«Абай жолын» оқығансыз ба?

Шымкентте жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын үлкен-кішіге жаппай оқыту жалғасуда. Көпшіліктің қызығушылығын ояту мақсатында тіпті қаржылай сыйлық беруге көшкен. Бірі – бұл әдісті құп көрсе, енді бірі әдебитке сын дейді.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының аяулы жары Әйгерімді алғаш кезіктіру сәтін жастолқын боямасыз баяндауға тырысты. «Абай жолы және 100 сұрақ» әдеби сайысы бұл жолы еңбектің екінші томы бойынша өрбіді. Ал 20 жастағы Қанат Алғиев үміткерлер арасында суырылып шықты. Студент еңбектің мазмұнын оқып қана қоймай, жыр жолдарын, тіпті Тәкежанның баласы Мақұлбайдың өліміне Абай Әйгерімге жазып берген жоқтауды да жатқа айтып берді.

Қанат Алғиев алдағы күндері еңбекті толықтай жаттап алатынына сенімді
Қанат Алғиев алдағы күндері еңбекті толықтай жаттап алатынына сенімді

Қанат Алғиев, студент: «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-ші және 2-ші томдарын 2 қайтара оқып шықтым. Негізі Абай атамыздың кітаптары үйдегі кітап сөрелерінде тұрады, қолым бос уақытта ақтарып оқимын. Қазір тіпті көп оқып жүрмін. Көбіне жаттап аламын. Тура табылып айтқан өлеңдері мен адамгершілік жайындағы жырлары қатты ұнайды. Шынымды айтсам, осы «Абай жолын» бір жағы қызыққандықтан, ал екіншіден ақша үшін оқыдым. Студент болған соң бұл да бір жағынан үлкен көмек қой. Енді қазір барымша жауап беріп, сыйлығымды алғым келіп тұр. Алдағы уақытта өзге де томдарын жатқа біліп аламын деп ойлаймын. Жоспарымда бар».

Осылайша «Абай жолы» роман-эпопеясынадағы оқиғаларды жіліктеп айтқан студенттер сұрақтарға таласа жауап берді. Әрбір дұрыс жауапқа 1000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық тағайындалған. Ал еңбек желісі бойынша Татьянаның Онегинге жазған хаты аударма өлеңін Әйгерім оқып тұрып соңғы шумағына келгенде жылап жібереді. Сол шумақты да жатқа оқыды студенттер. Бұл да болса еңбекті зейін қойып оқығандарын көрсетсе керек. Естеріңізге сала кетейік, сайысқа кез келген 30 жасқа дейінгі үміткерлер қатысуға мүмкіндік алды. Әдеби дода барысын арнайы қазылар алқасы қадағалап отырды.

Сейдалы Оразәлиев, “Абайтану” ғылыми-оқыту орталығының төрағасы: «Сұрақтарға нақты жауап берушілер аз дер едім. Себебі жастар асығыс-үсігіс оқыдым ба оқыдым деп қоя салады. Оны тыянақты оймен оқымайды. Сол үшін адамда сенімділік аз болады. Нақты -нақты, түсініп, бар ойыңды осы кітапқа аударып оқысаң ғана жазушы ойын оқи аласың ғой. Қазір кітап оқитын жастар өте аз, ал біздің Кеңес Үкіметі кезінде ондай емес еді. Мен айтар едім, «Абай жолын» оқымаған қазақ, қазақ емес деп. Сонымен қоса бұл жастарды ақшаға құнықтармайды, қайта кітапқа деген қызығушылығын оятады деп өткізіп отырмыз. Бар ой осы. Мәселен, студенттер мен мектеп оқушылары кітапханаға бас сұғып, бүгінгі шараға қатысса бірнеше болса да сұрақтарға жауап беріп, өзінің қаржылай сыйақысын алады. Бұл студенттер үшін сәл де болса жәрдеміміз болсын дейміз. Олардың қажетіне қаржы ғана емес, еңбек те жараса бұл біз үшін мақтаныш».

Әдеби шара аясында Ұлы Абайдың өмірінен сыр шертетін оқиғалар да кеңінен айтылды. Ендеше, ақынның аманатын оқып жүрген жұртшылықтың қатары қалыңдайды деген үміт те жоқ емес. Ал оқырмандар додасы «Абай жолының» өзге де томдары бойынша жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*