Ляңгі қандай ойын?

Ляңгі тебе білесің бе? Ол қандай ойын? Бұл сұраққа жауап беру ересек жігіттер үшін қиындық туғызбас. Өйткені, кез келген қазақ баласы ұлттық ойын саналған ляңгіні теуіп өскен десек артық айтпаспыз. Ашық алаңқайда бір топ балалармен бірге ойнау өте қызықты болса, екіншіден барлық бұлшықеттер қимыл-қозғалысқа түсіп, дене жұмысының қызметі де жақсара түседі, әрі спорт.

Өкініштісі, 80-90 жылдары жастардың арасында, әсіресе ауыл жастарының арасында өте кең тараған ойындардың бірі туралы мәлімет аз. Оның шығу тарих туралы да білеріміз аз. Қашан және қалай пайда болғандығы жөнінде жазылған жазбалар жоқтың қасы.

Ляңгі. Сурет kettik.kz сайтынан алынды
Ляңгі. Сурет kettik.kz сайтынан алынды

Мәселен, бүгінгі заманның бүлдіршіндері бұл ойыннан мүлдем хабарсыз. Қаланың компьютерге телмірген бүлдіршіні оны қайдан білсін. Қалада алаңға шығып, алаңқайда доп тебу, алысып-жұлысып жүгіру, бой сергіту немесе асық ойнау деген мүлдем жоқ. Ата-анасы жұмыста, үйде бір өзі қалады, серігі интернет. Сондықтан, ертеректе балалардың сүйікті ойыны саналған ляңгі ойнамақ түгілі естімеуі де мүмкін.

Ашық алаңда ляңгі тебу
Ашық алаңда ляңгі тебу

Ал үлкендер бұл ойынды сағынышпен еске алады. Алдымен асық ойнау болса, одан кейінгі орында ляңгі тебу. Ешкімнің терісінен жасалатын ляңгіге қорғасын құю да өзінше қызық дейді ойнағандар. Сондықтан біз бүгін сол ойынның әккі ойыншылары мен ол туралы аз-кем білетін ойыншылардың пікірін ұсынып отырмыз.

Нұрбек Бекбау
Нұрбек Бекбау

Нұрбек Бекбау, журналист, 25 жаста:»Шынымды айтсам, ляңгі тебе алмаймын. Бала кезде де ойнамаппын. Бірақ бірді-екілі теуіп көрмек болғанмын. Алайда үйрене алмадым. Былай ләңгі ойыны жақсы ғой. Біріншіден, аяқты, денені жазуға көп көмегі бар. Екіншіден, ләңгіні жасау түптің түбінде баланы нағыз ер етіп шығарады. Себебі ләңгі жасауға қорғасын керек. Ал ол қорғасында қайнату, оған қалып жасаудың өз қиындығы бар. Екі көздігін де дұрыстап жасау керек. Кішігірім металлургтың жұмысы. Машақаты көп. Сонысымен де қызық ойын».

Мұхтар Сейітжаппаров
Мұхтар Сейітжаппаров

Мұхтар Сейітжаппаров,облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім бастығы, 33 жаста: «Әрине, ляңгі ойнай аламын. Бірақ, бала кездегідей емес. Ляңгі теуіп, талай рет аяғымды ауыртқан сәттерім де есімде. Оқып жүріп, үзіліс кезінде топ-топқа бөлініп жарысатынбыз. Тіпті, ляңгі тебеміз деп талай рет ата-анамыздан сыбаға алған кездеріміз де болған. Ол адамды жылдамдыққа, дәлдікке, шыдамдылыққа үйретеді. Ляңгіні де өзіміз жасап алатынбыз. Автокөліктердің акумляторындағы қорғасынды алып, бос темір ыдысқа ерітіп, жерді домалатап ойып, ортасына екі сіріңкенің шиін тығып, еріген қорғасынды соған құятынбыз. 10-15 минуттан кейін қорғасын дайын болады. Ал қойдың немесе ешкінің терісін қорғасынға лайықтап кесіп алып, тері мен қорғасынды жақсылап байлайтынбыз. Қазіргі кеде бұл ойын туралы қаладағы балалар түгілі ауылдықтығылар да ойнамайды. Әр баланың әкесі ойын туралы айтып, оның жасалуы жөнінде көрсетсе, олардың қызығушылығы оянар еді деп ойлаймын. Бүгінде ләңгі теппегеніме кемінде 15 жыл болып қалды, бірақ балалық шағымдағы ойнаған сәттерім есімнен шыққан емес. Жақында жолдас балам екеуміз қаламыздағы «Ескі шахар» деп ататалатын мөлтек аудандағы құрылыс заттарын сататын дүкендерге бардық. Сол жердегі оралман бауырларымыздың бірінің қолындағы ләңгіні көріп, сол жерде балалық шақты еске түсіріп аздап теуіп те көрдік. Әрине, қазіргі жастардың компьютер клубтарында атыс-шабыс ойындарын ойнағаннан гөрі осындай ойындарға қызығушылығын оятсақ, ұлттық дүниелерімізді насихаттап, жаңғыртсақ дұрыс болар еді».

Бастар Есқараев
Бастар Есқараев

Бастар Есқараев, ОҚО бойынша мемлекеттік бас еңбек инспекторы, 50 жаста: «Мен 8-9 жасымда ляңгіні өте жақсы ойнағанмын, бірақ көп емес. Ляңгі — өте қызық, бірақ ережесі жазылмаған ойын. Фабричный ляңгілер болмағандықтан, қолдан (кустарный) жасап алатынбыз. Қазір қанша рет ұтылып, қанша рет ұтылғаным есімде жоқ. Білетінім, оның «финттері», яғни бірнеше ойнау түрлері болатын. Мәселен, «люри», «бір пара люри», «екі пара люри» деген сияқты. 1972-1975 жылдары өте кең таралған. Қазір сол ойынды қайта жандандырып, спортпен байланыстырса да болады».

Ал оқырман сіз, ляңгі ойынының шығу тарихы мен атауына қатысты оқыған немесе естіп білгеніңіз бар ма? Ляңгі жайында төменде жазба қалдыруларыңыз!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*