Ирландияда оқып жүр бір қазақтың баласы

Азат Абдулаев
Азат Абдулаев

Ол 14 жасында — ақ студент атанған

Азат Абдуллаев – 14 жасында мектеп бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанған ерекше жігіт. Қазір Азаттың жасы 20-да. Ол Ирландиядағы Дублин универ­ситетінің PhD докторантурасында физика мамандығы бойынша білім алуда.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Азатты тыңдап көрейік.

«Мектеп табалдырығын 5 жасымда аттадым, – дейді Азат. – Өйткені үш жасымда-ақ 100-ге дейін санап, 42 әріпті жаттап алған болатынмын. Шымкентте бірнеше мектеп жасың кішкентай, оқу бағдарламасына ілесіп кете алмауың мүмкін деп қабылдаудан бас тартты. Әйтеуір №64 орта мектептің ұстаздары сенім артып, оқуыма мүмкіндік берді.

Ортаға тез сіңісіп кетіп, сыныптастарымды оңай-ақ қуып жеттім. 6 жасымда бірден 3-сынып­қа көшірілдім. Есепке жүйрік болдым. Сандардың квадраты мен төрт дәре­жесіне дейін жатқа айтып беретінмін. Ал 4-сыныпты екі тоқсан ғана оқып, 5-сыныпқа қарғуыма тура келді. Сол жылдың аяғында арнайы тест тапсырып, 6-шы сыныпты оқымай 7-сыныпқа өттім.

Мүмкін кейбіреулер мені сыныптан-сыныпқа аттап жүріп балалық шағынан ерте қол үзді деп ойлайтын шығар. Жоқ, олай емес. Мен де қатарластарыммен футбол, баскетбол және тағы басқа ойындарды көп ойнайтынмын. Мектептегі балалар­мен жақсы қарым-қатынаста бол­дым. Жасым олардан кіші болғанымен де олар мені өз қатарластарындай көрді, сондықтан менде олармен түсініс­пеушіліктер болған емес. Бірақ мен таң атқаннан кеш қарайғанға дейін ойын қу­мадым. Әкем әр істі орын-орнымен істе­тетін. Үш жасымнан бастап күнде ағам орнатып берген білтемірге тартылып, мұздай суға шайынып, дене жаттығуларын жасауға дағдыландым. Ата-анам менің келешекте тек оқудан ғана емес, спорт жағынан да мықты болуымды қалады. Сондықтан бос уақытымда каратэ, гим­настика, сондай-ақ айкидомен айналыстым. Жаттығулар жасағаннан кейін әкем екеуміз сабақ оқуға кірісетінбіз. Түске дейін математика, география, қазақ тілі, әдебиет сабақтарын оқитынбыз. Түстен кейін міндетті түрде бір сағаттай ұйықтап, тынығатынмын. Сосын бір-екі сағат сандардың квадраттарын, кубтарын жаттап, әкеме айтып беретінмін. Бұл ми­ды жаттықтыру үшін жасалынатын. Сөй­тіп, сағат 4-5-те босайтынмын. Түнгі 10-ға дейін далада асыр салып ойнап келе­мін де, төсегіме қисаямын. Күнде-күнде менің атқаруым тиіс осындай істер болатын. Бір жолы әкеммен шахмат ойнап, ол кісіге «мат» қойдым. Сосын мені шахмат клубына жаздырды. Ағам екеуміз апта сайын шахмат клубына барып жүрдік. 1998 жылы өткен республикалық шахмат турнирінде жеңімпаз атанып, Ү дәрежеге көтерілдім. Сырттан қарасаңыз менің балалық шағым біртүрлі көрінетін шығар, бірақ мен еш өкінбеймін. Себебі қазір сол еңбегімнің жемісін көріп жатырмын.

7-сыныптан бастап оқуымды Алматыдағы дарынды балаларға арналған Жәутіков атындағы физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектепте жал­ғастырдым. Ол кезде менің жасым бар болғаны 9-да еді. Қабілетіме қарай, арнайы жасал­ған дербес бағдарламамен оқыдым. Бірнеше компания мен Шымкент қаласы әкімінің арнайы шәкір­та­қысын иелендім. Орыс, ағылшын тіл­дерін еркін меңгердім. 50-ге дейінгі кез келген санның төртке дейінгі дәрежесін калькулятордан бұрын есептеп беретінмін.

2001-жылы Алматыда анам екеуміз Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдық. Біраз уақыт сөйлестік. Президент өзінің ағалық ақыл- кеңесін берді. Елбасы менің интернатта жатып, ата-анамды жиі сағынатынымды естігесін Алматыдан үй берді. Көп ұзамай Шымкент­те тұрып жатқан ата-анам көшіп келді. Қазір сол Президенттің берген пәтерінде тұрып жатырмыз.­

14 жасымда мектепті ойдағыдай аяқ­тап, ҚазҰУ-дің физика-математика фа­культетіне оқуға түстім. Студенттік өмір. Жаңа орта. Жаңа достар. Дәрістер, оқу залында оқыған кітаптар, емтихандарға дайындалған түндер, ер­келігімді көтеретін топтастарым ешқашан ұмытылмайтын шығар. Студент кезімде кореялық POSCO компаниясының арнайы шәкіртақысын алдым. ҚазҰУ-да білім алғанымды мақтаныш көремін.

Мен төрт сыныпты аттадым. Кей кез­дері өзіңнен үлкен балалардың әңгіме­леріне ілесе алмай немесе олардың ойын түсінбей қалатын жағдайлар болды. Сол кезде арадағы жас айырмашылығын сезінесің. Бірақ мен оған көп мән бермей­тінмін. Өзімнен үш-төрт жас үлкен ұл-қыздармен оқығаныма ешқандай өкіні­шім жоқ. Кішкентай кезімнен өзімді аса да­рынды деп санамаймын. Ата-анам: «Кішіпейіл бол, бас­қаларды өзіңнен төмен санама және жаныңдағы адамдармен санаса біл», – деген ақылдарын үнемі құлағыма құйып отыра­тын. Соның арқасында мен кез келген адаммен жақсы тіл табысып, достасып кететінмін.

Қазір мен Ирландиядағы Дублин университетінде PhD докторантурада білімімді жалғастырудамын. «Оптикалық коммуникациядағы лазерлар» саласы бойынша зерттеулер жүргізудемін. Бұл жақтың білім беру сапасы өте жоғарғы деңгейде, студентке өзіндік жұмыс жасауға көп уақыт бөлінген. Материалдың кез келген түрімен қамтамасыз етеді, бірақ зерттеулерді өз бетіңше жасап, өзің ізденуің керек.

2011-жылдың 1-желтоқсанында Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының форумына қатыстым. Елбасыға арнап: «Осыдан он жыл бұрын

Бір топ қазақстандық студенттер
Бір топ қазақстандық студенттер

кездескенімде маған физика және мате­матика ғылымымен шұғылдануды аманат еткен едіңіз. Содан бері бұл менің өмірлік ұстанымыма айналып келеді», – деп сөз сөйлеуіме мүмкіндік туды. Шет елде алған білімімді өзіміздің ғылымның өркендеуіне жұмсасам деймін. Алған білімімді қаншалықты қолдана алатынымды қазір айту қиы­нырақ, бірақ бар ынтаммен жұмыс істейтініме сенемін. Әдетте мен алдыма қысқа мерзімдегі мақсаттарды қоямын. Қазіргі таңда докторантураны жақсы бітіріп, мақаламды халықаралық журналдарда шығарсам деген мақсат тұр. Бұған алдыңғы екі жылда қол жеткізуім керек.

Біз жырақта ел аумағында болып жатқан жаңалықтарға құлағымызды түріп жүреміз. Тілейтінім – халқымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы ғана. Қандай қызмет істесем де ел игілігіне жараса болды».

Міне, Азат Абдуллаев осындай азамат. Біздің барлық жас­тарымыз Азат сияқты білімқұмар, ізденімпаз болса, алдарына осындай биік мақсаттар қойып жүрсе ғой, шіркін!

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*