Қазақша телефон жасап шығарған

Мейрам Қабдырахманұлы
Мейрам Қабдырахманұлы

Бүгінде қалта телефонынсыз өмірімізді елестету қиын. Тіпті телефонымыз бұзылып немесе ақшасы таусылып қалса, алаңдап, байыз таппаймыз. Көп тірлігіміз «алыстан жылдам хабар алғызатын» ұялы телефонмен шешілетін заман болды бұл. Десек те қолымызды ұзартып отырған осынау байланыс құралы бізге, шынын айтқанда, Қытайдан келеді. Ал ұялы телефон өндіруде әлем бойынша Финляндия алдыңғы орында. Дегенмен қазақ азаматы құрастырған «төл» телефонды ұстайтын күн алыс емес сияқты. Мейрам Қабдырахманұлы­ (суретте) деген отандасымыз жуырда қалта телефонын жасап шығарды. 2004 жылы Қытайдың Күйтің қаласынан көшіп келген ол осыған дейін талай тың дүние ойлап тапқан екен. Бүгінде алматыда тұрып жатқан оның қолынан шыққан дүниенің соңғысы – қалта телефоны. Ұлттық нақышта бедерленген бұл телефон бір көргенде-ақ еріксіз назарыңды аударады. Себебі оның сыртқы көрінісі мен ішкі жадынан ұлттық рухтың иісі аңқып тұр.

Бұл телефон ашылып-жабылғанда одан қазақтың қара домбырасының қоңыр үні естіледі. Бояуы қанық. Құлаққа жағымды. Байланысқа шығу немесе тоқтату пернелері киіз үй формасында берілген.

Қос қапталындағы қос аққу – пәктіктің, адалдықтың символы. Қанаттарына жазылған алты сан алты алашты айқындайды. Нұрын шашқан Күн-Ана еліміздің бейбітшілікте, татулықта өмір сүруін қалайтынын білдірсе, жүрек – қазақ халқының мәрт мінезін, қонақжайлылығын, кеңпейілділігін сипаттайды.
Қытайда осындай ерекше жобасына – алты, елімізде екі патент алған Мейрамның қақпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмапты. Айтуынша, жоғары жақтағы басшыларға жобасын іске асыруға қолдау көрсетулерін сұрап бірнеше рет хат жазыпты. Бірақ хат – жауапсыз, жоба нәтижесіз көрінеді.
Мейрамның қызықты жобаларына Қытай елі қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр екен. Бірақ «біздің ел өнімі болып таралады» деген талап қойыпты. Одан үзілді-кесілді бас тартқан Мейрам: «Анамның «Бұл жобаңды Қытайға берме, берсең олардың алдында басыңды иіп, тізе бүгіп, жеңілгенмен бірдей боласың» деген бір ауыз сөзі жігерімді жаныды. Әйтпесе олар «Әрбір екі патентіңді 100 мың долларға сатып алып, ай сайын 2 мың доллар төлейміз. Қажет десең, барлық жағдайыңызды жасаймыз. Шанхай қаласынан төрт бөлмелі үй берейік», – деген ұсыныстарын білдірген. Дүние жинап, ақшаның буына қызықсам, әлдеқашан жобаларымды Қытайға сатып, байлықтың астында қалар едім. Бірақ мен ондай адам емеспін. Анамның ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыған ар-намысым оған жібермейді.
12
Қазір шетелдік ұялы телефон өндіретін бір компаниямен келісім-шартқа отырып, осы телефонды көбейтуді қолға алудамыз. Егер жобам іске асып жатса, І кезеңде – 70, ІІ кезеңде 183 адам жұмысқа тартылып, жұмыссыз адамдардың қатары азаяр еді. Цех ашып, істі дөңгелету үшін бізге 1 миллион 200 мың АҚШ доллары қажет. Қытайлық ғалымдар «Бұл шығынды жарты айдың ішінде ақтап аламыз» деп жатыр, ал біз асықпағанның өзінде 1 жыл 3 айдың көлемінде өндіріп алар едік. Тек қолдаудың жоқтығы, жоғары жақтағы басшылардың селт етпейтіні қынжылтады мені», – дейді.
Мейрам Қабдырахманұлының қарапайым үлгіде жасалған және бір ұялы телефоны мектеп жасындағы балаларға арналыпты. «Қазіргі балалардың қолданып жүрген ұялы телефондарын ашсаңыз – атыс-шабыс ойындары, шетелдің даңғаза әуені. Ол баланың санасына кері әсерін тигізеді. Ал мен ұсынып отырған телефон бала жүрегіне жылылық ұялатады. Асық, тоғызқұмалақ, теңге ілу секілді ұлттық ойындар ой-қиялдың жүйрік болуына себепші. Ұлттық құндылықтарымызды кішкентайынан бойына сіңіріп өскен баладан күні ертең Отансүйгіш азамат шықпай ма? Бір жақсысы, бұл телефондардың бағасы қалтаға лайықты, сапасы Қытайдікінен әлдеқайда жоғары. Ең бастысы, жас жеткіншектерді патриот болуға, ізгілікті істер жасауға тәрбиелейміз», – дейді Мейрам.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегенді жадына мықтап тоқыған Мейрам бос уақытында ұлттық аспаптарда ән орындап, сурет салумен айналысады. 2008-жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығына «Тек қана алға!» деп аталатын суретін сыйға тартыпты. Онда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, «Бәйтерек» және спутникті киіз үй бейнеленген.
«Электронды бесік, электронды домбыра, қазан, шаңырақ үлгісіндегі шырақ сияқты ұлттық нақыштағы жобаларымды ел игілігіне ұсынсам, мақсатымның орындалғаны. Елбасымыз «Отандық өнім өндіріңдер» деп жатыр емес пе? Сол күнге жетсем, арманым жоқ», –  дейді ол.
Естуімізше, елімізде ұялы телефонға қатысты тың жобаларды ойлап тауып, оған зияткерлік құқығын алған жалғыз адам – Мейрам екен. Оның ойында бұдан басқа да тың жобалар жеткілікті, тек, әттең, қолдау болмай тұр…
Қазақша ұялы телефонның үлгісі
Қазақша ұялы телефонның үлгісі

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*