылына екі рет: жазғы, қысқы. Демалыс шілде, тамыз айлары. Студенттерге оқу мерзімінде әскер қатарынан босатылады.

Кешкі оқу бөлімі немесе ұзартылған күн тобы (дипломда кешкі оқу бөлімі көрсетіледі) – сабақтар жексенбі күндері өткізіледі. Аралық аттестация – сынақ және емтихан түрінде. Ұзартылған күн тобы дегеніміз оқуды жұмыстан босатылмай жалғастыру және оқу бағдарламалары мен Сіз таңдап алған оқудан тыс шаралардың барынша ыңғайлы үйлесімділігі.

Сырттай оқу бөлімі (дипломда сырттай оқу бөлімі көрсетіледі). Сырттай оқу бөлімінде оқу өз бетінше оқуды және институтқа жаңа білім алу және зачет пен емтихандарды тапсыру үшін жылына тек 2 рет ұзақтығы 20-30 күнтізбелік күн баруды білдіреді.

Дистанциялық технологияларды қолдана отырып сырттай оқу бөлімі (дипломда сырттай оқу бөлімі көрсетіледі) – бұл Интернет арқылы дистанциялық білім алу. Дистанциялық кәсіптік білім жеке график бойынша жүргізіліп, жылына 365 күн, тәулігіне 24 сағат қол жетімді болады.

Білім алу мәселесіне қатысты тағы бір маңызды сұрақ – ол оқуды қаржыландыру. Бұл ретте бірнеше қаржы көздерін атап көрсетуге болады. Ең біріншісі мемлекет есебінен – мемлекеттік білім гранты, жоғары оқу орнының өз гранты, орталық және жергілікті атқарушы органдардың гранттары мен стипендиялары. Мемлекеттік емес қаржы көздері – атаулы стипендяилар, халықаралық ұйымдардың гранттары, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың жеке гранттары, түрлі қорлардың демеушілік көмегі. Сондай-ақ, жеке қаржы есебінен – өз қаржысы, банк несиесі.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*