Әлімхан Дүйсенгалиев: Журналистік қызметті аудармашылықтан бастағанмын…

«Отырар» телеарнасына қашан, қалай келдіңіз?

— 2006 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдадым. Келер жылы «Отырар» телеарнасына аудармашы болып жұмысқа орналастым. Алғашқы кезде мультфильмдерге, фильмдерге дубляж жасап жүрдім. Кейін талабымды байқаған болу керек мені «Жас толқын» жастар бағдарламасына журналист етіп бекітті. Бұдан өзге «Топжарған», «Бес жұлдыз» бағдарламаларын жүргізу бақыты бұйырды. Көбіне спорт саласына қатысты бағдарламаларды жасауға атсалыстым. Облыстық, республикалық, әлемдік спорт бәсекелері, яғни дүбірлі додалар назарымыздан тыс қалмайтын. Еліміздің, әлемнің чемпионы болып келген жеңімпаз жерлестеріміз жайында қуана, құлшына хабарлар дайындайтынбыз.

Телеарна сізге не берді?

— Өмірлік сабақ алдым. Микрофонды қалай ұстаудан бастап, бағдарламаны қалай жасауға дейінгі жолдардың барлығын осында жүріп үйрендім. Жаңа достар таптым, жаңа байланыс орнаттым. Осында қызмет істейтін тәжірибелі журналистерге қарап бой түзедік. Кем-кетігімізді толтырдық. Зәуре Оралбаева, Сарбиназ Алдабергенова, Еркінай Оразова, Әзиз Мұрзабаев, Павленко т.б. сынды журналистер менің шеберлігімді шыңдады. Бағыт-бағдар берді. Алғысым шексіз.

Эфир барысында болсын, бағдарлама түсіру кезінде болсын бір қызықты оқиғаны есіңізге түсіріп көріңізші…

-Тікелей эфирде жаңалықтардан кейін ел-жұртты спорт ақпараттарымен таныстыратынмын. Күнделікті эфирге сағат 18:25-те шығамын. Бір күні мені координатор сағат 16:00-де бір сьемкаға жіберді. Оператор екеуміз көлікті қайтарып, түсіруді бастап кеттік. 17:30-да бітірдік. Содан бізді келіп алып кететін көлікті күтіп отырмыз. Жоқ. Сағат тілі 18:10-ды көрсетті. Іштей эфирге менің орныма басқа біреуді шығаратын шығар деп ойлап қоямын. Төзім таусылды. 18:15-те координаторға «көлігіміз қашан келеді?» деп хабарлассам, ол кісі маған «сен қайдасың?» дегені бар емес пе? Сөйтсем, мені сьемкаға жібергенін ұмытып кетіпті. Содан «ойбайлап», «аттан салып» сағат 18:24-те, тура бір минут қалғанда студияға ентігіп кіріп келгенмін. Үлгердік. Тізе берсем телеарнада өткізген төрт жылда талай қызықтарды басымыздан кешірдік қой.

-Журналистикадан алшақ кеткенім жоқ. «Cinema.kz» деген жеке киностудияда редактормын, тілшімін. Түрлі жарнамалық роликтер, бағдарламалар түсіріп, дайындаймыз. «Отырардан» үйреніп, көкейге тоқыған нәрселерімді іске асырудамын. Болашаққа құрған жоспарларымыз да жетерлік. Алла сәтін салса, біртіндеп іске асыра береміз. Сіздерге шығармашылық өрлеу, өріс тілеймін.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*