Тіркелмеген рекорд, мойындалмаған саңлақ

Сіз 11 жасында 11 111 рет серпіліс жасаған баланы білесіз бе?

2001 жыл… 8 жасар Сұлтан Әбілқайыртегі Темірландағы (Оңтүстік Қазақстан облысы) орталық алаңға жиналған дүйім жұрттың назарын өзіне аудартты. Қалай дейсіз ғой?… Қажымұқанның 130 жылдығына орай қазақша күрестен халықаралық турнир өтіп жатқан болатын. Төреші Сұлтанды ортаға жетелеп шығып, «үш сағат серпіліс (отжимание) жасайды» дегенде, сене қоймадық. Өйткені, сыныптас ұлдар денешынықтыру сабағында 3-4 минутта 30-ға әрең жеткізетін. Сенер-сенбесімізді білмей тұрғанда, Сұлтан көк майсаға жайылған кілем үстінде кеудесін бір көтеріп, бір түсіріп жаттығуын орындауға кірісті. Қасында екі төреші тұр. Бес минут жасады… Он минут… Жарты сағат өтті… Тоқтайтын түрі жоқ. Іштей өзім де санай бастадым. Жасап жатқанына бір сағатқа таяды. Бет-жүзін жуған ащы терге қарайтын емес. Екі сағат өтті… Үздіксіз жаттығуын жалғастыруда. Содан Сұлтан 3,5 сағат дегенде демін бір-ақ алды. Ол осы уақыт ішінде 4 500 ретсерпіліпті.

Шынашақтай қара баланың бойында буырқанып, тасынып жатқан қандай күш? Дәл осылай бірнеше сағат бойы тоқтамастан серпілу мыңнан бір ғана адамның қолынан келетін шығар. Мүмкін, миллионнан бір… «Тіл-көзіміз тасқа» дедік. «Қазақ атын әлемге паш етер бір спортшы ұл өсіп келеді» деп қуандық сол жолы. Аудан әкімі созақтық жас ұланға қара теледидар арқалатып жібергені есімде…

Араға үш жыл салып 11 жасында  11 111 рет серпіліп, әлемдік рекорд жасады Сұлтан. Гиннестің қазақстандық рекордтар кітабына бұл жетістігі тіркелгенінен хабардар, ал әлемдік кітапқа атын жаздыруға ешкім құлықты болмағанға ұқсайды.

Сұлтанның спортқа ептілігін байқаған әкесі Әбдіхан қос қолымен серпіліс жасауды 4 жасынан бастапты. Таңертең бірнеше шақырым жер жүгіріп келіп, сергіту жаттығуларын жасап, денесін жаттықтыруды қолға алды. Бұл жайға ауылдастар күле қараған. «Буыны бекімеген, титтей баланы азапқа салғаны несі?» дейтін олар. Ал Сұлтан болса, футбол десе ішкен жерге қоятын әке ісін жалғастыруды көздеді.

Ешкімнен ешқандай қолдау болмағасын 2006 жылы ол серпіліс жасауды тоқтатты. 2007 жылы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа  бокс секциясы бойынша оқуға қабылданды. Бірақ бір жылдан соң отбасылық жағдайына байланысты оқудан шығуына тура келді.

Сұлтан айтады: «Бізде ауыл-аймақтағы спортқа қаржы там–тұмдап қана бөлінеді. Егер жарысқа қатысатын спортшылардың жататын жері жайлы, тамағы тоқ болмаса спортқа деген құлшынысы бірте-бірте азая береді. Маған да қолдау көрсететін жан баласы болмады. Әкем ғана әрі-бері сүйреледі. Ақшасыз аяғымызды аттап бас алмадық. Жоғарыдағы көкелер немқұрайлы қараған соң, бәрін тастадым. Енді ондай рекордтық көрсеткішті қайталап жасау мүмкін емес. Өкінішті-ақ. Егер сол кезде қолдап, демеп жіберер жанашыр жандар болғанда ғой, бүкіл әлемді дүр сілкіндерер едім…»

Сұлтанның жаттығу жасап болғасын 2-3 күн бойы денесі қозғалтпай, ауырсынып жүретін. Былтыр бір дерт жабысты. Дәрігерлер «шынтақтың ішінде болатын май таусылып, сүйек мүжілген» деп тауыпты. Мүжілген майда сүйектер шашырап, бір-бірімен тас сияқты екі түйін боп қалған. Былтыр бір операцияны бастан өткерді. Дәрігерлер биыл екіншісін жасау қажет деп отыр. Егер операция сәтті өтіп, сауығып кетсе, Сұлтан университеттің  дене шынықтыру факультетіне оқуға тапсырмақшы. «Мықты боксшылар дайындайтын бапкер болсам» деп армандайды. Кезінде жырақтағы ауылда туып-өскен қыр баласының қияға өрлеуіне жан-жақтан тосқауылдар қойылып, мүмкіндік бермеген еді. Бәрібір топты жарды. Алмас қылыш қын түбінде жатпайтынын дәлелдеді. Енді өзі қазақ спортын өрге сүйреп, кем- кетігін толтырмақшы. «Әсіресе ауыл балаларына қолдау көрсетем» деп белді бекем буып отыр.

Арманы орындалса екен…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*