Алматылық студенттер қымыз қосылған сабын шығарды

Сабын
Сабын. Сурет интернеттен алынды

Қазақтың ұлттық сусыны саналатын қымызбен жуынуға да болады екен. Алматылық бір топ студент бие сүті қосылған сабын ойлап тапты. Ол — адам терісін жасартып, ағартатын көрінеді. Ал, ең бастысы — тек табиғи өнімдерден дайындалған. Қымыз қосылған сабын жасауды Қазақ ұлттық университетінің бір топ студенті ойлап тапқан. Олар алдымен оқулықтарды ақтарып, бие сүтінің құрамын зерттеп көріпті. Яғни ағзаға пайдалы сусынның теріге қалай әсер ететінін анықтаған. Содан кейін ғана тиісті талаптарды сақтай отырып, алғашқы сабынды қайнатып көрген.

Үшінші курс студенттері ойлап тапқан бұл сабын құрамының 30 пайызы кәдімгі қымыздан тұрады. «Сондықтан ол адам терісіне өте пайдалы»,- дейді өнертапқыштар. Айта өтейік, ерекше экологиялық таза өнім кішкентай ғана зертханада дайындалды екен. Оны жасауға жиырма шақты студент атсалысқан. Олар сабын қайнату үшін ұлттық сусыннан бөлек тұз бен түрлі өсімдік майын пайдаланыпты. Сондықтан тек табиғи өнімдерден дайындалған сабын, теріні жасартуға, ағартуа көмектеседі екен. Жас ғалымдар мұнымен шектелмек емес. Олар сабын қайнатуда бие сүтінен бөлек басқа да өнімдерді сынақтан өткізген. Нәтижесінде бал, лимон, кофе, түрлі өсімдік майы қосылған барлығы 30 түрлі сабын дайындалыпты. Осының бәрін іс жүзінде жүзеге асыру үшін факультет ұстаздары қалталарынан қаржы шығарып қолдау көрсеткен екен.

Гауһар Демеубаева, жас өнертапқыш:»Бұл таза табиғи өнім. БИО деп айтамыз. Бұл сабынның құрамында басқа химикаттар, химикалық элементтер жоқ. Осы сабында 30 пайыздан аз емес болуы керек қымыздың пайызы. Және қымыз көп болса, оның пайдасы да көп».

Студенттер қолынан шыққан бір сабынның құны шамамен 500 теңге көлемінде. Бірақ оны көптеп шығаруға жастардың қаржысы жеткіліксіз. Сондықтан олар ашқан жаңалығын жас ғалымдар байқауына қатыстырып көрмек.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*