Шымкенттік жастар жаңа жыл мерекесін асыға күтуде!

Жылан жылы! Өзі бір суық болғанымен, жаны тек нәзіктікті қалайтын осы бір жыландар бұл жылы тиесілі 365 күннің иесі атанды! Осы орайда, шымкенттің жастары да бұл жылды қарсы алуға сақадай сайланып алған. Тіпті ауқымы кең іс-шаралар мен концерттік кештер басталып та кетті. Қала көшелерінде қызылды-жасылды жарығын жаққан жасыл желекті шыршалар да бой көтеріп, Шымқаланың көркін кіргізгелі қашан. Сонымен қоса жаңа жыл мерекесін тойлап, от шашулар шашып, Шымкенттің жастары жаңа жылдың әлегіне кіріскен.

Әнші қыздар жыландардың көңілін табу үшін ән салып, би биледі
Әнші қыздар жыландардың көңілін табу үшін ән салып, би биледі

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын замандастарымыз бар өнерін ортаға салып, жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Концертте байқағанымыз — жылан кейпіндегі жастар ұлудың шыршадан тасалағанын күтеді де, өздері барып жатып алады. Осылайша жылан 2013 жылдың егесі болып, өз әмірлігін жүргізеді. Ал адамдар жыланның айтқанына көніп, айтқан уәждерін орындайды. Әрине, жыландар көпшіліктен мерекелік көңіл күйді талап етеді. Ал жас достарымыз алдында өнерлерін паш етіп, ән айтып, би билеп, тіпті музыкалық аспаптарда да ойнайды. Қазақтың ұлттық аспабы- қыл қобызда да шебер ойнаған олар жыландардың көңілінен шығады. Адамдармен осылайша достасып, келер жыл құт-береке сыйлайды деп ниеттенеді.

Заманауи билерін ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады
Заманауи билерін ұсынып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады

Алмагүл Нұрпатша, студент: «Менің есімде көп нәрселер қалды. Жалпы 2012 жыл мен үшін жемісті болды деп айта аламын. Ең бастысы ұлу жылы бізді құр қалдырмады. Енді жылан жылы да біз үшін ерекше дер едім. Себебі біз жыланның қандай сезімтал екенін сонымен қоса, суық болғанымен өзіндік орны бар жорғалаушы! Сондықтан жылан жылы тек жақсылықтар әкелетініне сенемін».

Бауыржан Жақсылықов, студент: «Шынымды айтсам ұлу жылында мен отбасын құрдым. Студент болсам да. Сондықтан менің өміріме өзгеріс енгізген жылды ешқашан ұмытпаймын ғой. Ал енді жылан жылында балалы болсақ, шаңырағымнан сәбидің үні шықса деп армандайтынымды жасырмаймын. Айта кетейін, жарым екеуміз де сессиямызды жақсы бағалармен тәмамдадық.  Сондықтан 2013 жылдан күтеріміз көп!»

Қыл қобызда ойнап, қазақтың қасиетті күйін құйқылжыта тартқан студенттер жаңа жылды асыға күтуде
Қыл қобызда ойнап, қазақтың қасиетті күйін құйқылжыта тартқан студенттер жаңа жылды асыға күтуде

Осылайша Шымкенттің белсенді жастары жылан жылын асыға күтіп жүр. Сонымен қоса замандастарымыз әзілдеп «Шыңғыс хан 1221 жылан жылы шабуылдап,  Отырарды алды! Сондықтан біз де талай белесті бағындырамыз осы жылы дейді». Іске сәт дейміз, ендеше!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*