Дисплазияда баланы құндақтауға болмайды

Кейінгі уақытта сәбилерде ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деген сырқат жайында жиі құлағымыз шалатын болды. Аңдамаса, ана құрсағында жатқанда-ақ жабысатын бұл кеселдің ақыры сәбиді кемтар етуі әбден мүмкін. Яғни, бір аяқтың екінші аяқтан кемдігіне әкеліп соғады.
Әрине, бауыр еті баласына ортан жіліктің ұршық басы дисплазиясы деп ортопед анықтама бергенде, бұрын мұны естіп-білмеген ата-ананың төбесінен жай түскендей қалыпта болатыны сөзсіз. Сенер-сенбесін білмей сенделіп, сары уайымға салынғандардың бірі өзім болдым. Сондықтан да бұл мәселені зерттеп, зерделеп көрсетуге ұмтылдым. Бұл не? Алдымен соған тоқталсақ. 

Жамбастағы жіліктің ұршық басы дисплазиясы сәби жатырда жатқан кезінде сүйектерінің дұрыс дамымауынан пайда болады екен. Мұның себептерін мамандар түрлі етіп айтады. Шымкент қаласының №3 балалар емханасының хирургы Шахсанам ханымның айтуынша, бұл дерт тұқымқуалаушылық, анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауруы, бала маңындағы судың аздығы, экологиялық жағдай, анасының айналысқан кәсібінің зияндығы, болашақ ананың дұрыс тамақтанбауы және т.б. себеп болады екен.

Бала дисплазиядан арылу үшін үнемі аяғын ашып ұсатуы керек

Соның салдарынан сәби осы диагнозбен дүние есігін ашады. Мамандар мұны дер кезінде, яғни нәрестенің үш-төрт айлығынан бастап емдемесе, жетілмей тұрған ұршық басы кірігуінің алдын алмаса бала сылтып басатын болады. Яғни, баланың, бір аяғы екіншісінен қысқа болуына әкеліп соқтырады. 

Балаға дисплазия диагнозы қойыла салысымен уқалау жасап, арнайы тағындылар тағып жүруі керек

Осындай жағдайға тап болған сәбилер біздің Шымкентте де аз емес. Көбінесе ол қыздарда жиі кездеседі екен. Мұны рентгенге түсіру арқылы анықтайды, ерте кезде ультра дыбыстық зерттеулер жүргізіледі. 

Бұлшық еттерді қатайту үшін сылап-сипау әдісі, физиоемдер, арнайы кигізілетін құралдар (суреттердегідей)  қолданылады.

Бұл баланың алғашқы айларында кигізгенде пайдалы

Сонымен бірге ортан жілік ұршық басы дисплазиясының алдын алу үшін баланы бесікке жатқызу немесе мүлде құндақтамаған жөн дейді дәрігерлер.Және айта кететін бір жайт, бала есейе келе аяғын ашып жату не шина кию дегенге мойынсұна қоймайды. Осындайда, әсіресе ананың шыдамды болуы қажет.

Ал балаларды тас қылып құндақтауды білмейтін Африка, Корея, Вьетнам секілді елдерде дисплазия сирек кездесетін көрінеді. Мұндайда баланың екі аяғын бақа тәрізді керіп көтеру тиімді екенін де баса айтады. Осы кезде ата-әжеміздің арқасына мініп жүрген кездеріміз есіме түседі. Қайран қазақтың ата-апалары халық емі, аурудың алдын алу сіздерден іздеу керек екен-ау! 

Сондықтан, қадірменді, ата-ана, оқырман! Дүниеге қара жерді тең басып жүретін дені сау ұрпақ әкелемін десеңіз дисплазия дертіне бей-жай қарамағанымыз жөн болар.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*