Жерлесіміз Бекзат Байдулла — Әлем чемпионы!

Бекзат Байдулла — Әлем чемпионы! Ия, жас жерлесіміз әлемді бағындырды!  Спорттың карате-до шотакан  саласы бойынша 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Әлемдік 11-чемпионатында Бекзат  алтын медальді жеңіп алды! Бұл күні жас каратэші Қазақстанның 13-шы чемпионы атағын иемденді. Австралияның Сидней қаласында өткен каратэ-до шотоканның «Кумитэ» түрінен додаға қатысып, дүние жүзін аузына қаратты. 10 жасар Бекзат қазақ елінің табиғаты мен болмысын, батылдығын төрткүл дүние алдында тағы бір дәлелдеді. Айта өтейік, бұл байрақты додаға әлемнің 52 елінің жүзден жүйрік танылған спортшылары қатысқан.

Жерлесіміз Бекзат Байдулла әлем чемпионы атанды!

Бекзат Байдулла: «Ия, мен осындай абыройлы жүлденің иегері болдым! Өте қуаныштымын! Ең бастысы, мен елімді жерге қаратпағаныммен мақтанамын! Алайда, бұл сөздерім көпшілікке әсерлі болмас. Ал менің айтарым мынау, белдесу өте қиынға түсті. Өте қиын. Бірінші болып ресейлік , екінші америкалық, үшінші африкалық, төртінші бразилиялық спортшылармен төбелеске түстім. Арасында ең қиын болғаны ресейлік қарсыласыма төтеп беру болды. Себебі, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып тұрып, шабуыл жасады. Алайда 2-1 есебімен алға шықтым. Оңай емес. Соңғы сәттерде де жерлестерімді жерге қаратпас үшін, намысты таптаспас үшін бар күшімді салдым. Ата-анам, достарым да менің жолымды тосып, менің тілеуімді тілеп отырды ғой. Сондықтан болар, намысты қолдан жібермедім. Ең бастысы, мен елімнің байрағын өзге елдер алдында көкке желбіретіп, әнұранымды шарықтаттым. Мен өз көздеген мақсатым мен Елімнің алдында берген уәдемді орындадым. Жолға шығар алдын да бар ойым осы болған еді!»

Бекзат Байдулла — 2002 жылы, шілденің 18-жұлдызында Шымкент қаласында туған. Бүгінде қаламыздағы №9 лицей Өмірбек Жолдасбеков атындағы мектептің 5 сынып оқушысы.  Сонымен қоса, осы айтулы жүлдені жеңіп алар алдын да жас каратэші талай дүркін жеңісті қанжығасына байлап үлгерген. Мәселен, 2010-жылы қыркүек айында өткен Польшада әлем чемпионы атағын алды. Ал әкесі — Абдимуслим Шулбаев пен анасы — Гүлнәр Шулбаева перзентінің әрбір жеңісіне тілеулес болып, Бекзаттың Қазақстанның көк байрағын көкке көтеруіне үлесін қосып жүргенімен мақтанады.

Жерлесіміз Бекзат Байдулла әлем чемпионы атанды!

Абдимуслим Шулбаев, Бекзаттың әкесі: «Әрине, өте қуаныштымын. Кішкентай ғана ұлым менің үлкен елімнің абыройын асқақтатып отыр. Осындай байрақты додаларға жолға шыққанда көзіме жас келіп, ұлымның тілеуін тілеймін. Бекзатымның мінезі тік, айтқан дүниесін орындамай қоймайтын мінезі бар. Әрбір сайысқа барар алдын да өзіне мақсат қойып алады. Байыппен ойланып, «Әке, әлі-ақ Сіздің, Қазақстанның мақтанышы боламын!» дегенді жиі айтады. «Әумин» деймін ішімнен! Кішкентайынан елінің үмітін арқалап жүрген балама мен де сенемін! Ең бастысы, Еліңнің ұлы бол деймін! Осы орайда, Бекзаттың жаттықтырушысы Ерлан Нұрбаевқа да айтар алғысым шексіз!»

Жалқаулықты жек көретін жас жерлесіміз Бекзат қазіргі уақытта тынымсыз жаттығып, дайындалып жүр. Басты көздегені — Европаны бағындыру! «Европа чемпионы» болу жолында тер төгіп жатырмын, алдағы уақытта елімнің қоржынын тағы бір алтынмен толықтыратын боламын» дейді жас каратэші өз сөзінде. Шегелеп айтқан Бекзаттың айқын мақсаты өзіне жарасып-ақ тұр. Ендеше, Бекзат іске сәт дейміз!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*