Еліміздің ең үздік жас өнерпаздары анықталмақ

Шымкентте дәстүрлі Республикалық «Арай-2013» жас эстрада әншілері және облыстық мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы тартысты басталды. Өнер додасына еліміздің ең таңдаулы 16-28 жас аралығындағы 33 өнерпаз қатысып отыр. Солардың 15-і — біздің жерлестеріміз.

Көрермендерді сергіту сәті.
Көрермендерді сергіту сәті. Бишілер би билеп, жас әншілерге қолдау көрсетті

Мәдина Өтебай, Ерік Серіктегі, Жұлдыз Намаз, Набира Ақынбекова, Бағдат Сейтбеков, «Қуаныш, Айдар, Қуат, Нұрбек» квартеті, Мархаббат Бейсенова, Мұхтар Қосыбай, Серік Нұрекеев, Салтанат Мұханова, Ақниет Олжа, Болат Құрманәлиев пен Айдана Сапарбаева, Сержан Исаев, Гүлхия Жуашбаева, Жанар Исмайлова — жас өнерпаздар арнайы іріктеуден өтіп, байқауда облыстың атынан шығуға жолдама алған. Ал биылғы өнер бәсекесінің ерекшелігі — жас әншілер мен қатар мәдени іс-шаралардың үздік жүргізушілері де анықталады. Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, ОҚО Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры Әбдіхан Нұрмағанбетов, композитор Айжігіт Асанов, ОҚО саз колледжінің оқытушысы Балзия Абирова бар. Ал ҚР Мәдениет Министрлігі, Мәдениет комитетінің музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов төрағалық етуде. Көптен күткен ән байқауын ОҚО әкімінің орынбасары Әли Бектаев ашық деп жариялап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Самал Еділбаева
Самал Еділбаева

Сахна төріне бірінші болып шығып, көпшілік алдында өнер көрсету үлкен жауапкершілікті талап ететінін үміткерлер ғана жақсы сезінеді. Сонымен республикалық «Арай-2013» байқауының шымылдығын Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Атамекен» әнімен Оңтүстіктің аруы Мәдина Өтебай түрді. Бірақ жас әнші әнді сәтсіз бастады, сондықтан соңы да ойдағыдай шықпады десті көпшілік қауым.

Мәдина Өтебай, жас әнші: «Мен бұрын-соңды ешқандай ән додаларына қатысқан емеспін. Сондықтан болса керек, қобалжып, әнімді ойдағыдай орындап шыға алмадым. Мен бұдан да жақсы орындауым керек еді. Сондықтан ақтық сынға өтіп жатсам, бұл қобалжуды жеңуге тырысамын». — Мен Оңтүстік өңірін жерге қаратпауым керек, дейді жас әнші.

20 жасар жерлесіміз Ерік Серіктегі сахнада 2-ші болып өнер көрсетті
20 жасар жерлесіміз Ерік Серіктегі сахнада 2-ші болып өнер көрсетті

Ал сахна төрінде екінші болып өнер көрсеткен жерлесіміз Ерік Серіктегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне, Бекболат Тілеухановтың әінен жазылған «Жерім менің» әнін орындады. Жас өнерпаз «Толқу-қобалжу сезімдері болды әрине. Қалай болар екен деп уайымдадым да. Сахнаның аты — сахна. Киелі орын. Бірақ сахнаға көтеріліп ән салғанымда көрермен қауым қол соғып, құрметін жеткізді. Сол кезде ол сезімдердің барлығы да артта қалды. Ән орындауым ойымнан шықты, өзіме ұнады. Тіпті би қимылдарым да жарасып тұрды деп ойлаймын. Бәрінен бұрын, мен өзіме сенімді бодым. Бірақ, алдын-ала мен 1-ші немесе 2-ші орын аламын деп айтпай-ақ қояйын, себебі қарсыласытарым осал емес. Қалай болғанда да менің айтқан әнім көпшілктің көңілінен шықты, бастысы осы», — дейді әсерін жасырмай.

Ал байқаудың ең жас үміткерлерінің бірі шымкенттік Ақниет Олжа. 16 жасар ару сахнада 22-ші нөмірде өнер көрсетті. Байқауда Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әнін әуелете, шарықтата шырқаған Ақниет «Жүлдеден үмітім бар. Себебі мен талай республикалық, халықаралық байқаулардың бас жүлдесін қанжығама байлағанмын. Сондықтан «Арай-2013″ маған жеңіс сыйлайды деп үміттенеін. Болашақтағы арманым — эстраданың жарқын жұлдызы болу, арманыма жету үшін еңбектенуден шаршамаймын» дейді. Жас та болса ән әлеміне өзіндік өнерімен қадам басқан Ақниетке сәттілік тіледік.

Ең жас үміткерлердің қатарында шымкенттік Ақниет Олжа да бар.
Ең жас үміткерлердің қатарында шымкенттік Ақниет Олжа да бар.

Айта өтейік, «Арай» байқауынан қанаттанған қазақ эстрадасының әншілері жетерлік. Мәселен, Медеу Арынбаев,  Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрлан Еспанов, Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Түнтеков, «Жігіттер» квартеті, «Мұнарлан» тобы, т.б. Ал байқау жеңімпаздарының есімі бүгін арнайы ұйымдастырылған гала-концертте жарияланатын болады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*