«Құпия дос» ойынының қызықтары

Фото http://gift7.ru/ сайттан

Группамыздың айнымас бір дәстүрі болды. Ол жыл сайын “Құпия дос” ойынын ойнау. Бұл ойынның басты мақсаты әр өңірден жиналған бір-бір үйдің еркелері бір-біріне тез бауыр басып, бүкпесіз сыр ақтару үшін ұйымдастырылады. «Құпия дос» ойыны әр факультетте әртүрлі атаумен ойналады. Алдымен ойынға қатысушылардың есімдері жазылған жеребе тарқатылады. Сол жеребе бойынша түскен адамға, яғни өзіңіздің құпия досыңызға күн сайын сыйлықтар аттандыруыңыз керек. Мейлі ол хат болсын, мейлі ол қолдан жасалған зат болсын, әйтеуір титтей болса да қуаныш сыйласа болғаны. Бір қызығы сіздің кімге сый жасап жүргеніңізді ешкім біліп қалмауы тиіс. Ойынның уақыты әр қатысушының тілек-ұсыныстарына қарай белгіленеді. Біз 2 аптаға ойнайтын болып белгіледік…

****************************************
Жатақхана. Түнгі 12-ден өткесін есікті біреу тақылдатты. Ашсам ешкім көрінбейді. Тыпырлап жоғары қабатқа көтерілген біреудің аяқ дыбысы естіліп барып, жым болды. Сөйтсем, құпия досым сыйлық тастап кетіпті. Сусабын, сабын, тіс пастасы, не керек жуынуға қажетті заттардың бәрі бар. Хатыңда «мына заттар сіздің тәніңіздегі дақтарды кетіруі мүмкін, бірақ жүрегіңізге, жаныңызға түскен дақтарды ешуақытта кетіре алмайды. Сізді ешкім ренжітпесін, сіз де ешкімді ренжітпеңіз…» деп түйіндепті. Ұнады. Күн сайын сыйлық келеді. Хат жазыстық. Ой, қозғамаған тақырыбымыз қалмаған шығар. Ең ұнаған сыйлығы… Әйгілі диктор Сауық Жақан апайдың дәрісінен шыққанбыз. Курстас қыз «Әйгерім, осы жерде екі-үш минут аялдай тұршы, қазір келемін» деп жүгіре жөнелді. Қарасам… менің бойымнан үлкен етіп үрленген қызылды-жасылды, әр түрлі шарларды алып келеді. Әрбір шарға қанатты сөздер жазылған. Тағы да шар туралы хаты бар. 33 шар үрлегенінің себебін түсіндіріпті. Балалық шағым есіме түсіп кетті ғой… Жатақханаға екі-үш қыз көтеріп қайттық. Шарлар бөлмемде ұзақ уақыт жарылмай ілулі тұрды…

*******************************************
Маған Арнат есімді группаласым түскен. Қаланың баласы. Сыйлығын тек корпуста ғана беріп жіберуге тура келеді. Ал ойын жатақханада қызып жатты. Ду-ду күлкі, әзіл-қалжың, бәрі жарасымды. Сосын Әсел деген қызбен сырттай ойнағым келді. Өзі аңғал. Не айтсам да «мен енді саған сенбеймін» дейді де, сеніп қалады. Даяна екеуміз бір алманы ортасынан қақ бөліп, «Әсел, достар өле жегенше бөле жейді, мына алманың жартысын мен жедім, жартысы саған…» деп хат жазып, есігіне жабыстырып кеттік. Ертеңіне сабақта кім қандай сыйлық алғаның жарыса айтып жатса, Әселіміз «маған бір алма беріп кетті» деп қарап тұр. Біз оған жарты алма берген сияқты едік. 1 кг алма ма?- деп қайта сұрадық. –Жоқ, бір алма. Жарты алма деп айтпады ақыры. Ұялған болуы керек… Әселге бірнеше күн бойы жарты нәрселер беріп, әсерін сырттай тамашалағанымыз бар…

****************************************

Бұл ойынға біздің оқытушыларымыз да үлкен ықылас білдірді. Сөйтіп келесі ойынға ұстаздарымызды да қосып алдық. Ең қатал деген апайдың құпия досына жазған хаттарын оқып, мүлде басқа бейнені, жүрегінің кеңдігі мен мейірімділікті көрдік. Бір аптаға созылған екінші «Құпия дос» ойыны оқытушы мен студенттің арасындағы байланыстықты, достықты нығайтты десек те болады. Ойынның соңында үздік хат иесі мен ең көп сыйлық жасаған адамдарды марапаттадық. Ойынның жай-жапсары мен әрбір күні кино лентасындай көз алдымнан өтіп, тізе беретін түрім бар. Ең бастысы бұл ойын студенттік өмірдің ең қызықты, қайталанбас шақтары болып әрбіріміздің есімізде қалары анық. Сіздер группаластарыңызбен қандай ойын түрдерін ұйымдастырасыздар? Қайта айналып келмейтін студенттік шақтың әсерлі, думанды, көңілді өтуі үшін қандай үлес қосып жүрсіз?..

Добавить комментарий

Your email address will not be published.
Required fields are marked:*

*