Қақ бөлінген мың теңге…

2-курстың жазында ғой. Сәуле деген құрбым екеуміз ҚазҰУ-дің студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасаймыз. Жатақханада СҚЖ-лықтардан өзге ешкім жоқ, студенттердің бәрі ауылдарына қайтып, бөлмелер қаңырап бос қалған. Демалыс күні достарымызбен Қапшағайға шомылуға баратын болдық. Күн жанып тұр. Сумкамның қалтасынан мың теңгені асығыс суырып алам деп ортасынан қақ бөлдім. Қалтамыздағы ақшаны соңғы тиынына дейін жұмсағанымызды ертеңіне нан алмақ болғанымызда бірақ білдік. Барлық киімдеріміздің қалтасын төңкеріп ақтарғанымызбен 60 теңгеге (Алматыда 1 нан 60 теңге тұратын, қазір қымбаттаған шығар) жеткізе алмадық. Енді қайттік? Содан басымызға бір ойдың сап ете қалмасы бар ма? Кешегі қақ бөлінген мың теңгені желімдейік деп шештік. Қытайдың бір желімін тауып алдық та, бір-біріне жабыстырып, күнге кептіріп қойдық біраз. Қас қарайғасын бір-бірімізге сәттілік тілеп, дүкенге беттедік. Ақшаны «сен бер, жоқ сен бер» деп барғанша дауласып бардық. «Сұңқар» дүкеніне кіріп, 300 теңгеге біраз заттар алдық. Бәрінен қиыны сатушы ағайға мың теңгені ұсыну болды. Ақыры қысылып-қымтырылып ақшаны мен бердім. Ұрлығымыз ашылып қалатындай… Демімізді ішке тартып тұрмыз. Қалған ақшаны қайтарса, алды-артымызға қарамай жүгіреміз деп ойлап тұрмыз ішімізден. Қас қылғанда «біз ұрлық жасаған күні ай жарық болды». Сатушы ағай мың теңгені алып орауын жазғанда, қайта ортасынан бөлініп қалғаны бар емес пе? Сатушы аң-таң. Сұраулы жүзбен екі қолына кезек-кезек көз салады. Бұл қиындықтан алып шығар деп мен Сәулеге қарасам, ол маған қарайды. Сосын бар күшімді жиып алдым да, «ағай, мен ол мың теңгені қатырып тұрып желімдеп әкелсем, қайтадан екіге бөле салғаныңыз не?» дедім. Ұрысатын шығар деп күткенбіз. Дүкеннен қуып шығатын шығар деп те ойладық. Бірақ… Ағай бізге күлімсірей қарады да: «Жарайды, сендерде ақшаның көп емес екенін білемін ғой. Бұл ақшаның да жыртылып қалғанының бір себебі бар шығар. Мына скотчпен қайтадан жабыстырып бере қойыңдар. Көп ақшаның арасында білінбей қалады» деп қолымызға қайшы мен скотч ұстатты. Мұндай қуанбаспыз. Дүкеннен көңілді шықтық. Мың теңгеден қалған ақшамен екі-үш күн амалдай тұрғанымыз есімде…

Тағы да мың теңгенің жыры

Әсел деген группаласымыз бір балаға мың теңге қарыз екен. Өзінің беретін уақыты болмады-ау деймін, қарыз ақшасын апарып беруін өтініп, Сәуле екеумізге тастап кетті. Біз болсақ түрлі-түсті қарындаш сатып алып, ақ параққа айнытпай мың теңгенің суретін салып, көшірмесін жасадық. Әдемілеп қиып, Айбекке «Біздің Әсел саған 1000 теңге қарыз екен ғой. Өзі бір жұмыстармен шыға алмады. Мә, ал!» деп қолдан жасалған ақшаны қолына ұстатып кеттік. Сенерін де, сенбесін де білмей алып қалды. Бұл әзілді группаласымыз екі-үш күн өткеннен кейін естіп, біраз ренжігені рас. Бірақ Әселдің ашуы бар болғаны бес минутқа дейін жететін еді. «Шайы орамал кепкенше» ренжігенін де ұмытып кететін. Біз болсақ, Айбекке кейін ойын екенін айтып, шын мың теңгені апарып бердік. (Сурет http://titus.kz/?previd=16284 алынды)

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*