Жерлестеріміз жеңімпаз!

Ақиық ақын Мұқағалидың жаңбырлы жырлары Ақсұңқар Ташполатованың жанына жақын. 15 жастағы оқушы республикалық «Мұқағали оқуларында» ақынның «Майгүліме «өлеңін орындап, бірінші орынды жеңіп алды.

Жеңімпаз Ақсұңқар Ташполатова Мұқағали жырларымен сырласады
Жеңімпаз Ақсұңқар Ташполатова Мұқағали жырларымен сырласады

Ақсұңқар Ташполатова6 1-орын иегері: «Мұқағали десе дүркірер алыш ұлың, Ізбасарымын соңынан баратұғын, Отанын сүйіп өткен Мұқағали, Орның бөлек қазақта алатұғын, Халықпен бірге өшпейді мәңгі ұлы атың, Ақындар жоқ-ау ізіңді сенің қуатын, Толғатып елім көрсейші кезің келді ғой, Тағы бір ұлы Мұқғалиды туатын… деп сахнада арнау өлеңіміді де оқыдым. Сосын «Майгүліме» деген ақынның жоқтау жырын да оқыдым. Жеңісім тұғырдан көрінді. Бірінші орынды қанжығама байладым. Мен өте қуаныштымын. Себебі мен Мұқағалидың рухымен, сырларымен, жырларымен тілдесемін».

Ақсұңқар Ташполатова — 1997 жылы қыркүйек айының 15-жұлдызында туылған. Талантты ару қаламыздағы Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы. «Асар» шағынауданында тұрады. Бүгінге дейін талай дүркін жыр додаларында жеңіс тұғырынан көрініп жүрген шәкірт Республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы «Жырлайды жүрек» әдеби байқауында да 1-орынды иемденіп келіпті. Ақсұңқардың жеңісіне ұстаздары да дән риза.

Мұқағали жастармен көп сырласатын дейді замандастары
Мұқағали жастармен көп сырласатын дейді замандастары

Бекмұрат Анарбаев, жетекшісі: «Мен Ақсұңқардың талантын бағалаймын. Себебі мұндай айтулы додада жеңіске жету үшін де талай күш керек. Жандүниенің тазалығы керек. Әдебиетке деген құштарлық, сүйіспеншілік керек.  Міне, сонда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады. Ал Ақсұңқар талапты да талантты шәкіртім. Сондықтан бұл байқау арқылы ол Мұқағалиға деген құрметін, оның өлеңдеріне деген махаббатын жеткізді деп ойлаймын».

Айта өтейік, Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернаты биылғы өткен «Мұқағали оқуларында» абыроймен оралды. Бұлай деуімізге де негіз бар. Мектептің 8 бірдей оқушысы жүлделі орынмен оралып отыр. Қыдырбаева Жәзира (көркемсөз оқу жанры), Сүндет Сеитов (көркемсөз оқу), Мұхммед Құрбанәлі (вокал) 3 орынды иеленіп келді. Ал Гүлдар Кәдірбек (көркемсөз) 2-орыннан көрінді. Ақтолқын Қалмахан (вокал) арнайы дипломмен марапатталса, Нұрдәулет Тілеген (вокал) бас жүлдені қанжығасына байлап келді.

Мұзбалақ ақын Мұқағали жырлары жұртшылық жүрегінде мәңгі жасайды
Мұзбалақ ақын Мұқағали жырлары жұртшылық жүрегінде мәңгі жасайды

 Нұрдәулет Тілеген, бас жүлде иегері: «Мен кішкентайымнан Мұқағалидың өлеңдерін оқып өстім. Ал қазір облыстағы «Өнер» мектебінде оқып жүрмін. Сондықтан бұл байқауда менің бас жүлдені жеңіп алуым да заңды деп білемін. Дәл қазіргі әсерім керемет!  Мен Мұқағали атамыздың алдында парызымды орындағандай болдым. «Аманат» деген жыр жинағын кейде оқып отырып, осы «аманатын» құрметтеуіміз қажет, «аманаттты» оқып-жаттауымыз керек екенін ұғамын. Біз сонда ғана Мұқағалиға деген шексіз құрметіміз бен ризашылығымызды жеткізе аламыз. Себебі қазақ поэзиясының алтын парақтарын толықтырған ақын қандай құрметке болса да лайықты ғой! Өлеңімен бүкіл дүниенің шындығы мен сұлулығын, асыл мен жасықты жырлады емес пе?!».

Мұқағали шығармашылығына кітап жазған қаламгерлер аз болмады
Мұқағали шығармашылығына қалам тартқан қаламгерлер аз болмады

“Шаң басқан архивтерден табылармыз” деп жырлаған еді ол. Дегенмен бүгінде жастолқын ақын өлеңдерін әуелетіп шырқап жүр. Жырларына жан бітіре оқитын ұрпағы барда ақын ағаларымыздың туындылары әрдәйім биіктен көрінеді. Сарқылмайтын шабыт пен сағынышықа толы өлеңдеріне сусындап жүрген олар ақынның жыр жинағымен жиі сырласады. Анығырақ айтсақ, поэзия патшалығында қанатын кеңге жайып, өмірін өлеңмен өрбіткен сөз зергерін ұрпағы осылайша құрметтейді. Десек те ақынның санаға жарық сәуле түсіретін жырлары жұртшылық жадында мәңгі жасай бермек.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*