Бауыр қымбат бәрінен…

Ата-анаңыз бен бауырларыңыз аман болсын!
Ата-анаңыз бен бауырларыңыз аман болсын!

Кеше театрға бардық. Сәл кешігіп. Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» басталып кетіпті. Қойылымның жай-жапсары мынадай. Күйеуінен ерте көз жазып қалған ана 2 ұл, 2 қызын қатарынан кем қылмай өсіреді. Бар мейірім-жылуын аямайды. Оқытады, шоқытады. Әрқайсысына бір-бір диплом әпереді. Бір өкініштісі Мақсат деген кенже баласы кішкентай кезінде алма ағашынан құлап, екі аяғы істемей қалған екен. Жылдар жылжып өтеді. Екі қызы тұрмысқа шығып, үлкен ұлының қызметі жоғарылап қарашаңыраққа бас сұғуды сиретеді. Айлап, жылдап бір төбе көрсетіп кететіндері болмаса анасы мен мүгедек Мақсаттың жай-күйлері алаңдатпайды. Анасының 60 жасқа толған туған күнінде Мақсат сол баяғы бала кездеріндей барлығы бас қосып, арқа-жарқа әңгіме қозғау үшін бауырларына телеграмма жолдап ауылға шақырады. Бауырлары алыстан ат арылтып келуін келеді ғой. Бірақ… Абзал аналарының туған күнінде, дастарқан басында тілек айтудың орнына бір-біріне деген өкпе-реніштерін ақтарады… Екі қызы үй купонына таласады… Отбасындағы өзара шешетін кикілжіңдерді де күйеубаласы жайып салады… Ұрыс-керіс… Кішкентай кездеріндегі татулықтан, мейірімділіктен жұрнақ та қалмағандай… Түрлі ойға шомып отырғаныңызда, қойылымның соңында бауырлар қателіктерін түсініп, мойындап, бір-бірлерінен, аяулы анасынан кешірім сұраумен аяқталады. УФ деп деміңізді аласыз…

Жалпы бұл қойылымда қоғамдағы жүрек сыздатар көп жайды қозғай білген. Мойындайықшы. Күйбең тіршіліктің соңында кетіп, бір әке, бір анадан тараса да анда-санда бір-бірлерінің үйлеріне әзер бас сұғатын бауырлар көп қой. Жылы шырайлылық пен шын жанашырлықты да жоғалтып алғандар да көп. Арнайы мерекелерде немесе атаулы күндерде ғана болмаса, былайша бір дастарқан басында төрт көздері түгел жинала алмайтын, жиналуды құнттамайтын да бауырлар көп.

Жан-жағыңызға қарауға мұрша бермейтін тынымсыз тірліктің көшіне ілесем деп жүріп, бауырларыңыздан тым алыстап кеткен жоқсыз ба? Алыстап кетсеңіз осы қойылымнан кейін жүрек түкпірінде бір сезімнің оянары анық. Театр әртістерінің шеберлігіне көңіліңіз толмауы мүмкін… Театр көрермендерінің де мәдениетсіздігіне де қынжылуыңыз кәдік… Сонда да осы қойылымға барыңызшы. Бауырларыңызбен бірге. «Бір түп алма ағашынан» кейін бірге туған бауырлар бір түбірден өскен бір ағаштың бұтақтары тәрізді көрініп кетті маған.. Мен де театрдан шыққаннан кейін айналамдағы адамдарға өзімнің қателіктерімді мойындап, жақсы көретінімді жеткізгім келді. Бауырмал болайықшы деп айтқым келді…

Бауыр демекші, мен үйдің жалғыз еркесімін. Төрт-бес жасымда «маған бөпе керек, әкеліп берші» деп анамның мазасын жиі алатынмын. Кіршіксіз көңілімді анам да қайтарғысы келмейтін болуы керек «көп ақша жинайық, сосын базарға барып сатып аламыз» деп алдаусырататын. Мектеп табалдырығын аттағанға дейін «үйдегілердің бөпе сатып алуға ақшалары жетпей жатқан болуы керек» деген бала қиялмен өмір сүрдім. Сөйтсем, бөпені базардан сатып алмайды екен ғой. Мен сол күні, «өзгелер секілді менің неге бауырларым жоқ?» — деген көкейімді үнемі мазалап жүрген сауалға жауап тапқан күні, ешкімнің жұбатқандарына көнбей, жер тепкілеп жылағаным есімде. Кейде бауырларының бағасын білмей, қадіріне жете алмай жүрген жандарды көргенде жылағым келетіні де сондықтан.

Қанша жаман болса да жаныңыздағы бауырларыңызға бір ауыз жылы сөз айтып, жандарын жадыратып жүргенге не жетсін! Мейірімімізді арзандатып алмайықшы…

cурет: http://massaget.kz/

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*