Мен қалай алдандым?

102_7399 2-курспыз. Сәуірдің 1-не қараған түн еді. Жастыққа ерте бас қойдым. Ұйықтап кетіппін. Бір кезде есікті біреу қатты-қатты қақпасы бар ма? Бірге тұратын қасымдағы қыз да оянып кетіп, кеш мазалаған әлдекімге ренжіп:  «Ой ашпай-ақ қой, қазір өзі кетіп қалады» деді. Қайдағы тықылдатып ұзақ тұрды. Амалсыз орнымнан көтеріліп, ұйқылы-ояу есікті ашсам, группаласым Арнат екен. Басы салбырап кеткен. Байқаймын көңіл-күйі  жоқ сияқты. «Даяна сендерде ме?» – деп сұрады.

—      Жоқ, көрмедім

—      Жаңа екеуміз ренжісіп қалғанбыз. Енді таппай жүргенім мынау

—      Жаколарға бардың ба?

—      Иә, оларда да жоқ.

—      Назеркелерде шығар? Мүмкін Пиколарда?

—      Екеуінен де барып сұрадым. Көрмепті. Ұялы телефонын да көтермейді. Не істесем екен? Қайдан іздеймін?…(екеуінің қол ұстасып,бірге жүргендеріне бір апта ғана болған)

Арнат жерге отыра кетті. Жабырқаулы жүзін көріп, өзімше «Ой, Даяның ашуы шәйі орамал кепкенше ғой. Ертең-ақ ұмытып кетеді. Алаңдама, өкпесін өзіміз-ақ жазып аламыз» деп жұбатып қоямын. Сөйтіп тұрғанда екі өкпесін қолына алып,  досымыз Ердана келді. Келді де Арнатқа дүрсе қоя берді.

—      Сен мұнда не істеп отырсың?

—      Даянаны таппай басым қатып отыр.

—      Ей, сен оның қайда екенін білесің бе? Неге ренжітесің? Ол – далада. Балконға шықсам, жападан-жалғыз, жылап отыр.

Арнат орнынан ұшып тұрды. Енді не істейміз? Бір-бірімізге қараймыз. Тығырықтан шығатын жол іздеуіміз керек. Ойлана келе екеуі «апаймен сөйлесіп көрсең қайтеді, мүмкін кіргізіп қалар» деп жалынды. Сол күні вахтада ең қатал Роза апайымыз кезекшіліктетұғын. Апайға «есікті ашып, Даянаны ішке кіргізіңізші»  деп екі сағат жалынған шығармын. Рұқсат етпейді. «Апай соңғы рет кіргізіңізші. Желең киіммен отыр. Ауырып қалады» деймін.    Селт етпейді. Қайталап айта бергесін апай ашуға мінді. «Ой,Әйгерім сендер үнемі осылай басты қатырасыңдар. Сағат түнгі 1-ден асты. Ал жатақхананың есігі 23.00-де жабылған»… Менде қайтпаймын ғой. Енді болмаса жылап жіберуге шақ тұрмын… Дегбірсізденіп тұрған түрімді көріп апай сәл жібіді. Қолыма ақ парақ пен қаламсап ұстатып, түсініктеме жазуымды бұйырды. Не себеп жазсам екен?.. Арнат пен Ердана төбемде төніп тұр…

Түсініктеме

Группаласым Тоқбергенова Даянамен болмашы нәрсеге ренжісіп қалғанмын. Сағат түнгі  00:00-ден кейін жатақханадан жабыла іздедік. Жоқ. Сөйтсек сыртқа шығып үлгеріпті. Аяғын олай ушығып кетеді деп ойлаған жоқпын. Екінші ондай қылық қайталанбайды. Есікті ашыңызшы.

Әйгерім Бегімбет

31.03.2010    сағ. Түнгі 1.30

(бұл жазған түсініктемем әлі сақтаулы)

Дәл осылай жазып, апайдың қолына ұстаттым. Апай жіті оқып шықты да, Арнат, Ердан үшеуі көздерінен жас аққанша күлді. Түкке түсінбей, аң-таң күйде мен тұрмын. Сөйтсем, сағат 1-ден асып кеткесін «Күлкі күніне» ұйымдастырған ойындары екен ғой…

Осылайша, 1-сәуірдің таңы атпай жатып алданып қалғанмын… Зілсіз, ешқандай зияны жоқ алдаулардың ешқандай сөкеттігі жоқ меніңше. Күліп жүріңіздер, өмірлеріңіз ұзақ болсын!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*