Мәңгілік біз сіздерге борыштармыз…

Қос қамқоршым...
Қос қамқоршым…

Мейірбан анашым менің … Біз үшін қаншама қиындықтарды басыңыздан өткерсеңіз де мойымадыңыз, жасымадыңыз. Қазір ойлап қарасам, балалық сезімнің жетегіне еріп, сізді сан мәрте ренжітіппін-ау. Ал сіз барлығына да төзімділікпен қарадыңыз. Еркеліктерімді көтеріп, ағаттықтарымды кешіре білдіңіз. Осы уақытқа дейін жаныңызға көп жара салсам кешіріңізші… Маңдайыңызға түскен әрбір әжім мен самайыңызды шалған әрбір қырауға қосқан үлесімнің шексіз екенін білемін. Кейде «бір өзің он балаға татисың-ау» деп ренжитініңіздің мәнін енді жырақта жүргенде ұғынып жүрмін. Өмірдің әділетсіздіктерінен түңілген сәттерде  сіздің «Айналайын, құлыным» деген бір ауыз сөзіңіз қаншама күш-қуат береді. Жаныңыздан қанша ұзап кеткім келмесе де, қазір басқа қаладамын. Сіздің жалғыздықтан жабығатыныңызды ойласам, бәрін тастап ауылға, сіздің қасыңызға қайтқым келеді…

Аяулы әпкем менің… Қайда барсаңыз да мені жаныңыздан бір елі қалдырмайтынсыз. Қазір де солай ғой. Танымайтын өзге адамдар болса «қызыңыз өзіңізден аумайды екен» деп мінездерімізді, кескін-келбетімізді ұқсатып жатады. Әркез кемшілігімді түзетіп, ақыл-кеңес беруден, білмегенімді үйретіп, дұрыс жол көрсетуден жалыққан емессіз. 7-сыныпта оқып жүргенімде ғой, «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жазуымызды тапсырғанда «әпкем секілді кітапханашы боламын» дегенім есімде. Бұл да болса сізді өте, өте, өте жақсы көргендігі мнен болар. Шығармашылық жолға түсуімді қалап, тәрбиелеген де өзіңізсіз. Кейде үйге барғанымда анам екеуіңіздің  мені бір-бірлеріңізден қызғанып қалатындарыңызды байқаймын. Бірақ мен сіздерді бір-бірлеріңізден бөле жармаймын. Қайта менің екі анам бар деп мақтанышпен айтып жүремін.

Менің дүниедегі ең асыл, ең қымбат жанашырларым! Сіздерді алдымызда ұзақ та бақытты ғұмыр сүрсе екен деп, шаршамай, ауырмай жүрсе екен деп,  Алладан күнде сұраймын. Мен өзіме-өзім уәде бергенмін. Меккеге арқалап апарып қайтпасам да, аялы алақаныма салып өтермін деп…

Қос қамқоршым, қос еліктеріңіздің қызығын көруге сіздерге Алла Тағала жазсыншы…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*