Талай жанның сырласы болған бұл кітап…

Талай жанның сырласы болған бұл кітап…

8-сыныпты бітірген жылы аудан орталығында өткен кітап көрмесінде жазушы Әкім Ысқақтың «Адам іздеп жүрмін» деген мұқабасы көк кітабына көзім түсті. Ары парақтап, бері парақтап сөредегі орнына қойғым келмеді. Көрмені ұйымдастырған апай да мәрт екен. «Осы кітапты саған басы бүтін бердім, қайтармасаң да болады, талабың бар бала екенсің» деп қолыма ұстата салды. Сол күні кешкісін киім салынған дорбамды  арқалап, Қараспандағы лагерьге жол тарттым. Кітапты да өзіммен бірге ала кеткенмін. Әкім ағаның кітабы 200 бала демалып жатқан лагерьде қолдан-қолға тимей кетті. Сосын аға тәрбиешіміз Ерлан ағай күнде кешкісін балаларды жинап алып, үзінді оқып беруді әдетке айналдырды. Ықыласпен тыңдаймыз. Аз күнде ой-санамыз да өсе түскендей. Алдын «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлымын» деген кітаптарымен таныс едім. Ал «Адам іздеп жүрмін» кітабы ерекше әсер қалдырды. Өмірді, адамдарды басқаша бағамдауға үйретті. Сол жолы лагерьден мінез-құлқым біршама өзгеріп, басқа Әйгерім болып қайтқан секілдімін. Содан бері де біршама уақыт өтіпті. Былтырғы жылы ғой, ауылға бір келгенімде кітапханада тізіліп тұрған Әкім ағаның жаңадан шыққан кітаптарын көрдім. Іле –шала ағаға Алматыдағы кітап дүкендерінен  ол кітаптарды табанымыз таусыла іздесек те таппайтынымызды айтып, хат жазып жібергенмін. Бірер күн өтер-өтпестен  Әкім аға он шақты кітабын Алматыға танысынан арқалатып жіберіпті. Мұндай қуанбаспыз. «Жүрек дәптері», «Өмір, сені сүйемін», «Тұңғыш генерал» «Махаббат хаттарын» жастығымыздың астына жастана оқыдық. Ал группаластармен басымыз қосыла қалса Қазақ радиосынан жиі берілетін «Көңіл қымбат» әнін қосыла шырқайтынбыз. Жүрек баурайды. Ыстық. Болмашы нәрселерге ренжісіп қалған құрбыларымызды  «Байлығың да, дүние, бәрінен де, Көңіл қымбат… Көңіл қымбат…» деген ән жолдарымен татуластыратынбыз кейде. Өмір болғасын түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болып жатасың. Мейірімге шөліркейсің…Шаршайсың… Жалығасың… Сондай кездері еңсемді қайта тіктеуге жәрдемдесетін, қыр-сыры мол өмірдің қым-қуыт қалтарыстарын ұғынтуға сеп болып жүрген Әкім ағаның кітаптары бар қолымда. Мен үшін құнды. «Адам іздеп жүрмін» мен «Жүрек дәптері» талай жанның өмірін мүлде басқа арнаға бұрғанын білемін. Сіз де оқып көріңіз… Мүмкін өміріңізді өзгертуге сеп болар…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*