Шымкентте «Өнер» фестивалі өтті

Киіз үйдегі ыдыс-аяқ, аяққап, сандық, музыкалық аспаптар, қазақтың кең дастарханы да осы көрменің төрінен табылды. Қолөнер бұйымдарынан құралған көрмені ұйымдастырған қаламыздағы №72 мектептің оқушылары. Олар «Өнер» фестивалінде алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге көшіпті.

Киіз үйдегі құндылықтар
Киіз үйдегі құндылықтар

Барлық жанрларды қамтитын қалалық фестивальде шәкірттер бар өнерлерін ортаға салды. «Шырайлы-Шымкент – Оңтүстік ордасы» бөлімінде тарихи тұлғалардың рөлін де сомдауды ұмыт қалдырмады. Басты еңбектері де осы сахналық қойылым. Осылайша олар Оңтүстік өңірінің дамуына үлесін қосқан Асанбай Асқаровтың сіңірген еңбегіне де ерекше тоқталды. Атқарған жұмыстары, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі де қойылымда көрініс тапты.

Ақ дастархан жайылып, төрге көрпе төселіп, халқымыздың қонақжайлылығынан сыр шертті
Ақ дастархан жайылып, төрге көрпе төселіп, халқымыздың қонақжайлылығынан сыр шертті

Тарихқа үңілген оқушылар Революцияның көсемі атанған саяси тұлға Ленинді де сомдады. Шығармалар мен тарихи дүниелерді оқып, оның түр-тұлғасын айнытпай салған мектеп оқушыларының аздап қобалжығаны да байқалады.

Ұқсат Төлегенов Лениннің рөлін сомдау қиынға соққанын айтады
Ұқсат Төлегенов Лениннің рөлін сомдау қиынға соққанын айтады

Ұқсат Төлегенов, №72 мектептің оқушысы: «Мен қазір Ленинді ойнап шықтым. Бар өнерімді салып ойнадым деп айта аламын. 2 ай бойы дайындалдық. Бұл рөлді сомдау алдын мен Ленинді өзімше зерттеп шықтым. Фильмдер қарадым. Кітаптар оқыдым. Аға буынмен ақылдасып, оның көптеген іс-қимылдарын жасап, жаттықтым. Маған ең қиын болғаны оның шапшаңдығы. Ол кісі өте сөзшең және ақылды болған деседі. Лезде бұрылып, халыққа бір сөзін айтқан тұстарын дәл орындауды үйрендім. Сахнада да осы бір ерекше қылығын салдым. Менің ойымша отырғандар менің қаншалықты Ленинді шебер сомадағынам риза болысты. Көбісі келіп, «Түрің, шаш үлгің де аумай қалыпты» дейді. Сондай-ақ, көпшілік маған соншалықты қошемет көрсетіп, шапалақ ұрды».

Музыкалық аспаптар да көрменің төрінен табылды
Музыкалық аспаптар да көрменің төрінен табылды

Айта өту керек, шараға мектеп оқушылары толықтай қатысқан. Олардың бірі ән салса, енді бірі би биледі. Тышқан биін билеп, көптің көзайымына айналған бүлдіршіндер де болды. Қызық әрі көңілді билеген олар баршаның назарын өздеріне аударып қана қоймай, көптің қошеметіне де бөленді.

Бақыт Өтегенов, оқушы: «Фетиваль өте тамаша өтіп жатыр. Тамашалап отырмыз. Менің ата-анам да келді. Барлығы таң-тамаша болып отыр. Мен де достарым сияқты осы фестивальге қатысқым келеді. Дәл қазір домбырада ән салып үйреніп жүрмін. Келесі жылы осы сайыста елді аузыма қаратып, ән салғым келеді. Өз мектебімнің абыройын асыруды көздеп жүрмін. Бұл менің арманым десем де болады».

Маржан Өсер, оқушы: «Мен біз сияқты өнерлі оқушылары бар мектебім «Өнер» фестивалінде жеңіске жетеді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде баршасы риза болып отыр ғой. Мынау қолөнердің барлығын да өзіміз жасадық. Сол себепті біз алдыңғы орындардан көрінеміз деп ойлаймын. Биыл тек қолөнер бойынша қатыстым, келер жылы бойымдағы өзге де өнерлерді ортаға саламын деп ойлаймын».

Арман қала Астананың сұлулығы мен маңызын әнмен шырқаған оқушылар «өнер» фестивалінің сәнін кіргізді. Осылайша өнерлілер білім ошағының абыройын асқақтатты. Айтпақшы, бұл мектепаралық сайысқа 350 бала қатысып отыр. Ал бірер уақыттан соң қалалық мектептер арасында үздіктер анықталып, жеңімпаздар облыстық фестивальде өнер көрсететін болады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*