Жерлесіміз жеңімпаз!

Өңіріміздегі саз колледжінің 19 бірдей студенті республикалық-халықаралық байқаулардың жүлделерін жеңіп келді! Олардың 3-уі — 1орын. Алматыда өткен Республикалық кіші олимпиадада, Бішкек қаласындағы 3-ші халықаралық гитаристер байқауында, Республикалық жас орындаушылар додасында өнер көрсетіп, жеңімпаз болған өнерпаздар арнаулы оқу орнын бітірген соң, жоғарғы оқу орнының грантымен оқуға мүмкіндік алып отыр. Осындай дүбірлі додаға қатысқандардың ең кішісінің жасы — 16-да.

Ақсәуле Бағланова 2-орын - күтпеген жеңіс екенін айтады
Ақсәуле Бағланова 2-орын — күтпеген жеңіс екенін айтады

Ақсәуле Бағланова, 2-орын иегері: «Дәл қазіргі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алғашында 2-орын алдың дегенде, сенер-сенбесімді білмедім! Қатты қобалжыдым, марапаттау салтанатында да қуанышты әсерде болдым. Қазір өзімнің осыншама адамнан басып озғанымды мақтаныш етемін. Мен бұл байқауға барған кезде бұрындары  шымкенттіктер шекті аспаптар бойынша соңғы орындарды алып келгенін білмеген де едім. Сол жерде көпішілктен, үлкендерден естідім. Сондағылардың «Шымкент қайбір ойнайды дейсің?!» деген пікірлері намысыма тиді. Бірінші және екінші кезеңге келгенде тіпті білек сыбана ойнадым десем де болады. Жеңіске деген ынтам, сенімін арта түсті. Негізі мен алғашында скрипка таңдаған едім. Мектепте жүріп виолончель деген аспапта ойнап үйрендім. Сөйтіп жүргенде маған осы аспап қатты ұнап қалды. Бірақ виолончель үлкен әрі ауыр, қыз баласына ары-бері алып жүру қиын болғандықтан, альт деген аспапты дұрыс көрдім. Үйретуші ұстазды да бұрыннан танитын едім. Менің ойымша, альт ол виолончель  мен скрипканың ортасындағы дыбыстаушы аспап, яғни екеуінің қосындысы ғой. Осылайша екі сүйікті музыкалық аспаптарымның қосындысын таптым. Сондықтан мен альт деген аспапты ойланбастан таңдадым. Жоспарым да арманым, мақсатым да осы аспапта ойнауды дамытып, шәкірт тәрбиелеу. Небәрі 3,5 жыл ішінде осындай жетістікке жету мен үшін үлкен қуаныш».
Республикалық шекті аспаптар байқауының жеңімпазы болған арудың күнтәртібі қарбалас өрбиді. Ақсәуле Бағланова таңертеңгі сабақ жаттығуын жібермеуге тырысады. Альт музыкалық аспабы үлкен құрмет пен мәпелеп ұстауды қажет етеді. Сол кезде ғана сыйқырлы үні ғажайып күй шертеді дейді өнер иесі.
Ақсәуленің альтты таңдап, оның қыры мен сырын меңгеруіне үлкен үлесін қосып жүрген осы кісі. Ұстазы Гүлмира Сейтенова. 13 жыл бойы осы саз колледжінде шәкірт тәрбилеп келеді. Үйретуден жалықпайтын ол кейде студенттерімнің өтінішімен күн-түн демей жұмыс істеймін дейді. Маған олардың шеберлігі мен жетістігі үлкен қуаныш деп ағынан жарылды ұстаз.

Гүлмира Сейтенова шәкірттерімнің көңілін қалдырмауға тырысам дейді
Гүлмира Сейтенова шәкірттерімнің көңілін қалдырмауға тырысам дейді

Гүлмира Сейтенова, ОҚО саз колледжінің шекті аспаптар бөлімінің меңгерушісі: «Ақсәуле үлгілі шәкірт. Үйінің жалғыз, ерке қызы. Сол үшін еркелігі де бар. Дайындық кезінде еркелігін де көтердік. Бірақ жігерлі қыз ата-анасы мен оқу орнының үмітін ақтау үшін, жалқаулықты қойып тынбай дайындалды. Тырысты барынша. Сол үшін де осындай үлкен жеңіске жетіп отыр деп ойлаймын. Ал оның қабілеті мен ынтасына келетін болсам, оның альтке деген құрметін сөзбен жеткізе алмаймын. 5-сыныптан бастап өзім үйретіп, өзім қолға алғанмын. Сол кезден бастап Ақсәуле өзінің дарынды, қабілетті, қызығушылығы мол, музыканы шексіз сүйетінін дәлелдеді деп ойлаймын. Сонымен қоса, болашақта биіктерден көремін деп сенемін. Жалпы айтқанда Қазақстанда өзіндік орын бар өнерпаз болып, өнерде өзіндік қолтаңбасы болады, өзінің арманына қол жеткізеді деп ойлаймын».

Ақсәуле Бағланова Республикалық шекті аспаптар байқауында Кенжебек Күмісбековтың «Поэма» күйін орындапты. Бұл кезде 20 жасар бойжеткен өнер жолындағы алғашқы жеңісіне қол жеткіземін деп ойламаған да еді. Мұршасы болмады оған. Себебі қолынан жарақат алған ол саусақтары бүгілмей ауырғанына қарамастан, алға талпынды. Бар мақсатым – арманыма ұмтылу, альттің құдіретін көрсету еді дейді.

Ақсәуле алть музыкалық аспабынсыз өмірімді елестете алмаймын дейді
Ақсәуле алть музыкалық аспабынсыз өмірімді елестете алмаймын дейді

Ақсәуле Бағланова, жеңімпаз: «Менің ойымша жеңістің құпиясы — талмай-тынбай еңбектену ғана емес,арман мен мақсатты ұштастырып, талпыну, барынша тырысу. Көз алдыңдағы мақсатқа қол жеткізу үшін жалқаулықты жеңіп, өз-өзіңе сену деп білемін. Сонда ғана адам өзінің арманының орындалуына бір қадам болса да жақындай түседі. Негізінде байқау барасында 1-ші айналымда ешқандай қиындықсыз ойнап шықтым. Бар ауыртпалық екінші айналымда болды ғой. Қолым қатты ауырды, сүйектерім сырқырап тұрып. Саусақтарым бүгілмей қалды. Ешкімге айтпай жүрдім. Ұстаздарыма да, себебі ешкімді уайымдатқым келді. Бірақ үшінші айналымда өнер көрсете алмайтынымды сезгенде ғана, айттым. Түн ішінде дәріханаға барып, жарақатты жазуға тырыстық. Уақытша ауырғанды басатын дәрілер іштім. Қалай болғанда да қолымның қатты ауырғанына қарамастан мен 3-ші айналымда альтте ойнап шықтым».
Бүгінде ысқымен шертілетін алтьттен басқа, кейіпкерім достарымен де жиі сырласады. Олар Ақсәулені мақтанышымыз деп, қуанышын бөлісіп жүруден шаршамайды. Бос уақытында саябақта серуендеуді әдетке айналдырған топ алдағы күндерге жоспарды да бірге түзеді.
Ал достары Ақсәуленің кішіпейілділігіне дән риза. Айтуларынша, үлкен-кіші демей сыйлап, қолынан келген көмегін көрсетеді.

Гүлнұр Жанәділ құрбысының біз білмейтін мінездерін айтып берді
Гүлнұр Жанәділ құрбысының біз білмейтін мінездерін айтып берді

Гүлнұр Жанәділ, Ақсәуленің құрбысы: «Ақсәуле көпшіл адам. Мәселен біздің жасымыз одан кіші, небәрі 1-ші курста оқимыз. Ал ол 4-ші курста, биыл колледжі тәмамдайды. Бірақ ешқашан бізге «сен кішісің немесе мен үлкен болғандықтан, айтқаным болады» деген емес. Қайта барынша қарапайым, кішіпейіл. Өмірде ғана бізге көрген-білгенін үйретпейді, өнерде де бізді пысықтап, түсінбеген күйлеріміз болса, ерінбей соны қайта айтып, жаттықтырады. Кез келген қиындықта жанымыздан табылады. Ал көпшілік біле бермейтін мінезі де бар. Ақ көңіл. Достармен бас қосқан кезде де көңілді жүреді, өте тамаша билейді. Былайша айтқанда өмірге құштары мол адам. Өмірді сүйеді».

Достар жоспарын да бірге түзеді
Достар жоспарын да бірге түзеді

Ақсәуле Бағланқызы биыл Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ -ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, альтті тереңірек меңгеруді жоспарлап отыр. Оның да достары өнерден кенде емес.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*