«Шөбере сүйген жанды алшы…»

Араға ай салып, ат басын ауылға тағы бұрдым. Шеткі көшеден түсе салысымен төбемді көре сала көршімнің қыздары алдымнан жүгіре шықты. Әр барған сайын қайталанатын көрініс. Қолымдағы тәттілерді үлестіріп, бірінің бетінен сүйіп, бірін жоғары көтеріп, абыр-сабыр үйге беттедік. Байқаймын, араларында біреу көрінбейді. Гүлнұр бар, Аружан бар, Мөлдір бар, Бақнұр бар, Нұржігіт бар, тіпті кішкентай Дарын да жүр. Ааа бұйрабас деп еркелететін Аружаным жоқ екен ғой. Ол қайда? – дедім қаннен-қаперсіз.

Ішіндегі сәл естілеуі Гүлнұр жауап берді.

-Сіз естімедіңіз бе? Ол бізді тастап кетті ғой. Енді бізбен ойнамайды. Ешуақытта…

Құлағым шыңылдап кетті. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей, орнымда қалшидым да қалдым. Иә, ауырып жүргенін естігем. Бірақ кішкентай сәби ғой, жазылып кетер деп ойлағам. Бес жасар бүлдіршіннің мәңгілік мекенге аттанатындай не жазығы бар еді? Өмірден не қызық көріп үлгерді ол?.. Осындай ауыр ойлармен үйге жеткенше арпалысып келдім.

Серік Сейітманның:

О, Тәңірім!

Сыйынған саған әр жалшы,

Өмірге ғашық аңғаршы.

Шөберелерге шүйлікпей,

Шөбере сүйген жанды алшы- деген өлең жолдары ойыма орала берді.

Ешкімге өлім тілемейсің ғой. Жүз жасаса да жақын адамдарымызды жоғалтудан қорқатынымыз рас,қимаймыз. Бірақ қыршыннан қиылып жатқан жастарды көргенде Тәңірге осындай арыз айтқың келеді екен…

Алақандай ауыл. Шаңы бұрқыраған таныс көше. «Мен сізге жаттаған тақпағымды айтып берейін бе немесе сіз жоқта көшеде мынадай жаңалық болды ғой» деп үлкен адамдарша әңгімесін бастайтын Бұйрабасымның жоқтығы, алдымнан жүгіріп шықпайтыны өзегімді өртейді. Алланың ісіне не шара?! Періштем, пейіштен орын бұйырсын…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*