Әр үйде бір-бір жылыжай

«Асар» шағынауданы Шымкенттің шығысынан бой көтерген. Қаз-қатар тізілген үш мыңға жуық екі қабатты көк үйлерде ауқаттылар ғана тұрады деп ойласаңыз қателесесіз. Көздің жауын алар көрікті үйлерде Өзбекстаннан атажұртқа оралған ағайындар қоныс тепкен. Бұл үйлер «Нұрлы көш» бағдарламасы негізінде еліміздегі ең төменгі бағамен 10-15 жылға несиеге беріледі.

Асар шағынауданы

Шырайы кірген шағынауданның басқалардан бір ерекшелігі əрбір үйдің іргесінде 300 шаршы метр жерге жылыжай орналасқан. Жылыжай Оңтүстік Корея технологиясы негізінде жасалыныпты. Шағынаудандағы барлық жылыжайларды қосқанда жалпы көлемі 51 гектарды құрайды екен. Бүкіл үйдің тұрғындары жылыжай шаруашылығымен айналысады десем сіздерге өтірік, маған шын. Содан тапқан табысымен отбасын асырайды. Райхан Бишораева апайдың отбасы да 2009 жылы елге оралған. 3 соттық жылыжайда қияр өсіріп, ас-суын айырып отыр. Райхан апайдың айтуынша, жылыжайдан жылына екі рет өнім жинап алады екен. Бір жылы қияр ексе, келесі жылы қызанақ егетін көрінеді. Биыл қияр жақсы өнім беріпті. Бір еккеннен 3-4 тонна өнім жинаған олар қиярдың әр келісін 150-230 теңгеден өткізгенге ұқсайды. «Бос уақытымда жылыжай шаруашылығына қатысты кітаптар оқудан жалықпаймын, жаңалықтарға құлағымды түріп жүремін. Жылыжайда көкөніс өсірудің айтарлықтай қиындығы жоқ. ерекше ықыласпен күтіп баптасаң болғаны. Елге келгенде жұмыс таппай сандалып қалмас үшін әрбір үйге жылыжай орнатқандары құптарлық іс. Бізге барлық жағдайды жасап берген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа алғысымыз шексіз дейді, — алты баланың анасы Райхан апай.

Сондай-ақ шағынауданда жылыжайға қажеттi құралдарды шығаратын елiмiздегi алғаш салынған зауыт та жұмыс істейді. Бұдан бөлек көкөнiс сақтайтын қойма, пластикалық өнiм шығаратын және модульдiк үйлер өндiрiсi, бетон блоктарын шығаратын зауыттың құрылысы қызу жүрiп жатыр. Осындай тамаша шағынауданда тұрып жатқан асарлықтардың армандары жоқ шығар…

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*