Ең қауіпті мамандық қайсы?

Халықаралық International Press Institute (IPI) баспасөз құқығын қорғау ұйымы «Әлем елдерінің үкіметтері журналистерге қатер төндірушілермен күресті өз мойнына алуы керек» деп мәлімдеді. Ұйым бұл туралы қарашаның 22-сі күні жазаланбаумен күрес күніне орай өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

IPI келтірген дерек бойынша, 2012 жыл БАҚ үшін ең қауіпті жыл болған. Биыл әлемде кәсіби қызметін атқару кезінде 119 журналист қаза тапқан.

Журналистің ең бірінші көмекшісі-оператор

Бұл сандарды көріп, журналистиканың қауіпті мамандық деп отырған боларсыз. Ия, рас оның қиындығы да, қызығы да бар. Мамандық иесін, адам мамандығын дұрыс таңдаса болғаны. Көзбен көріп, қолмен ұстап көрмеген әңгіме айтпасын дегендей, өтірікпен сюжет жасап, халыққа соқыр ақпарат беруге болмайды. Журналисттің қаруы-қаламы. Соның өзі шындық деп шырылдап, әділдік іздеп сарпылса ғана шынайы болмақ.

Расында да күнделікті жұмыста жүріп оның қаншалықты маңызы барын біле бермеуіміз де мүмкін. Десек те, әр қызметтің өз қиындығы мен қызығы жетерлік. Оңай мамандық жоқ, бірақ оның зияны туралы ескере жүрген абзал.

Канада мен Англияның әлеуметтанушы ғалымдары қауіпті қызметтегілердің ішіндегі ең қатерлісі құқық қорғау органдарының қызметкерлері деп атады. Өйткені үнемі қиын және әртүрлі жағдайда жүретін құқық қорғау саласы мен жол полициясы қызметкерлері қашанда алғы шепте. Өткен жылы Қазақстанда қызметтік міндетін атқару барысында 9 полиция қайтыс болып, 14-і жарақаттанды. Оның үстіне өткен жылы Таразда және республиканың әр аймағында орын алған тосын оқиғалар да біраз полиция қызметкерлерінің өмірін алып кетті.

Алайда Қазақстан үшін қазір ең қауіпті мамандық жүргізуші болып отыр. Бір ғана мысал, 2011 жылы 2707 адам жол апатынан қаза тауып, 14 мыңнан астам жүргінші жарақат алған.

Ал БҰҰ-ның мәліметі бойынша әлемде жылына 14 миллионға жуық адам жол-көлік оқиғаларының салдарынан өмірмен қоштасып, 30-50 миллион адам зардап шегеді. Бұл 2010 жылға қарағанда аз, алайда жарақат алғандардың саны 1 пайызға артқан. Міне, жүргізушілердің бүгінгі таңда адамзатқа келтірер зияны осылай болып тұр. Бұл әрине, әртүрлі жағдайларға байланысты, біріншіден жылдамдықты арттырудан, жол сапасы және басқа да қауіпсіздік шараларын сақтамаудан орын алып отыр.

Алайда қауіпті мамандықтардың қатары бұл ғана емес. Одан да қатерлісі бар, Ол — шахтер. Ағылшын және канадалық социологтар келтірген дерекке сенсек, шахтерлердің қауіпті тәуекелдік көрсеткіші — 8,3 балды құраған. Расында да солай. Халықаралық Еңбек ұйымының мәліметтеріне сенсек, әлемде 270 миллион адам әртүрлі дәрежеде өндірістік жарақат алады. Соның салдарынан 2 миллионға жуық адам қайтыс болады. Әлемде әйелдерге қарағанда ер кісілердің жарақат алу көрсеткіші 90 пайыз жоғары.
Негізінен жер жаһандағы көмір өндірісінің басым бөлігі төрт елде орналасқан. Әлемдік көмір қорының 27 пайызы — АҚШ-та. Ал Ресейде-17%, Қытайда-13%, Үндістанда 10 пайызы бар. Дерекке сенсек, әлемдегі көмір өндірісінде 9 миллион адам жұмыс істейді. Соңғы ондаған жылда көмір өндірісінде төтенше және апатты жағдайлар азайды десек те, әлі де шахтер қауіпті мамандық қатарында. Әсіресе, Қытайда өндірісте болатын апаттардың 80 пайызы шахталарға тән болып отыр. Chіna Coal Statіstіcal Іndustry Yearbook агенттігінің ақпаратына қарағанда, Қытай шахталарында жыл сайын 5,6-7 мың шахтер жер асты апаттарының құрбаны болады. Қытайдағы ең үлкен апат 1942 жылы болды, онда жерасты жарылысының салдарынан 1572 адам опат болды.
Сонымен қатар Австралиядағы жерасты кеніштерінде де өлім аса көп. Украинаның көмір кенішінде 2011 жылы 155 шахтер апаттың салдарынан үйіне оралмады. Ал жыл сайын әлемде 10 мыңнан аса адам жер асты апатының құрбанына айналады.

Ағылшын әлеуметтанушыларының зерттеуінше, актер де қауіпті мамандықтың қатарына енеді. Алайда бұл қаншалықты сенімді? Ағылшын социологтары бұл жайтты мына мәселемен түсіндіреді: көрерменге қызмет ететін актерлер қашанда іссапарда, гастрольде жүреді. Сондықтан әртүрлі образға еніп, көрерменнің көз алдында жүретін әртіске психологиялық жағынан ауыр.

Ал AskMen.com агенттігі ең ауыр және қауіпті мамандық иелерінің қатарына күнделікті асханалар мен мейрамханалардағы ыдыс жуушыны атаған. Күні бойы судан қолы босамай, қалдық тамақты сыпырып, тазалап жуатын бұл жұмыстағылардың еңбегі шындығында аяуға тұрарлық. Оның үстіне ең төменгі жалақы да осы жердегілерге тиесілі.

Біздің ел үшін бұл мамандық аса қауіпті емес шығар, алайда орманда ағаш кесушілердің жұмысы әлемнің бірталай елдерінде қатерлі. Әсіресе, орманы көп Германия мен Австралия және АҚШ-та ағаш кесушілердің өлімі басқа мамандықтарға қарағанда 11 есе артық болып отыр. Америкалық сарапшылардың айтуына қарағанда, жылына ағаш кесушілерге қатысты 30 мыңнан аса төтенше жағдай болып тұрады екен. Атап айтар болсақ, өткір араның қолды немесе аяқты кесіп кетуі мен жұмысшылардың ағаш астында қалуы секілді жағдайлар жиі орын алып тұрады.

Сонымен қатар қасапшы мамандығы да қауіпті жұмыстардың қатарынан орын алады. Дәрігерлердің айтуынша. Әрбір үшінші қасапшы әртүрлі дәрежеде жарақат алады. Әсіресе, қол мен саусақты кесіп алу сияқты жарақаттар оларда жиі ұшырасады.

Ал мемлекетті басқару да қиын ба? Қиын және қауіпті. Шетелдің бірқатар зерттеу агенттіктері мемлекет басқаруды қиын мамандықтың қатарына енгізген. Шындығында солай ма? Сенімсіздеу болса да, мысалдар келтіре кетейік. Ресей императоры Николай ІІ, АҚШ президенттері Джон Кеннеди мен Уильям Мак-Кинли, Португалия королі Карлуш І, Швеция премьер-министрі Улаф Пальме, Конго премьері Патрис Лумумба, Үндістан басшысы Индира Ганди, Ауғанстан басшысы Мухаммед Надир-шах қанішерлердің қаскөйлігінен қаза тапқаны белгілі. Алайда шахтерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен ағаш кесушілермен салыстырмалы түрде қарағанда мемлекет басшыларының қызметі өте қауіпті деу сенімсіз. Қалай айтқанда да, олардың қауіпсіздігі мемлекеттің арнаулы қызмет орындарының қатаң бақылауында болатынын ұмытпау керек.

Журналисттің қазаны қайнап жатыр

Қазіргі таңда журналистердің қызметі де өте қауіпті екендігі сөзсіз. 2011 жылы әлемде 106 журналист қызмет бабында қайтыс болды. Әлемнің «ыстық нүктелерінде» жүріп, халықты болып жатқан соңғы оқиғалармен қамтамасыз ететін БАҚ өкілдері шындығында қауіп-қатердің ортасында жүреді. 2008 жылы 105, ал 2009 жылы 122 журналист бораған оқ пен оттың арасында жүріп мерт болған.
Бірқатар агенттіктің хабарлауына қарағанда, қазіргі кезде ең «ыстық нүкте» Пәкстан мен Мексика болып отыр. Аталған елдерде өткен жылдың қаңтар айынан бері оннан аса журналист қайтыс болған. Одан кейінгі орындарда Ирак пен Ливан, Гондурас пен Сомали елдері тұр. Былтырғы «араб көктемі» оқиғасынан бері аталған мемлекеттерде жетпістен астам журналист көз жұмды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*