Жарқ етіп сөнді бір жұлдыз…

20130330125030Сенгім келмеді… Қазақты өзінің ерекше өнерімен әлемге танытып жүрген, иллюзионистік жанрдың шебері Алтынай Байтоқанова өмірден өтті дегенде сенгім келмеді. Ол көптеген әлемдік байқауларға қатысып, топ жарған еді. Швейцария, Грекия, Италия, Польша, Түркия, Қытай және өзге де көптеген елдердің көрермендері оның өнеріне тік тұрып қол соққан еді. Ол сахнадағы 7 минут ішінде 14 көйлек ауыстырып үлгеруші еді.
Алтынай әпкенің қарапайымдылығы ұнайтын. «Қазақстан» телеарнасынан берілетін «Айгөлек» балалар фестивалінде қазылар алқасының құрамында болды ғой. Сонда сахнаға шыққан әрбір баланы айналып, толғанып, «құлыным», «күнім» деп еркелетіп отыратыны ұнайтын. Жігерін құм қылмай, әділ бағалайтыны ұнайтын. Жасандылығы жоқ, бетке тіке айтатыны ұнайтын. Шебер сөйлейтіні ұнайтын. Бәріміз де бұл жалғанның уақытша қонағымыз ғой. Тек елдің ықыласына бөленген ерекше таланттарды арамыздан ерте алып кететіні өкінішті… «Facebook» әлеуметтік желісінен группаластарының, белгілі журналистердің пікірін оқып көзге тағы да жас үйірілді…

Бибігүл Жексенбай:

Дарынды курстасымыз миллиондаған өнерсүйер қауымын жабырқатып кетті… Алтынай өнерді сүйді, өмірді сүйді… Аз уакытта әлемдік деңгейдегі сахнаға түрен салып, беймәлім өнердің қыр-сырын меңгеріп ғана қоймай, майталманына айналды. Еңбек пен ізденістің арқасында жарқыраған жұлдызға айналды! Өкініштісі, құйрықты жұлдыздай жарқ еткені…Жоспар, мақсаттары көп еді… Алдынан жарылқасын дейміз.

 Сәкен Сыбанбай:

Соңғы рет күздігүні жазушы ағамыз Д.Исабековтың 70 жылдығында көріп едім. «Бүгін уақытым тығыз, кейін бір асықпай жақсылап әңгімелесейікші. Жазу-сызудан алшақтап барамын, ара-тұра ойларымды жазып-жариялап тұратын блог па, рубрика ма, бірдеме ашуды ойластырайықшы» деп еді… Таусылмайтын тіршілік күйбеңі, сол күйі қайта жолыға алмадық… Өте шешен сөйлейтін, Дулат ағаға арнап тілек айтқанда, ол кісінің басты-басты шығармаларына бір-бір ауыз сипаттама беріп, және өте дәл беріп, өнерінен бөлек, өресімен де елді ерекше таңқалдырып еді… Жаны жәннатта болсын.

Айгүл Болатханқызы:

Ауырып жатыр дегенді ести сала құстай ұштым. Жансақтау бөлімінде жатқандықтан кіре алмай, сырттан қайттым бірақ… Курстастар кезектесіп барып жүрдік, темір есікке телміріп қарап, тілегімізді айтып, Аллаға жалбарынушы едік. Неғып екенін, жазылып кететініне өте сенімді болдық. Ол өте қайсар қыз ғой,  өзін меңдеген дертті жеңеді деп ойладық, соған сендік те! Күнде ФБ әлеуметтік желісі арқылы қайырлы түн тілейтін едім. Таңымыздың қаралы болып атпауын сұрайтынмын… Наурыздың  29-ы, неге екенін, тап сол тілекті жазуға «еріндім», қолым бармай қойды… Ал 30 наурыз күнгі таңым қаралы хабармен басталды. Сен бізді тастап, мәңгілік мекеніңе бет бұрған екенсің, Алтынай…

Мейрамхан Жәпек:

Алтынай ҚАЗАҚ…
Кейінгі жылдары өзіңді осылай атадың. Бір хатыңда маған:Дүние жүзін көп аралаймыз. Жүрген жерде қай ұлт екенімді, қай елден келгенімді сұрай береді. Әкемнің атын айтсам, кім біліп жатыр?! Сосын қазақтың қызы екенімді, Қазақстан деген елден келгенімді айқындап тұратындай болсын дедім,деп жазыпсың.
Бауыржан ағайымыздың (Омаров) «11-ші қаламұш»атты кітабында сен туралы …Журфактың бесігінде тербелгендердің арасында халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби сыйқыршы Алтынай Байтоқанова да бар… деп баға бергентін. Осы жолдарды оқып отырып қатты қуанып едім, сол кезде. Біздің курстың қызы,группаласым деп.
Сенің концерттеріңді үзбей көретінмін. Көрген сайын кеудемде сен үшін мақтаныш сезімі атой салатын. Айналамдағы адамдарға сен туралы айтудан жалықпайтынмын.
Сен ҚАЗАҚ атын әлемге таныттың!!!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*