Әз наурыз «әлегімен» қызық

Ұлыстың Ұлы күнін тойлауалды студенттер мерекенің маңызына тоқталды. Әз наурыз мейрамына тән құбылыс — күн мен түннің теңелуі де кеңінен айтылды. Замандастарымыз ақ түйенің қарны жарылған тойда ән салып, би билеп – өнерлерін ортаға салды. Осылайша, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлаған олар бұл мейрамды асыға күткендерін жасырмады. Түрлі ұлыстар мен ұлт өкілдері өз халқының болмысынан сыр шертетін қойылымдар мен билерін, тіпті ас мәзіріне дейін ұсынды. Киген киім үлгілері де ұлттық нақышымен ерекшеленді.

Наурызды тойлауды жастолқын өнерлерін паш етумен сабақтады
Наурызды тойлауды жастолқын өнерлерін паш етумен сабақтады

Бексұлтан Жанқараев, студент: “ Наурыз тойын біз жыл сайын сағына күтеміз. Ынтымақ пен бірлікке шақыратын мейрамға достарымызбен ерекше дайындалдық. Енді міне түрлі қойылымдар мен өнерлерімізді көрсетіп жатырмыз. Күннің өзі қарасып, жайма шуақ болып, нұрын төгіп тұр ғой. Наурызды осындай көңіл күймен, шаттанып қарсы алғанға не жетсін?!”

Меруерт Бақытқызы, студент: “Наурыз мерекесінің осындай жоғарғы дәрежеде тойлануы да заңды ғой. Себебі осы бір мерекені баршамыз жақсы көреміз. Наурыз көже ішіп, алтыбақан теуіп, бір серпіліп қаламыз. Түрлі ұлттық дәстүр-ғұрыптың орындалу тәртібіне де осы мейрамда куә боламыз. Шіркін, осындай мерекесі бар қандай бақытты елміз біз! Әрдайым наурыз елімізбен бірге жасай берсін дегім келеді”.

Жастар алтыбақан теуіп, мерекенің сәнін кіргізді
Жастар алтыбақан теуіп, мерекенің сәнін кіргізді

Алтыбақан теуіп, халқымыздың ғұрпына сүйіспеншілікпен қараған жастолқын мерекенің сәнін кіргізді. Тізіле тігілген қазақ ауылдарында түрлі ұлттық ойындар ойналды. Арқан тартысып, қазақша күресті де  ойын кілеміне алып шықты. Дәстүрлі әндер шырқалып, бишілер де нақышына келтіре би биледі. Бұл – олардың мерекеге деген құрметі болса керек. Сонымен қоса, бұл күнге дейін ренжіскен жандар төс қағыстырып, кешірім беріп жатты.

Жұмахан Мірхалықов, ОҚМУ ректоры: “Наурыз тойын ежелден-ақ дәріптеп келеді халқымыз. Ерекше қастерлеп, құрмет тұтады. Небір қиын-қыстау кезеңде ұмытпай, халықтық құндылықты жаңғыртудан жалыққан емес. Қандай замандарды өткерсе де осы бір наурызды тойлауды жалғасыра беретін ел баршаға үлгі бола білді. Наурыз тойында жастар да жадырап, мейрамның мән-маңызын көтеріп жатыр. Біз де мақтанышпен бұл мейрамды айрықша тойлап өтуді парызымыз деп танимыз”.

Ақ түйенің қарны жарылған тойға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды
Ақ түйенің қарны жарылған тойға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды

Ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақта тоғыстырып, татулықты ту ететін мейрамды замандастарымыз осылай ерекше серпінмен тойлады. Бастысы, жылан жылы тек жақсылықтар сыйласын деп тілейді олар.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*