Ұялы телефон арқылы хош иіс сыйлауға мүмкіндік бар

XXI ғасыр! Жаңа технология! Заман талабы! Иә, бұлай деуіміздің де жөні бар. Күн сайын жаңарулар мен өзгерісті қалайтын заман өз діттегенін орындап келеді. Бүгінге дейін техниканың қаншама дамыған үлгілерін таңдай қаға тамашалап келсек те, мынадай ғажайыпты көрмек түгелі, естімеген де болармыз?!
Енді ұялы телефон арқылы бір-бірімізбен сөйлесіп, хат алмасып қана қоймай, өзіміздің көңіліміз қалаған иісті біреуге жібере аламыз. Немесе өзімізге қабылдап алуға мүмкіндік туып отыр. Мұндай таңғажайып бағдарламаларды смартфондар шығарумен айналысатын ChatPerf компаниясы ашты. Жапондық ірі кәсіпорын бұл жаңалықты ойлап табу үшін үлкен техникалық зерттеуді жылдар бойы жасағанын айтады.

Ұялы телефонмен енді қалаған жұпар иісті достарымызға жібере аламыз
Ұялы телефон арқылы енді қалаған жұпар иісті достарымызға жібере аламыз

Айта кетейік, таңғажайып техникалық құрылғы Android немесе iOS операциялық жүйесі арқылы орындалып, әрекет жүзеге асады. Арнайы ұялы телефонның ішкі құрылысын айтатын болсақ, бұл өте қызықты. Шағын ғана «қалыптың» ішінде хош иіс шашатын сұйықтық құюға арналған арнайы таспа орналасатын орын болады. Бұл заттың әлі аты жоқ. Сондықтан ойлап тапқан компания құрылғыны қалтафоныңыздың оятқышына я болмаса спортпен айналысқан уақытта қолдануға болатынын айтып отыр. Әзірге алғашқы нұсқаларын эксперимент ретінде ойлап тапқан олар, хош иіске ие ұялытелефондар жуырда сатылымға шығады деп жоспарлауда. Ендеше Сіздің де дос-туыстарыңызға, жақындарыңызға керемет жұпар иісті жолдар күн алыс емес! Көбіне мұндай жаңаруларды жүзеге асыруға жастар назар аударатыны жасырын емес.  Сонымен замандастарымыздың мұндай ұялы телефон ұстауға қаншалықты қызығатынын өздерінен сұрап көрдік.

Арайлым Жанәділқызы
Арайлым Жанәділқызы мұндай ұялы телефонның денсаулыққа кері әсері болмағанын қалайды

Арайлым Жанәділқызы, бухгалтер-экономист: «Келисер едім.Бірақ оны әлі еслестете алмай отырмын. Оның бағасы қандай болады. Әдетте елге жаңа дүние әкелінгенде бағасы шарықтап тұратыны белгілі ғой. Сонымен қоса, ең бастысы адам денсаулығына зияны жоқ болуын да қадағалау керек. Егер ешқандай да зияны жоқ және бағасы тиімді болса, неге ұстамасқа?!»

Нұрбек Бабосын
Нұрбек Байбосын ұялы телефондардың жаңа үлгісін құптайды

Нұрбек Байбосын, «Хабар» Агенттігінің тілшісі: «Мынау бір ғажап екен. Енді жахандану дәуірінде әрине керек қой Мөлдір. Қазір, бір-бірінен қалмайтын заман болды ғой. Егер, қолданысқа еніп жатса ұстаймын әлбетте. Ғашығыңа, хош иісті жібергеннің несі жаман… Кезінде Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтып кеткен «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деген қазіргінің ұялы телефоны жаңарып, жанданып жатса құба-құп дер ем…»

Бейбіт Биназаров
Бейбіт Биназаров техникалық жаңарулардың Қазақстанда да қолға алынғанын қалайды

Бейбіт Биназаров, Сайрам аудандық «Жастар орталығы» МКМ-ның уақытша директоры қызметін атқарушы: «Әрине ондай телефон болса мен міндетті түрде алатын едім, себебі ол қол жетімділіктің белгісі! Сауда орындарынан жақындарына сыйлыққа хош иісті иіс суларын іздемей-ақ телефон арқылы жіберіп отырсаң өте керемет болады деп ойлаймын! Бұл Қазақстанға келетін болса тек мен емес көптеген адамдар алатынына сенімдімін. Себебі ғасыр талабы солай, жаңаруға талпынып тұрамыз ғой. Жасырмай-ақ қояйын, тіпті қазірдің өзінде «Интернет» дүкендерде сатылымға шыққан болса және бағасы қолжетімді болса мен тапсырыс беретін едім! Ал айта кетерлігі сол — мұндай техникалық жаңарулар тек Жапонияда ғана емес, Қазақстанда да қолға алынса болар еді. Өз тауарымыз өзімізге арзан түсер еді және сапасы да сенімді болады ғой деген ойдамын».

Айжігіт Асанов, композитор: «Енді бұл жастарға қызық болуы мүмкін, ермек үшін болар. Мен өзбасым телефонды байланыс құралы ретінде, қажетті мағлұматтарды жеткізу үшін пайдаланғанды дұрыс көремін. Хош иісті сезіну үшін табиғаттың аясына барған дұрыс болар, жансыз телефонды иіскеп масаттанғанша….»

Жанат Тохтарбай
Жанат Тохтарбай бұл жаңалыққа тәнті болғанын жасырмады

Жанат Тохтарбай, «Отырар» ТА-ның тілшісі: «Жапондықтар әрдайым жаңа технологияны жеткізуден шаршамай келеді. Ризамын. Алдымен оларға жарайсыңдар дегім келеді.Егер қалта көтеріп жатса, алар едім. Өзімнің жақындарыма хош иістің түр-түрін жібергенге не жетсін?! Керемет қой бұл! Лайым бұдан да жақсы әрі тиімді техникалар дүниеге келе берсін!»

Әлия Бахытова
Әлия Бахытова бұл ұялы телефонның арқасында уақытты тиімді пайдалануға болатынын айтады

Алия Бахытова, бухгалтер: «Егер расында да, қалаған хош иісіңді ара қашықтыққа қарамай жіберуге болатын болса расында да тамаша ғой! Мысалы досыңа бір иіссу алуың керек болса, сонын иісін телефон арқылы жібере алсақ ұтамыз! Бір жағынан уақыт тиімді және оны өзі таңдайды. Айта берсем, оның пайдасы көп деп ойлаймын өзім. Ең бастысы заманауи дүние».

Арайлым Бауыржанқызы, студент: «Расында да қызық екен! Ешқандай қарсылықсыз тапсырыс беремін. Бүгінге дейін сөйлетін, тіпті сөзімізді қайталайтын немесе өзгенің мекен-жайын, даладағы ауа райын да анықтап беретін ұялы телефон мынадай сыйлықтарды да ұсынады деп «үш ұйықтасам да түсіме кірмепті». Енді жапондықтар тағы не ойлап табады екен деп жүретін болдым ғой. Не десе де жаңа дүние елге келісімен жұртшылықтың басым бөлігі қызығушылық аударатыны сөзсіз».

Әйгерім Бегімбет
Әйгерім Бегімбет отандық ұялы телефонды ұстауды жөн көреді

Әйгерім Бегімбет, блоггер: «Шынымды айтсам, ұялы телефонға қызығатын, жиі ауыстыратын адамдардың қатарынан емеспін. Қайбір жылы Алматы қаласының тұрғыны Мейрам Қабдырахманұлы есімді ағамыз ұлттық нақышта бедерленген телефонды жасап шығарған еді. Жапондықтардың хош иіс шашатын байланыс құралынан гөрі өзіміздің қазақша үлгідегі телефонды ұстағым келеді».

Рауан Орынбасаров, қаржыгер: «Ия, мен мұндай «сотка» ұстауды қалар едім. Бүкіл әлем даму үшін барын салып жатқанда неге бізге де осындай дүниелерді қолданбасқа деймін де. Әрине бағасы бізге тиімді болса ғана. Мәселен, бұл дүние әлі Қазақстанға жетпеген болса, бастапқы бағасы қымбат болады. Қыруар қаржыны жұмсаймыз осылай. Осындайда әттееең, осындай техникалырды бізде яғни елімізде неге жасамаймыз деймін. Сол үшін жаңа технологияларға деген бетбұрысымызды жоғарылату қажет!»

Шыңғысхан Балымжанұлы, сарбаз: «Осы жапондықтарға ризамын. Күн сайын бір техниканы ойлап табады. Егер денсаулыққа зияны жоқ болса, ол ұялы телефонның түрі де келісті болса ұстар едім. Бағасы қымбат болатыны анық қой. Өйткені смартфонның жәй өзі де қымбат тұрады. Егер мынадай хош иісті шығаратын амалдар орындалатын болса, тіпті бағасының қаншалықты болатынын сезіп тұрмыз ғой. Бірақ қызығушылық бар әрине, не де болса көштен қалмауға тырысамыз».

Балнұр Сәпиева сапасыз дүниеге қызықпаймын дейді
Балнұр Сәпиева сапасына күмәнмен қарайтынын жеткізді

Балнұр Сәпиева, кітапханашы: «Хабарламаны ғана емес, көңіліміз қалаған иісті де жолдап, қабылдай алатын ұялы телефонның шығуы әрине қуантарлық жаңалық.
Қызығатындар алып жатар. Алайда, өзім ерекше қызығушылық танытпаймын. Өйткені, бәрібір бір жасандылық бар сияқты… Оның үстіне мен мұндай хош иіс шығаратын техниканың денсаулыққа зияны болмаса, пайдасы бар деп айта алмаймын. Анығын айтқанда сапасы күмән тудырады. Сатылып жатса да алмас едім. Десекте, бұл жаңалық соншалықты таң қаларлық жаңалық деп айта алмаймын. Өйткені, қазіргі таңда шетелдіктер техника саласынан күнде бір жаңалықты ашып жатыр ғой».

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*