Мазасыз ойлар…

Күн демалыс. Атакенттің маңайында ағылған адам. Көптің ішінде мен де жүрмін. Қарсы алдымнан жасы елуді алқымдаған қазақ апайы жолығып, «Қызым өмірде шын бақытты болғың келе ме? Онда мына кітаптарды оқып шық» деп қолыма әдемі безендірілген бірнеше кітап ұстатты. Жүзі сондай мейірлі… Ашып қарасам Исаны уағыздаған Інжілдің кітаптары. Умаждап қоқыс жәшігіне лақтырдым. Отбасының берекесін сақтап, немерелеріне бесік жырын айтып отыратын шақта өзге діннің шырмауына шырмалғаны несі?.. Аядым…

***********************************
Бірде жол түсіп, балалар үйіне ат басын бұрғанбыз. Жаутаңдаған жанарлар… Мұң ұялаған көздер… Ертеңіне алаңдаған тағдырлар… Бөлмелері мұнтаздай тап-таза. Бәрі бар. Ойыншық дейсің бе, кітап дейсің бе, толып жатыр. Тек, ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі жетіспейді. Көзқарастарынан жан жылуына зәру екендіктері байқалады. Жүрек құрғыр шым ете түсті… Тәп-тәтті, сүп-сүйкімді қазақтың қара домалақтарын ата-аналары көздері қиып қалай тастап кетті екен?.. Белгісіз…

**************************************
Бағыттағы көліктердің бірі. Екі орындыққа көрікті апай 8-9 жасар ұлымен жайғасты. Еріксіз әңгімелеріне құлақ түрдім. Анасы: – Қазір кім келсе де орныңнан тұрма. Саған да ақша төлеймін. Бала басын изеді. Келесі аялдамадан егде тартқан аға мінді. Орын берілмеді. Міз бақпай аналы-балалы екеу отыр… «Қазір жастар қоғамдық көлікте орын беруді білмейді» деп үлкендер жағы жиі ренжіп жатады. Әрине, ата-анасы кішкентайынан баланың санасына жаңағыдай ақыл құйса, үлкенге – құрмет, кішіге – ізетті қайдан көрсетсін?.. Ойланатын-ақ нәрсе…

************************************
Ызғар аяз денемді қарып барады. Мен жаурай бастадым, ақ қайың сен ше?
Әлде өзіңнің саяңда кездесетін қос ғашықтың өрттей алаулаған махаббаттарынан жылынамысың?… Білесің бе, мен қазір түсініксіздеу күй кешіп жүрмін. Бұрын жүзімнен күлкінің табы кетпейтін. Бүгінде сан сұрақтар жанымды жегідей жеп, қиналыңқырап жүрген жайым бар. Көңілімнің кіршіксіз ақ айнасын сындыратын адамдар да көбейіп кетті. Кейде бар ғой, табанымның астында тапталып жатқан ақ қарды көріп, “неге адамдардың көңілдері осы ақ қардай пәк, таза болмайды екен” деп ойлаймын. Өткінші өмірде бір-бірлерінің жүректеріне өшпестей із қалдырып, ренжітетіндері несі екен?.. Үнсізсің… Мұңайып тұрсың… Тілің болғанда ғой, менің сауалдарыма сөзсіз жауап берер едің сен. Тоңып, белгісіз жаққа асығып жүрген адамдарды емес, сидиған мына түріңді көріп, ақ қайың, сені аядым. Шыдашы! Көгілдір көктемде қайта жасыл жапырақтарыңды жаясың. Мен де серпілермін бір…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*