15-ақпан — Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күні

15-ақпан — Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күні. Сондықтан Қазақстанның жер-жерінде бұл күн ескерусіз қалмайды. Жыл сайын елім деп өткен боздақтарды еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Қаламыздағы Ж.Шанин атындағы драма -театр атаулы датаға орай жазушы Мархабат Байғұттың «Бозтороғайдың ұясы» атты драмасын қойды.  Қойылымдағы рөлдерді сомдаған әртістердің шеберлігі соншалықты — көрермендердің көзіне жас үйірілді. Театрда 10 жылдам астам уақыт жұмыс жасап жүрген Ержан Закиев  басты рөлді сомдады. Яғни Серікжан Елубаев деген сарбаздың болмысын танытты көпшілікке. Серікжан бозторғай ұялаған ағаш түбіне күн сайын келіп, табиғаттың тылсым сырларымен тілдесетін ауылдың қарапайым жігіті. Сезімтал жігіт бұл кезде ауғанғаннан келер ауыр апатты сезбеген де еді. — «Бозторғайдың ұясы» пьесасындағы Серікжанды сомдау маған қиын болды. Қиын болғанда ойнау жағынан емес, рухани жағынан дер едім. Бірақ әртіс болған соң, дәл сол  жағдайды, соның табиғатын танытуға тырыстым. Бағасын көпшілік береді. Бірақ Серікжан қарапайым әрі адамгершілігі мол адам болған», — дейді әртіс Ержан Закиев.

Ауған соғысында жаумен алысқан сарбаздар ерлігі ешқашан ұмытылмайды
Ауған соғысында жаумен алысқан сарбаздар ерлігі ешқашан ұмытылмайды

 Бақыткүл Қожамұратова, әртіс: «Әскерге бармай қалған байдың баласы Айгүлді алып қашып кетеді. Жылдар өтеді. Айгүлдің қанша жыл жыл өмір сүрген күйеуі ғой енді ол, сол күйеуін тастап, баяғы жігіті соғыстан мүгедек, екі аяғы жоқ болып келіп отырса да оған қайту — міне осы екі арада шешім қабылдауы, сөйтіп бір жағына шығуы — сол бір қиындық туғызатын мәселе . Осы бір тұсы маған қиындау болды. Себебі жан дүниеммен сезініп ойнадым, сондықтан екі ортада оның күйін кешу мен үшін ауыр болды дей аламын. Бірақ Айгүлдің бойындағы адалдық пен мейірбандылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бойынан көп дүниені үйренуге болады. Пьесада режиссеріміз Ерғали Уразымбетовтың арқасында әр адам өз образын сәтті орындап шықты деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз орындалды деген сезімдемін»

Ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кеткен
Ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кеткен

Мархабат Байғұт, жазушы: «Бұл еңбек алғаш ауған соғысына қатысқан бауырларымыздың сұранысы бойынша жазылған. «Кино жоқ, роман-әңгіме, повестер жоқ, сахнада көрінбейді, Сіз әңгімелер жазатын едіңіз ғой, пьеса жазып көріңізші» дегеннен кейін жазғанмын. Шәріп Өтегенов, Қайрат Тұлғаев дейтін ауғандықтар бар, солардың және басқа балалардың өтінішімен жазылған. Ал «Бозторғайдың ұясы» аталуына келетін болсақ, қазақ ұлты, қазақ халқы ешқашан да өзге елге шабуыл жасамаған. Басқыншылық жасамаған. Бозторғайдың ұясындай жуас, момын ел. Бірақ өзіне шабуыл жасағанды, өзіне жаугершілік жасағанды аямаған, кешірмеген, қарсы шыққан. Туған жерін, туған ұясын қорғаған. Бұл пьесадағы басты рөлдегі Серікжан деген жігіт бозторғайдың ұясындай кішкентай ғана үйінде өмір сүріп жатыр еді. Шешесі бар, әпкесі бар еді. Сол «Бозторғайдың ұясы» тас-талқан болып, ауған соғысына жіберді бұны. Анау ақын Рахман да сондай. Бозторғайдың отбасында туып-өскен. Соңында Рахман қаза табады, Серікжан екі аяғынан айырылып, мүгедек болып оралады. Көптеген бозторғайдың ұялары осылай тас-талқан болады. Сол қазақтың бозторғайын ауғанстанда жүргенде де ұмытпайды. Елестетеді. Сағынады. Сол маңыз-мәнде қойылған дүние. Ия, көпшіліктің көзіне жас үйіріліп отыр. Бармасам да көрмесем де сезініп тұрып жаздым. Біз мына қалам ұстаған азаматтар сезініп, жүрекпен жазумыз міндетті деп ойлаймын. Сонда ғана жұртқа тұщымды дүние сыйлай аламыз».

Ал театрға 40-тан астам өмірін арнаған Құпия Рахымбердиева бұл пьесада Серікжанның анасының кейпіне енді. Бауыр еті баласын қанмайданға аттандырған ананың сары уайымы мен қанжылаған жүрегін де сезіндірді бізге. Ал майданнан сал болып оралған Серікжанды көрген ана қайғыдан қан жұтты. Бірақ баласының тірі келгені де жанына жұбаныш болды.

Құпия Рахымбердиева ауған соғысының әкелген қайғы-қасіреті жүректе дейді
Құпия Рахымбердиева ауған соғысының әкелген қайғы-қасіреті жүректе дейді

Құпия Рахымбердиева, әртіс: «Ана, ана, ана… Бұл үш әріптен құралған сөздің тамыры тереңде жатыр. Төркіні де терең,,, мән-мағынасы да… Мен Серікжанның анасының жанын түсіндім. Өте ауыр, ол жағдайды балам емес, өзім кешкенім артық деп ойладым қойылымда. Жаныммен ойнағаным сонша, ауған соғысының әкелген қайғы-қасіреті кешірімсіз дер едім».

Ал театрдың сахнасынан 7 жыл бойы түспей, қоғам сұранысына ие болып отырған «Бозторғайдың ұясы» пьесасы сол заманды боямасыз баяндағаны соншалықты  сол кездегі адамдардың да патриоттық сезімін көрсете алған. Ал ақынжанды,сері жігіт Рахман Ахметовтың рөлін театрдың әртісі Е.Аманғалиев ойнады. Рахманның майданда мына бір жыр жолдарын жүрекпен жазған екен. 

Рахман:
Кез келіп алдан сынақ іс,
Бойымда тулап бір ағыс.
Кеңпейіл, дархан елім-ай,
Кеттім ғой сенен тым алыс.

Тағдырдың қатал сынымен,
Кез келсем несін бүгілем?!
Туған жер, сенің, тұмар деп.
Топырағыңды ала шығып ем.

Соғыстың дәмсіз кермегі,
Солақайлардың ермегі.
Туған бір жердің топырағы-ай,
Қорғар ма екенсің, сен мені?!

Қатерлі мынау сапардың,
Қайғысын бөлер қатар кім?
Кез келсе, егер, маған да,
Ажалдың дәмін татар күн –
Туған жер, сонда мен сенің,
Топырағыңды ала жатармын…

Е.Аманғалиев Рахманның жандүниесін ұғып, ауған соғысының қаншалықты қасірет әкелгенін түсіндім дейді
Е.Аманғалиев Рахманның жандүниесін ұғып, ауған соғысының қаншалықты қасірет әкелгенін түсіндім дейді

Е.Аманғалиев, әртіс: «Әрине, Рахман деген өзі ақынжанды, жүрегі таза адам. Ауған соғысында да ерлікпен қаза табады. Бірақ өзі жүрген жолда, ортасында тек жақсы естеліктер мен батылдығымен есте қалады. Оның рөлін сомдадым, қиын қыстау кезеңді бастан өткергендей болдым. Себебі оның жан жүрегі тазалықтан құралған. Соғыста жүргенде де адалдығымен көзге түсіп, ерлікпен қаза тапты. Сондықтан мен бұл Рахман ағамыздың рөлін сомдағанымды мақтан тұтамын. Рөлді ойнап жатқанда да көз алдыма сол бір кезеңдер елестеді, жүрегім ауырды, бұл ешқашан ұмытылмауы керек».

Сұрапыл сұм соғыстың аяқталғанына 24 жыл өтсе де, жарасы әлі жазылмағандай… Себебі қаншама боздақтардың өмірін жалмады, мүгедек болып елге оралғандары да жетерлік. Сондықтан «Бозторғайды ұясы» пьесасы бұл қасіретті есімізге түсіріп, ерліктің ұмытылмауына үлесін қосады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*