Шымкентте «Шаттық күні» тойланды

ОҚО-да — шаттық күні! Дәл осындай ұранмен атаулы 9 күннің бірін де ойдағыдай тойлап тастадық. Биыл Оңтүстікте Әз наурызды тойлау үшін алдын-ала 9 күндік дайындық жүргенін білеміз. Сонымен, 20-наурыз көпшілік әзіл-қалжың айтып, жүздеріне қуаныш сыйлайтын мерекелік дата болып белгіленген. Осыған орай облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда замандастарымыздың қатысумен көңілді концерттік кеш өтті. Сахнада «Жайдарманның» жас достары өнерлерін көрсетіп, көпшілікті күлкіге қарқ қылды.Әсіресе «РеалМадрид» құрамасының заманауи әзілдері баршаға күлкінің дәруменін сыйлады. Бүгінге дейін талай дүркін көңілді тапқырлар клубының ойындарында топ жарып жүрген жас әзілкештер бұ жолы да жақсы әзіл ұсынуда алдына жан салмады.

"Жайдарманның" жас достары мерекенің мәртебесін көтерді
«Жайдарманның» жас достары мерекенің мәртебесін көтерді

«РеалМадрид» құрамасы: «Бүгін қуанатын, күлетін, шаттанатын күн! Оңтүстік тұрғыны болғанымыз үшін бақытты екенімізді өзіміз ғана сезініп қоймай, көпшілікке де ерекше серпін сыйлағымыз келді. Мақсатымыз орындалған сияқты, себебі, көрермен қол соғып, күліп, риза болып отырды.Негізі біздің облыста осындай қуанышты мейрамдардың көп болғаны дұрыс қой. Сонда ғана халық рухани демалып, ерекше мерекелік сезімде жүреді. Біздің ойымызша, Наурыз тойы үшін бұл 9 күннің өзі аздық етеді. Бірақ қазіргі белгіленген айрықша даталар өте орынды және үлкен маңызға ие деп білеміз. Біздің Оңтүстік — Ұлыстың ұйытқысы екенін тағы бір дәлелдеді».

Әсем ән де жолданды жұртшылыққа
Мереке құрметіне әсем ән де жолданды жұртшылыққа

Ал мың бұралған бишілер би билесе, жезтаңдай әншілер шарықтата ән шырқады. Наурыз тойдың мәртебесін көтерген өнерпаздар жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады осылай.

Мөлдір Әбдірахманова шаттық күнінде құшақ-құшақ гүл сыйлыққа алып, ерекше қуанып жүр
Мөлдір Әбдірахманова шаттық күнінде құшақ-құшақ гүл сыйлыққа алып, ерекше қуанып жүр

Мөлдір Әбдірахманова, көрермен: «Біз жастар болғандықтан, әрдайым көтеріңкі көңіл күймен жүруіміз керек. Бейбіт елдің ұрпағымыз! Қазақстандай елдің болашағымыз! Жалпы айтқанда, біз бақыттымыз! Сол үшін әрдаймы жүзімізбен нұр, шаттық кетпей жүруміз де дұрыс деп ойлаймын! Міне, осыған байланысты облыс басшылығы айрықша датаны шаттық күні деп белгілеп отыр! Ең алдымен баршамыз бұл тойды да үлкен құрметпен, ерекше ықыласпен көңілді атап өтуіміз керек деп ойлаймын өзім. Қарап отырсам бүгінгі концертте достарымыз күліп-жадырап отыр. Тамаша әсер алып отыр. Бұл да болса осы тойдың маңызын көрсетсе керек».

Айтпақшы, бұл мерекеде жастар өнерлерін ортаға салды
Айтпақшы, бұл мерекеде өнерлі жастар темір майыстырып, ерекше түрлі би қимылдарын ұсынды

Марлен Мақсатұлы,көрермен: «Шынымды айтсам, осы 20-наурызды шаттық күні деп белгілегенде, қалай өтер екен? Қалай тойланар екен деп көп ойландым. Қызық әрі ерекше өтуін қаладым. Сол үшін бүгін достарымды жиып, бас қосып бүгінгі тамаша кешке келіп отырмыз. Өзіміз де бір-бірімізге қуанышты хабарлар, қызықты әзілдер айтып отырмыз, күніміздің ерекше шаттыққа толы болуы үшін, әрине».

Шаттық күнін жастолқын осындай әсерде, осындай көңіл-күйде тойлады. Ендеше баршаға керемет көңіл күй сыйлайтын айрықша мереке келер жылы жалғасын табады деген үміттеміз.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*