Сәкен Майғазиев жаңа әнді жарыққа шығарды

МузАрт тобыБелгілі МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев әнін Қалибек Дербісалдин ал сөзін Кәкімбек Салықов жазған «Аққуларды атпандаршы» атты жаңа ән жаздырды.

Өнер өлкесінен өз орнын алып, он жылдан аса көрермендерінің үлкен қошеметіне бөленіп жүрген «МузАРТ» тобы 2001 жылы сәуір айында құрылды. «МузАрт» — көне түркі тілінен шыққан, «УЗ» – сал, сері, тағы сол сияқты ер азаматқа тән қасиеттерді, ал «АРТ» — биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді. Құрылғанына биыл он жылдың жүзі болған топ бүгінде Қазақстанды ғана емес, алыс — жақын шет елдерде де өз тыңдаушыларын тапқан әншілер.
Ең алғашқы орындаған әндері Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың «Сенің көзің» деген әні.
2003 жылы 16-17 желтоқсан күндері «Өз елім» атты алғашқы жеке концертін берді.
2003-2004 жылдары Қытай халық республикасына және Ресейге ән сапармен барып қайтты.
2005 жылы топтың құрамындағы Мақсат Базарбаев жеке әншелікке бет бұрып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді.
2006 жылы Түркияда жеке концерт берді.
2007 жылы «МузАРТ» тобының құрамына жанды дауыста ән шырқау мақсатында шынайы аспаптар сүйемелдейтін музыканттар алынып, вокалдық-инструменталдық ансамбльге кеңейтілді.
2008 жылдың мамыр айында «МузАРТ» ансамблінің есеп беру концерті өткізілді. Екі күнге жоспарлаған ан­самбльдің тыңдармандардың сұранысы бойынша концерттерін қатарынан үш күн жоғары дәрежеде өткізді. Жігіттер өнерлерін тек жанды дауыста көрсетті. Осы есеп беру концертінен кейін Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының сегіз қаласына ән сапармен шарлап қайтты. Концерттерін ел ыстық ықыласпен қабылдады. Сонымен қатар, сол жылы 14-желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында «МузАрт» ансамблі Санкт-Петербургте өзінің жеке концертін беріп қайтты.
2009 жылы «Максимум» АҚ өздері шығарған минералды суға топтың атын беру туралы ұсыныс жасады. Ол Алматы облысының, Іле ауданының жанындағы скважинадан шығатын жанды су.
2011 жылы топ он жасқа толып, 27 сәуір күні елордамыз Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында мерейтойлық концертерін дүрілдетіп өткізді.
Үнемі халықтың ықыласына бөленіп, сұранысына ие болып жүрген топтың еңбектері бағаланып, осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жетті. Мәселен, Қазақ радиосының «Ән таң­дайық» бағдарламасында «Айдың үздік орындаушысы» деп танылған дипломмен; Алтын самұрық «Ұлттық үздік әнші жүлдесі» жобасының он үздігінің қатарына енгені үшін марапатталды. Осындай жемісті шығармашылық еңбегі үшін «МузАРТ» тобы әншілері: – Бесбаев Мейрамбек Әбіләшімұлы, Майғазиев Сәкен Қордабайұлы, Жанәбілов Кенжебек Тұрсынбайұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері болып, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері атанды.
Олардың өз студиялары бар. Топ құрылғалы Е. Жүнісбай арт-директор қызметін атқарып келсе, музыкалық продюссерлері болып А. Бексұлтан қызмет атқарады.
Осы он жылдық тарихында барлығы 46 ән жазылған.Олардың қатарында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Ш. Қалдаяқов пен Е. Ибрахимнің «Шынарым», Н. Назарбаев пен А. Қоразбаевтың «Үш қоңыр», Н. Тілендив пен Қ. Мырзалиевтің «Өз елім», А. Қоразбаев пен С. Оспановтың «Сағындым Алматымды», І. Жақановтың «Жайлаукөл кештері», Ж. Сейдоллаұлы мен С. Оспановтың «Асыл жазым» сияқты әндерімен қоса халық әндері мен ретро әндер бар. «Сенің көзің», «Әттең-ай», «Есіңе ал» атты альбомдары жарық көрген. Төртінші альбом дайындық үстінде. Топ қоржынында бірнеше бейнебаян бар.
Бірнеше жылдан бері ғаламтор аясында «МузАРТ тобы жанкүйерлері» деген атпен фан-клуб жұмыс атқарып келеді. Жігіттер жанкүйерлеріне де уақыт табуға әрқашан тырысады. Кішігірім кездесулер, фотосессиялар жасап, сұрақтарына жауап беріп отырады.

One Comment

  1. жалпы музарт тобын оте жаксы коремин,особенно Мейрамбек аганы

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*