Әйел — қоғам ұйытқысы

Мәдина Давидбекованың күнделікті жұмысы қарбалас басталады. 33 жасар ару облыстық «Энергетикалық» кеден бекетінің маманы. Білікті қызметкер мекеменің есеп-қисабымен қатар, әрбір тауардың заңды жолмен таралуын да қадағалайды. Ал әріптестері арнайы форма киген кеденші Мәдина жайлы былай дейді.
Айдынқали Тәттібаев, ОҚО «Энергетикалық» кеден бекетінің бас маманы: «Ия, жұмыста арнайы форма киіп, қатал болып жүретін Мәдинаның ерекше қасиеттері де бар. Мейірбан, ақ көңіл. Әрдайым көңілді жүреді, өз өміріне сүйіспеншілікпен қарайтыны осы мінездерінен анық байқалады. Ал көпшілік біле бермейтін қасиеттері де көп деп ойлаймын. Жұмыста ол ұйымдастыру жұмысын жақсы атқарады. Кез келген іс-шараның жоғарғы деңгейде өтуіне ықпал жасайды. Бұл оның қабілеті мен жауапкершілігінде болса керек».
Күн сайын қарбалас жұмысқа белсене кірісетін кейіпкерімнің бос уақыты мүлдем жоқ деп айтсақ артық айтпағандық. Бірақ өмірде адал жар, аяулы ана екенімді ұмытпаймын дейді ол. Сергуге де уақыт табады. Салауатты өмір салты — жан серігі.

Мәдина Давидбекова тауардың жол тарту бағытын да қадағалайды
Мәдина Давидбекова тауардың жол тарту бағытын да қадағалайды

Мәдина Давидбекова: «Жұмыс ол жұмыс. Әріптестеріміз сондай әзілқой. Шаршаған кезде әзілдесіп, әңгімедүкен құрып барлық қиындықтарды бірге жеңеміз. Көбіне әріптес қыздар болып спорттық клубтарға жиі барамыз. Жүзуге, түрлі жаттығу алаңдарына. Қалай болғанда да денсаулығымызға назар аудару керек. Баларыма да көп көңіл бөлемін. Үйге бара салысымен сабақтарын қадағалаймын».

Энергетикалық кеден бекетінде Мәдинамен қатар нәзікжанды әріптестері де бар. Күн сайын жұмысалды жоспарламаны ұмытпайтын олар басшысымен кеңеседі. Талап — басты орында.

Мәдина Давидбекова: «Жұмыс — ол жұмыс екенін ешқашан ұмытпаймын. Қиындығы да болады. Бірақ ешқашан мен жұмысым ауыр деп, үйге барып, шаршаған түріммен шырқын бұзған емеспін. Қайта түк болмағандай, жұмыстың проблемеларын жұмыста тастап, үйге көтеріңкі көңіл күймен барып, тамақ әзірлеймін. Мен әйел екенімді, ана екенімді ешқашан ұмытқан емеспін».

Өңіріміздегі «Энергетикалық» кеден бекетінің арулары айтылған тапсырманы орындауға асығады. Сеніп тапсырылған жұмыстың жүгін де біледі. Ал кеден бекетінің басшылығы өзгелдерге қарағанда әйел адамдарының жұмыста жауапкершілігі мол екенін мойындады.

Досбол Тілләбеков, ОҚО «Энергетикалық» кеден бекеті бастығының орынбасары: «Әйел адамдарымен жұмыс істеген оңай қайта. Ер адамдарына жұмыс тапсырсаң, ұмытып, орындарынан тұрып кете беретіні бар. Әдейі ұмытайын демесе де, шаруалары шығып дегендей. Ал әйелдер әрдайым жауапкершілікпен атқарады жұмысты. Сол жұмысты атқармайынша жаны жай таппайды олардың. Сонымен қоса менің байқағаным сол, әйел адамдары майда жұмыстардың өзін тиянақты жасайды. Ал Мәдина біздің жұмыста өзінің біліктілігімен көзге көрінген маманымыз. 3 баласы бар болса да өз жұмысына келгенде жауапкершілігі мол. Біз әріптесімізді құрметтейміз».

Мәдина Давидбекованың жастайынан арманы арнайы форма киген құқық қорғау саласының маманы болу еді. Бүгінде бұл балақиял орындалған. Достарының алдында абыройлы. Отбасында да сыйлы. Шаңырақтың ұйытқысы. Асыл жарым әрдайым менің жандүнемді түсінеді, кез келген жағдайда Еркінжанмен кеңесіп қана байламға келемін дейді Мәдина.

Отбасы демекші 3 баланың аяулы анасы — үйде тамаша аспаз! Асүйде жүргенде маған тең келетін аспаз жоқ деп есептеймін дейді ол. Мәдинаның қолынан дәм татқандардың бәрі оның ақпейілдігі мен шын ниетін мақтан етеді. Өйткені әрбір асты махаббатпен дайындайды.

Ал күн сайын жұмыстан шаршап келетін кейіпкерімнен ас мәзіріне қалайша үлгеретінін сұрадым.

Мәдина жұмыста жүрсем де, адал жар, аяулы ана екннімді ешқашан ұмытпаймын дейді
Мәдина жұмыста жүрсем де адал жар, аяулы ана екенімді ешқашан ұмытпаймын дейді

Мәдина Давидбекова: «Менің балаларым ет тағамдарын жақсы көреді. Қазақтың ұлттық тағамдарын да сүйсіне жейді. Сондықтан жұмыстан қанша шаршап келсем де, қамыр жайып мәре-сәре болудан шаршамаймын. Балаларым, жолдасымның жағдайын ойлаймын. Ең бастысы бұл жұмыстар маған еш қиындық тудырмайды».

Тұңғышы Марлен 2-сыныпта оқиды. Қарындасы Аида мен інісі Мирастың қамқоршысы. Анасы жұмыстан келгенше үй шаруасын жасайтын ол анасының кішкентай көмекшісі. Бүлдіршін өзінің күн тәртібін бізге тізбектеп айтып берді.

Марлен Бейбітов: «Мен ұйқыдан тұрып, таңғы асымды ішіп, мектепке барамын. Содан уйге келіп, үй шаруасын жасаймын. Інім мен қарындасыма қараймын, бәріміз сабақ оқимыз. Анам жұмыстан келгенде алдынан жүгіріп шығып, есікті ашамын. Тамақ жасаймыз екеуміз. Тамақтанып болған соң, бірге сабақ оқимыз».

Мәдина үйде де балаларына айрықша көңіл бөліп, өзінің күнделікті жұмыс барысын таныстыруға асығады. Бұл — оның балаларына, мамандығына деген махаббаты. Ал кейіпкерімнің айтуынша, көктем мерекесінде сүйікті жары, ұлдары әрдайым тосынсыйлармен Мәдинаны таңқалдырудан жалыққан емес.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*