Қыл қобыздың қасиеті мол

“Өнерлінің өрісі – кең” демекші, қаламызда талабы таудай таланттар жетерлік. Десе де «өнер жолы – ауыр жол» болғандықтан, кез келген жан бұл салаға өмірін арнай бермейтіні бар. Сонда да «Оңтүстік – өнер ордасы» болып саналатындықтан, ұл-қыздары біртабан өнер өлкесіне етене жақын болып тұратыны да жасырын емес. Мәселен, Сымбат Қайырбекова — жастайынан қыл қобыздың құдіретін сезініп, киесіне мойынұсынған жан. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде дәстүрлі аспаптар бойынша дәріс алып жүрген бойжеткен, өз өмірін қобыз үнінсіз елестете алмайтынын да ашып айтты. Қазақ халқының қасиетті құндылығы болып табылатын мағынасы мәнді, тұңғиығы шексіз аспабтың сыры да жоғарғы қабілетті талап етеді. Сондықтан қыл қобыздың сыры мен күйін меңгеріп, оны дамытуда белсенділік танытып жүрген бойжеткен назы өзіне жарасып-ақ тұр. Қасиетті аспаптың берері мол деп есептейді Сымбат.

Сымбат Қайырбекова қыл қобыздың қасиеті мол деп есептейді

Сымбат Қайырбекова, өнерпаз: «Кішкентайымнан қыл қобызға әуестеніп өстім. Уақыт өте келе үйрендім. Саз колледжінде оқып жатырмын. Қарап отырсам, қобыз – менің өміріммен тығыз байланысты аспап. Қобыз – менің жан дүниемді емдейтін сырлас досым. Сондай-ақ бұл аспап ерекше күтім мен құрметті қажет етеді. Менің көптеген байқауларда жеңіске жетіп, жоғарыдан көрінуіме дәл осы қобызымның қосқан үлесі мол. Әрине, адамда талант пен қабілет болуы маңызды. Десе де мен өз қобызыма деген құрметім шексіз. Қандай ауыр тақырыпты да алып шығып, жұртшылықтың жүрегіне жеткізе орындауда да шеберлік танытады. Дыбысының өзі – талай сырды ұқтырғандай болады. Соған қарап-ақ қазақтың құнды аспаптарының қасиетін аңғарасың. Ал менің басты мақсатым – осы бір киелі қобызда кез келген күйді орындауға болады. Мұны бірі білсе, екінішісі біле бермейді. Осы бір дүниелерді орындап, халық аспабын танытқым келеді әлемге. Бұл менің кішкентай кезімнен келе жатқан арманым. Сол бір арманды орындау үшін, оқып, арнайы білім алып өнер жолына бет бұрдым. Сол үшін талмай-тынбай еңбектеніп те келемін».

Міне, талант иесі Сымбат Қайырбекова қыл қобызды әлемге мойындатқысы келеді. Бұл дұрыс та болар. Сонау ықылым заманда ата-бабаларымыз қобыздың құдіретімен кез келген ауруды жазған. Емдік қасеті бар дескен. Күні бүгінге дейін тараған аңыз-әңгімелер де жетерлік қобыздың қасиеті турасындағы. Сондықтан, тек қазақ халқына ғана тән киелі күйлерді орындайтын аспаптың ел үшін орны ерекше. Еліміздің бренді боларлық құндылықтардың бірі ретінде де қарайтынымыз бар. Жалпы қыл қобыз – қазақтың жүрек түбіндегі мұңын, шерін, көңілдегі қуанышын, жан дүниедегі жәйттерден хабардар етіп, тебіреністі күйімен жеткізетін көңіл толқыны. Ендеше, жаныңа жұбаныш, көңілге қуаныш сыйлар, ауыр уәждерді жеткізуде де шеберлік танытатын қасиетті дәстүрлі аспабты дәріптейік, достар! 

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*