«Өнер қырандарының» жігіттері болашақта театр ашуы мүмкін

Оңтүстік шаһарымызда алғаш рет өткізіліп жатқан «Әзіл әлемдері» күлкі фестиваліне қонаққа келген әзілкештердің ішінде «Өнер қырандары» көңілді тапқырлар клубының жігіттерімен жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті.

Жас та болса, көрерменнің көңілінен шығып, сүйікті ойыншыларына айналып үлгерген КТК-лықтардың ішіндегі Мадияр Серікбаев пен Құдірет Топаевпен алдағы жоспарларымен бөлістік.

Мадияр Серікбаев пен Құдірет Топаев

— Мұндай көптеген елдердің басын қосқан әзіл сайысы сіздерге не береді?

— Ия, Шымкентте алғаш рет үлкен көлемде, бірнеше елден келетін сықақшылар мен әзілкештер арасында фестиваль ұйымдастырылды. Бұл бір жаңа әрі тың шара. Барлығымыз үшін тәжірибе алмасу болады деген ойдамын. Үйренетініміз, көретініміз, түйетініміз көп.

— Сендер әсіресе  өз елімізде әншілеріміздің образына пародия жасайсыңдар. Солардың ішінде ренжіп жүргендері жоқ па?

— Өкпелеген сәті болған жоқ. Бірақ Құдайберген Бекіш ағамыздың бір тойда образын салғанымда, өзі келіп, тағатын брошкісін әкеліп берген. Сен мұнсыз нағыз Құдайбергеннің кейпін келтіре алмайсың деп, әзілдескені бар. Ал бір қойылымда әнші Айжан Нұрмағанбетова менің қатысуымсыз, маған пародия жасапсыңдар деп, кейігені бар. Ал тікелей жұмысымызда ешкім кінә артқан емес.

— «Өнер қырандарының» жігіттері бір жоғары оқу орнын бітіргендер. Сіздер болашақта бөлініп немесе жеке өз алдарыңызға театр ашу ойларыңызда бар ма?

-Біздің бір-бірімізден ажырап, бөлініп кететін ойларымыз жоқ. Өйткені барлығымыз бірге көңілді тапқырлар ойыны кезінде қызықты да, қиындықты да, жеңістер мен жеңілістерді де бірге көрдік. Құрамымыздағы әр жігіттің өз орны бар. Ал театр ашу мәселесіне келсе, бұл біздің ойымыздағы дүние. Қашан халық бізді осындай жеке театр ашуға лайық деп санайды, сол күні ашамыз деген мақсатымыз да жоқ емес. Сол мақсатта жұмыс жасап жатырмыз.

— Әңгімелеріңе рахмет! Мақсаттарың орындала берсін!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*