Туған күніңмен, “Ұланым!”

"Ұлан" - біздің досымыз!
«Ұлан» — біздің досымыз!!

Бүгін қазақ балалар басылымының атасы, талай тарландарды түлетіп ұшырған “Ұлан” газеті 83 жасқа толып отыр.  83 жылдан бері қаншама буынның қанатын қатайтты. Жол сілтеп, журналистикаға жолдама берді. Маған да сөйтті. Бұдан он жыл бұрын туған күніме әпкем «Ұланның» түбіртегін сыйлаған болатын. Кейін дәстүрге айналды. Жылда сыйлайды. Осыдан асқан мен үшін ең қымбат, құнды сыйлық жоқ)). Мектеп кезінде хат жазысқан «Ұландық» жас тілшілер, оқырмандар көп болды. Апта сайын 15 шақты баладан хат келетін. Бір-бірімізді жүзбе-жүз көрмесек те сол хаттар жақын достарға айналдырған. Арман-мақсаттарымызды ортақ еткен. Кейін көпшілігі Алматыға оқуға түсті. Кездестік. Сағына қауыштық. «Ұландық» достар ұйымшыл, сосын бауырмал. Бір-біріне көмек қолын созуға әркез даяр тұратындығына талай рет көзім жетті. Олармен мақтанамын.

Енді «Ұланның» таралымымен де мақтанғым келеді, «Ұланның» Қазақстанда жүз мың досы бар деп. Бұйыртса, оған да жететін күн туар. Әзірге жабыла насихаттайықшы. Әйтпесе бала тұрмақ, «Ұланның» атын естімеген ата-ана мен ұстаздар жетіп артылады. Әсіресе біз жақта. 2 миллион тұрғыны бар Оңтүстікте. «Балаларыңызға қандай балалар басылымын жаздырып бердіңіз?» дегенде бас шайқайтындар көп. «Ұлан» кезінде сіздер оқыған «Қазақстан пионері» газеті ғой десең, — Ол газет әлі күнге дейін шыға ма деп таңқалып, сұрайтындар көп. Біздің облыста «Қазпочтадан» — 200, «Ернұр-пресстен» — 241 ғана адам «Ұланға» жазылыпты. Ұят. Өте ұят.

393274_115311181918806_2039941961_nБалалар басылымында қызмет ету қиынның қиыны екенін  “Ұланда” өндірістік тәжірибеден өту барысында байқадым. Өйткені, балалар әлемі кіршіксіз пәк, таза, өзгеше әлем. Оларға жалған сөйлеуге, күрделендіріп жазуға болмайды. Бәрін бала жүрегімен қабылдап, баланың көзқарасымен қарауың керек. Кейде редакциядағы журналистердің балалардан келген хаттарды оқып отырғандағы жүзіндегі қуанышты көріп, мен де осындай сезімді қашан бастан өткерер екенмін деп ойлайтынмын…«Ұлан» мені жұмысқа қабылдаса ғой деп армандайтынмын. Диплом алар тұста Есей Жеңісұлы аға шақырды, Қазіргі бас редакторы Бағдат аға да қолқа салды. Бірақ… Алматыны қанша қимасам да, «Ұланды» қанша қимасам да Шымкентке қайтуға тиісті едім. Қайттым.

Мерейтойыңмен, “ҰЛАНЫМ”!!! Есейіп кетсек де сен біздің мәңгілік айнымас досымыз, ақылшы ұстазымыз болып қала бересің!!! Ұжымдағы барлық аға-әпкелерді, «Ұландық» достарды туған күндерімен құттықтаймын. «Ұлан» — әр қазақтың үйінен табылсыншы!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*